Бұрынғы Қорғаныс министрі Бектанов не үшін ұсталды? – Сарапшылар пікірі

Қанды қаңтар оқиғасы әлі жаңғырып тұр. Бүгін бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың тұтқындалғаны белгілі болды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 452-бабы – «қызметіндегі әрекетсіздік» ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Ол қазір уақытша оқшаулау орнына қамауға алынған. Ресми органдар таратқан там-тұм ақпарат осы.
-
Тақырыпқа орай: Бұрынғы Қорғаныс министрі ұсталды
Десе де, кейбір бейресми дерек көздері мәселе әріде жатқанын айтады.
ZTB.kz-тің хабарлауынша, Мұрат Бектановқа қазір «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып тағылған көрінеді. Ол қаңтар оқиғасы кезінде астыртын әрекетке көшкендерге көмектесіпті. Бектанов басқарған Қорғаныс министрлігі стратегиялық нысандарды дер кезінде қорғауды қамтамасыз етпеген. Тіпті, бірнеше күн бойы қараусыз қалдырған.
Бұл дерек көзінің пікірінше, министрдің әрекетсіздігі астыртын әрекет етушілерге таптырмас мүмкіндік берген. Сондықтан да ҰҚШҰ-ға жүгінуге тура келіпті. Бейбіт азаматтар дәл осы әскерилер жауапты аймақта оққа ұшқан.
Бектановтың тұтқындалуының тасасында «елді сыртқы жаулардан қорғауы тиіс әскердің ішкі толқуларды басуға қатысуы қаншалықты орынды?» деген сауалдың да басы қылтияды. Бұл туралы саясаттың төңірегіндегі азаматтардың пікірін сұрадық.
Дос Көшім, саясаткер:
ҰҚШҰ әскерін шақыруды ақтау секілді
– Әлемде елді сыртқы жаудан қорғауға тиіс әскерді ішкі мәселелерге араластырмайды. Кейбір елдердің заңдарында анық жазылса, кейбір елдерде аксиома ретінде қарастарылады. Сондықтан қарулы күштер іштегі былықтарға, террорлық әрекеттерге араласпайды.
Бұрынғы министр араласпауға тырысқан да шығар. Оған тікелей бұйрық берілді ме, жоқ па? Бұйрық беріліп, ол орындалмаса, белгілі бір жазаға тартылуы тиіс. Кейде бұйрықты дұрыс орындай алмауы, салғырт қарауы да мүмкін. Әлі де болса, әліптің артын бағу керек. Қазір кесіп-пішіп сөйлеу қиындау.
Меніңше, мұның бәрі ҰҚШҰ әскерін шақыруды ақтау секілді көрінеді. «Осыншама опасыздар болды. Оларға сенбегеннен кейін осындай қадамдарға бардық» дегендей. Осыған негіздеменің өте орашолақ түрін көріп отырмын.
Бізде әдетте бірдеңені жасайды да, соңынан соған дәлел іздейді. Өз басым осылай деп ойлаймын. Сол кезде Тоқаев бір емес, екі рет «Алматының түбінде қиян-кескі соғыс болып жатыр» деп айтты. Ол жөнінде қазір бірде-бір әңгіме қозғалмайтын болды.
Ең қызығы, осы кісіні мақтап-мақтап министр етіп Президенттің өзі отырғызды. Тоқаевтың бұрын жаман аты шықпаған жаңа адамды әкелгеніне іштей разы болған едім. Бірақ мемлекет деңгейіндегі опасыздық жасалды ма, оны тергеу-тексеру көрсетеді. Өз басым, Қазақстандағы тергеу-тексерулерге сенбейтін адаммын. Өйткені, саяси бағыт басым түсіп жатады.
Андрей Чеботарев, саясаттанушы:
Күштік құрылымдар кімге бағынарын білмей дал болды
– Менің де сұрақтарым көп. Десе де, қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығын орындамаған тәрізді. Барлық күштік құрылымдар Қауіпсіздік кеңесіне қарайды. Ол кезде бұл кеңестің тізгіні Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында болды. Барлық күштік құрылымдар кімге бағынуы керек екенін білмеді.
Президенттің қорғаныс министріне қандай тапсырма бергенін айта алмаймын, бірақ Президент сол кезде тек қана ІІМ тарапынан ғана қолдау тапқан секілді. Өйткені, полиция ғана шерушілерге, әсіресе, қолына қару ұстап көшеге шыққандарға қарсы тұрды. Әскер болса, соның ішінде бұрынғы қорғаныс министрі Президенттің нұсқауларын назардан тыс қалдырды. Себебі, ол Қауіпсіздік кеңесінің – Назарбаевтың нұсқауларын күтті.
Төтенше жағдайлар туралы заңның 14-бабында қандай жағдайда қарулы күштер қолдануға болатыны нақты көрсетілген. Мұндай 5 жағдай бар екен. Соның бірі – заңсыз қарулы құрылымдардың жолын кесу. Меніңше, Президент Қорғаныс министрінен осы заңға сәйкес қатысуды бұйырғанда, ол мен айтып өткен жағдайға байланысты бағынбаған секілді.
Бұл жерде бұрынғы қорғаныс министрі төңкеріс жасауға қатысты деген сөз болмады. Мемлекет басшысына бағынбау туралы әңгіме өрбіді. Қорғаныс министрі не тұңғыш президентке, не қазіргі президентке бағынарын білмей дал болған тәрізді.