Референдум Референдум
25 Шілде 14:26
...

ДЕПУТАТ: Неше түрлі ірі ҚЫЛМЫСТАР ашылуы мүмкін

Фото:

Олигархтардың заңсыз активтерін қайтарудың заңдық негізі қаланып, бұл іспен тікелей айналысатын арнайы комитет құрылып та үлгерді. Сөз жоқ, қолды болып, шетел асқан ел қазынасын қайтару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының басымдық берген бағыттарының бірі болмақ.

Референдум

Одан кейінгі кезекте елдегі ірі және ұсақ активтердің жеке қолға қалай өткенін тексеру мәселесі тұр. Бұл ұзаққа созылатын саяси науқан барысында талай ірі қылмыстың беті ашылуы ғажап емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ NEGE-ге берген сұхбатында егжей-тегжейлі баяндап берді.

Е.Бапи. Фото: ғаламтордан

– Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет қалай жұмыс істемек? Құрамына кімдер кіреді?

Қабылданған заң бойынша, активтерді қайтару жөніндегі комитет Бас прокуратураның құрамында жұмыс істейді. Бірақ бөлек құрылым ретінде. Құрамында күштік құрылымдардың басшылары, жетекшілері бар. Президенттің соңғы шыққан жарғысында бас-аяғы 115 адам жұмыс істейді деп көрсетілген. Әзірге құрамында кімдер бар екенін нақты айта алмаймын.

Менің ойымша, жаңадан құрылған, бұрын-соңды болмаған құрылым болғандықтан, халықаралық қаржылық институттармен жұмыс істей алатындай біліктілігі бар, ағылшын тілін жетік білетін, шетелдік юрисдикциялармен жұмыс істеуге қабілетті мамандар топтасу керек. Бұл комитет туралы мендегі мәлімет осындай.

Бас прокуратураның құрамында құрылатындықтан, оған президент әкімшілігінің ықпалы болады. Өйткені, активтерді қайтару, елде әділеттілікті орнықтыру жөніндегі осы заңның негізгі бастамашысы – ел президенті Тоқаев мырза. Бұл мәселе президент әкімшілігі жұмысының басты бағыты болады деп білемін.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін олигополия туралы ойын ашық айтты. Шетелдегі заңсыз активтерді елге қайтару туралы бастама көтерді. Бұл мәселе туралы заң қабылданып, енді комитет құрылып жатыр. Мұның бәрі осы бағыттағы жүйелі саясатты көрсете ме? 

– Әрине, өткен жылы қараша айында президенттің заң шығару үшін арнайы комитет құру жөнінде нұсқауы болған. Мұның ең негізгі мақсаты – Қазақстанның өз ішіндегі және сыртқа жылыстаған елдің байлығы мен қазынасын қайтару. Комитет елде әлеуметтік әділеттілік орнатудың бір құралы ретінде қолданылуы керек. Бұл – қазіргі президенттің саясатындағы ең басты мәселелердің бірі. Себебі, әлеуметтік әділеттілік дегенде, кезінде Қазақстанды тонаған, байлығын иемденіп алған 162 адам – елдегі заңсыздықтың негізгі кейіпкерлері. Қалған 19 миллион халық ұлттық байлықтардың бәрінен кенде қалды деп есептеуге болады.

Сондықтан, меніңше, президенттің басты мақсаты – әлеуметтік әділетті орнату үшін кезінде ұрланған, талан-таражға түскен, әртүрлі  схемалармен сыртқа кеткен, жекешелендірілген ұлттық активтерді қайтару.

Фото: ғаламтордан

– Бұл заңды қабылдадыңыздар. Депутаттар демалысқа кеткеннен соң, екі-үш күннен кейін Тоқаев қол қойды. Бұл заңда тек қана шетелге кеткен активтер туралы ғана айтыла ма, әлде бұған Қазақстандағы заңсыз жекешелендірілген активтер де кіре ме? Мәселен, көптеген университеттердің және басқа да мекемелердің жерлері мен ғимараттары да заңсыз жолмен біреудің иелігіне өтіп кетті дегендей...

– Бұл – активтердің ішіндегі ұсақ-түйектері. Қазақстанның байлығынан әртүрлі схема бойынша клептократтар иеленіп кеткен игіліктер миллиардтармен есептеледі. Мәселен, «Қазақмыс» шетелде емес, Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияның қалай жекешеленгені, жеке қолға қалай өткені де тексерілуі керек деп ойлаймын. Осы секілді «Испат-Кармет» те бар. Миллиард тұратын құндылықтар тиын-тебенге шетелдіктердің қолына өтіп кетті. Бұл жөнінде арнайы құрылым тексеру жүргізуі тиіс.

Қазақстаннан жылыстаған активтер тек қана шетелде емес, Қазқастанстанның өз ішінде де құйтырқылықпен жеке қолға өткені белгілі.

Ғимарат туралы айтатын болсақ, министрліктердің бәрі кезінде Алматыда болды. Астана Ақмолаға көшкеннен кейін ол ғимараттардың бәрі босап қалды. Президенттің іс басқармасына қарайтын шаруашылық басқармасы құрылды да, бос ғимараттардың бәрін өздеріңіз білетін Ни деген азамат иемденді. Әрине, ол жеке именденген жоқ. Назарбаевпен ымыра бойынша жекешелендірілді. Осының бәрі тексеруден өтуі тиіс. ҚБТУ ғимараты Құлыбаевтардың қолына қалай барғаны да тексерістен өтуі қажет. Осы сияқты тексерілетін нәрселер көп. Бұл бір-екі жылда аяқталатын шаруа емес. Кемі он жылға созылатын науқан болуы ғажап емес.

