Қазақстанда 20 маусымда жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталады
ҰБТ тапсырып, мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер 20 маусымнан бастап жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға құжаттарын тапсыра алады. Құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Ал мемлекеттік білім беру грантын алуға үміткер талапкерлер үшін гранттар конкурсына қатысуға өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады. Талапкерлер құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн түрде немесе виртуалды қабылдау комиссиялары я болмаса eGov порталы арқылы онлайн тапсыра алады.
Мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі 2026 жылғы 10 тамызға дейін жарияланады.
Сонымен қатар ведомство өкілдері ең төменгі шекті балдар өзгеріссіз қалғанын еске салды. Атап айтқанда:
- Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті балл – 65 балл;
- басқа ЖОО-ларға 50 балл;
- «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл;
- «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл.
«"Қазақстан тарихы" және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні мен (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алатынын айта кеткен жөн», – делінген министрлік хабарламасында.
Талапкерлер шығармашылық емтихандар өткізу тәртібі, білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері, оқу шарттары, жатақханамен қамтамасыз ету және оқуға түсуге қатысты сұрақтарды өздері таңдаған жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан біле алады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен жекеменшік оқу орындарының қожайындары туралы деректер ұсынған едік.