«Documentolog» ЖШС «Самұрық-Қазынаны» қалай бопсалады?
29 маусым күні Nege.kz порталында «Самұрық-Қазынаны» «сауын сиыр» жасаған кім?» деп аталатын мақала жарияланған. Онда «Documentolog» ЖШС «Самұрық-Қазынаны» қалай теспей сорғанын жазғанбыз және Қор басшылығына редакция атынан ресми сауал жолдағанбыз.
Осы мақала жариялданған соң «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарушы директоры Дәурен Керейбаевтан төмендегідей жауап келді.
«Самұрық-Қазына» Қоры компаниясында электронды құжат айналымы жүйесін (ЭҚЖ) енгізу 2015 жылы басталды. Дәл сол cәттен бастап «Documentolog» ЖШС негізгі тапсырыс орындаушы болды. Әріптестерім берген дерек бойынша, «Documentolog» ЖШС Қордың топтарына электронды құжат айналымы жүйесін 45% көлемінде енгізген. Негізгі тапсырыс берушілер – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазпочта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ. Осы ретте «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның өзге өнім өндірушінің бағдарламасын пайдаланатынын хабарлаймыз.
Компаниялардың осы бағдарламаға жұмсаған шығындары жыл бойынша төмендегідей:
2016 – 1 598 мың теңге
2017 – 1 144 мың теңге
2018 – 1 422 мың теңге
Өздеріңіз байқағандай, жыл өткен сайын шығындар азаюда, бірақ ол қызмет сапасына әсер етпеді. Оны карантин мен қашықтан жұмыс істеу кезіндегі жұмыс барысы көрсетті.
Сіздің редакция «Documentolog» ЖШС бәсекелестік негізіндегі сатып алуларға қатысты ма? деген сауалды жолдаған еді. Бұл компаниямен келісім зияткерлік меншікке қатысты ерекше құқыққа ие жалғыз тұлға ретінде жасалған.
Бірақ 2019 жылы Қор нарықты зерттей келе, «IT бағдарламамен қамтамасыз ету» санаты және «ЭҚЖ» санаты бойынша конкурстық негіздегі жаңа сатып алу стратегиясын енгізді. Кез келген категориялық стратегия секілді бұл шара баға бойынша ашықтықты және орындаушыны жұмыс құнының ең төменгі бағасы бойынша таңдауды қамтамасыз етеді. Стратегияны әзірлеу барысында ақпараттық қауіпсіздік деңгейі жоғары, баға қалыптастыру және лицензия саясаты ашық әрі түсінікті 12 отандық компанияны қарастырдық. Бұл шара отандық компанияларға ашық, тең жағдайда өздерінің электронды құжат жүйесі бойынша шешімдерін ұсынуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.
Біз орындаушыға мұның жағымсыз тосын жайт болғанын түсінеміз, бірақ ол да біз күтпеген зор жағымсыз қарымта әрекетке барды. Түсініксіз шешімдерінің бірі ретінде, Қазақстандық электронды мәліметтерді өңдеу орталығының интегралды шлюзінің қызметіне шығар жолды жауып тастағанын атауға болады. Соның кесірінен Қор тобындағы компаниялар бір бірімен электронды хат алмасудан қалды.
Дегенмен категориялық стратегия енгізіліп қойғанын және ол шешімді ешкім бұзбайтынын хабарлаймыз. Біз сонымен бірге Қорды осылай бопсалауға да жол бермейміз. Қуанышымызға қарай, таптырмайтын өнім өндіруші немесе орындаушының қатары жыл өткен сайын сиреп келеді.
Дәурен Керейбаев, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарушы директоры.