«До мажор» тобының экс мүшесі өнерден өз орнын таба алмай жүр

Осыдан 13 жыл бұрын Сәкен Майғазиевтің продюсерлігімен «До мажор» тобы құрылып, Ермек Мұқашев, Роман Майғазиев, Саламат Сырттанбеков халыққа кеңінен танылған еді. Әсем әндерінің арқасында тыңдармандардың қошеметіне бөленді. Бірақ топ көп ұзамай жұмысын тоқтатты.
Кезінде әншілер тележүргізуші болып, вайнерлер әлі актер болып кетпеген шақта жұлдыздары жанған «До мажор» тобының экс мүшелері сахнадан көрінбесе де әлі күнге дейін өнердің айналасында жүр. Тасада қалған бұрынғы хитмендер шығармашылығын қайта қолға алмақ.
Саламат Сырттанбеков, «До мажор» тобының экс әншісі: Топ тараған соң менің шығармашылығым тоқтап қалды. Бір жылдай қалада болған жоқпын. Қаражат қамымен басқа қалаға барып, жұмыс жасадым. Бір жылдан соң өнерге қайтып келдім. Осы уақытқа дейін 10 шақты ән жазыппын.
Саламат Сырттанбеков аты аталған топқа 2012 жылы келген. Десе де көп ұзамай екі жылдан соң ұжым жұмысын тоқтатқан еді. Содан бері әнші өнерден алыстай алмай, қолы қалт етсе уақытын ән жазумен өткізген.
Саламат Сырттанбеков, «До мажор» тобының экс әншісі: Көп әндерді жаза бермеймін негізі, талғампазбын өте. Әнді таңдау мен толғанып жазу үшін 2-3 ай уақыт кетеді. Кейбір әншілер бар туындыны алады да 1 аптада тез жаза салады. Мен көп толғанатын әншімін. Шығармашылығыма көңілім тола бермейді. Жазған әнімді ұзақ тыңдай алмаймын. Керек емес кезде ұялып қаламын.
Өнер иесінің табиғатынан бар ұяңдығы шоу бизнесте танымал болуына кедергі жасап жүрсе керек.
Саламат Сырттанбеков, «До мажор» тобының экс әншісі: Әндерімнің көбісі өзіме қарағанда басқаларға көбірек ұнайды. «Сенде бар ғой. Мына әнді неге шығармайсың?» - деп айтады. Жалпы бір қызығы, осы уақыттың ішінде әндерімді шығарыппын да, интернет желісіне салмаппын ғой. Өзіме пиар, хайп жасап көрмеппін.
Бүгінгі таңда «әу» дегеннің бәрін әнші санайтындардың қарасы көбейгені жасырын емес. Әншілердің өнердегі жолын жеңіл деп ойлайтындар да баршылық.
Саламат Сырттанбеков, «До мажор» тобының экс әншісі: Жалпы жылтырға бәрі құмар дейді ғой. Беті жылтырап жүрген әншілерді ойлайды өмірі бал екен деп. Олар әлеуметтік желіге салмайды ғой қиналып жүргендерін, күйзелістерін. Мен де өзім басқа салада жүргенде көп еститінмін. «Ой әншілердікі оңай ғой, ана тойға барып, мына тойға барып ақшаны жеңіл табады»,- деп айтады. Бірақ негізі оңай дүние жоқ. Шабыт кез келген уақытта келе бермейді.
Ендеше, Саламат мырзаға шабытыңыз шау тартпай, өнердің шыңына шыға беріңіз дейміз!