Әл-Фарабидегі апат: қаза болған қыздың әкесі Александр Пакке кешірм бермейтінін мәлімдеді
Әл-Фараби даңғылында үш адамды мерт қылған жол апатына қатысты іс бойынша Алматыда кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Астана, NEGE. Сотта судья Еркін Майшинов Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотқа жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шөтеновті де жәбірленуші ретінде тану туралы өтінішхат түскенін мәлімдеді, деп жазады Zakon.kz желілік басылымы.
Сотта марқұмның әкесі Рүстембек Шөтенов судьяның сұрақтарына куәгер ретінде жауап берді. Оның айтуынша, 2025 жылы дүниеге келген Томирис отбасында бес баланың екіншісі болған. Ата-анасы 2018 жылы ажырасып кеткен, ал Томирис әкесінің де, анасының да үйінде кезекпен тұрған.
Ал қайғылы жағдай болған күні Рүстембек Шөтенов, өзінің сөзінше, Талдықорғанға бара жатқан. Жолда полиция қызметкері хабарласып, қызы Томиристің жол-көлік оқиғасынан қаза тапқанын жеткізген.
Әкесі дереу кері қайтып, мәйітханада бас сүйегі ашылып, бел тұсы ауыр зақымданған қызының мәйітін танып, жерлеу рәсіміне кірісіп кеткен.
Сол кезде бұрынғы әйелі түсініктеме беру үшін полиция департаментіне барған.
«Келесі күні, Наурыз мерекесінде, біз оны (Томиристі – ред.) жерледік. Кешке бір топ жас жігіт келіп, кешірім сұрады. Олар өздерін Александр Пактің жақындарымыз деп таныстырды. Бірақ мен оларды қуып жібердім. Осыдан кейін олар бұрынғы әйеліме барған», – дейді Рүстембек Шөтенов.
Сондай-ақ ол сотта айыпталушы Александр Пакке ешқандай кешрім бермейтінін жеткізді.
Сотта Рүстембек Шөтеновтің атынан берілген өтінішхат қанағаттандырылып, ол іс бойынша жәбірленуші ретінде танылды. Алдағы сот процесіне оның адвокаттары да қатыстырылатын болды.
Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні Алматының әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан үш адам – Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы қыз қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан.
Сотта Александр Пак аздап сыра ішкенін, алайда мас болмағанын, сондай-ақ апат алдында көліктен ақау белгілері байқалғанын айтты. Бұған қоса ол өз кінәсін толық мойындап, заңға сай жазасын өтеуге дайын екенін мәлімдеді.