– Демек, осы жаңа заң сырттағы және іштегі активтерді де қайтаруды көздейді ме?

– Әрине,  әзірге қандай сомадан жоғары активтердің тексеріске түсетіні айтылған. Ірі активтер бірінші кезекте. Ұрлануының, жекеменшікке өтуінің анық-қанығы тексерілгеннен кейін біртіндеп кіші активтерге де кезек келеді. Мәселен, ҚазҰУ жері, Алматы айналасындағы резиденцияларға да жетеміз деп ойлаймын.

– Іріден бастап, ұсаққа өтеміз дейсіз бе, сонда?

– Президенттің шетелдегі активтер туралы жарлығы шыққан соң, оларды жан-жаққа тыға бастады. Әр түрлі жолдармен екінші, үшінші қолға өткізді. Кейбірі сатылып кетті, сатып алғандар адал сатып алушылар болуы мүмкін. Осының бәрін түгелдей зерттеп, тексеріп, сот арқылы шешілуі қажет. Өз еркімен қайтарып жатса, құба-құп. Сондықтан бұл ұзаққа созылатын қаржылық науқан деп ойлаймын.

Фото: ғаламтордан

– Назарбаевқа қатысты қызық жайт болып жатыр. Уақыт өте келе бұрынғы президент  мәртебелерінен біртіндеп айырылып жатыр. Неге бәрі бірден болмады? Неліктен үрдіс баяу жүріп жаты? Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Бұл нені көрсетеді?

– Жеке басқа табынушылық мәселесі, «елбасының» диктатурасы бір жылда қалыптасқан дүние емес. Отыз жыл демесек те, соңғы 25 жыл бойы қалыптасқаны анық. Қоғамға біртіндеп зорлықпен таңылған дүние. Әрбір нәрсе «елбасының» атына таңылып, ұрлығы да, атақтары да заңмен бекітілген. Кейбір заңдарын Конституцияға әкеп тіркеді. Мұның бәрін бір сәтте қиратып тастау мүмкін емес.

Оның үстінде, көп нәрсе Тоқаевтың азаматтық ұстанымына да байланысты. Астана күнінде «Елорданың салынуында, қалыптасуында бұрынғы президенттің рөлін атап өтуіміз керек» дегенді айтты. Экс-президент Астананы өз қалтасынан қаржы шығарып салмаса да, Астананы солтүстікке көшіріп, қазақтың санын арттырды. Тоқаев осыны меңзеген секілді. Әйтеуір, сөзінің астарынан соны аңғаруға болады.

Бір ғана жарлықпен бір күннің ішінде өзгертуге болады. Бірақ Тоқаев  «бір күнде күрт өзгеріс жасаудың залалы бар» деген ұстанымда секілді. Десе де, Назарбаев қоры, Назарбаев университеті, Назарбаев мектептерінің мәселесі қайта қаралып жатыр. Отыз жыл қалыптасқан дүниені бір күнде қирату мүмкін емес.

– Сыртқа өте қомақты қаражат кеткенін білеміз. Олардың иелері кімдер екенін де жіпке тізіп айтып бере аламыз. Оның ішінде, Назарбаев отбасынан бөлек, Мемлекет басшысы айтқан 162 адам бар. Олардың дені ешқайда кеткен жоқ. Осында. Ұрлықы ақшаны шетелге жасырған адамдарға кеңшілік жасап, олардың өз еркімен қайтарғанын күтіп жүрміз бе? Әлде оларды шетінен сотқа тартамыз ба? Сонда, бұл мәселе қалай шешілмек?

– Заңда «азаматтық келісім» деген арнайы бап бар. Ұлттық қазынаны иемденіп, заңсыз байыған адамдарға өз еркімен ақшаны елге қайтаруға мүмкіндік те беріліп отыр. Дегенмен, әлдебір олигарх шетелге бес миллиард доллар шығарса, оның бәрін азаматтық келісім арқылы қайтармайды. Бұл анық. Ары кетсе, 100-200 миллионын қайтарып, қалғанын жасыруға ұмтылады. Заң олигархтарға тәубеге келуге мүмкіндік беріп отыр. «Өз еркіңмен қайтар. Әйтпесе, сот арқылы қайтарамыз» деген пәрмен де бар.

Комитеттің жұмысы барысында неше түрлі қылмыс ашылуы мүмкін. «Актив иелерінің қазасына кейінгі иелерінің ықпалы бар ма, жоқ па?» дегендей. Ірі қылмыстық істер қозғалуы мүмкін. Бәрі комитет мүшелерінің ерік-жігеріне, Президент саясатын жүзеге асыру үшін қаншалықты батыл әрі адал қызмет атқаруына байланысты.

Қазір біз Парламент тарапынан осы комитеттің және комиссияның жұмысын  бақылауға аламыз. Депутаттардың арасында осындай келісім бар. Күзгі сессия кезінде депутаттық топ құрып, екі-үш бағытта уағдаласып жатырмыз. Мақсатымыз – үй ішінен үй тігу емес, «Жаңа Қазақстан» идеясына көмектесу.

Жасыратыны жоқ, билікте ескі бюрократиялық кадрлар отыр. Кадрлық саясатта сылбырлық бар. Президент саясатына саботаж жасалуы ықтимал деп ойлаймын. Сондықтан Жаңа Қазақстанның қалыптасуына ықпал етеміз деп есептеймін.

Тегтер:
Референдум