17 Қазан 17:10
...

Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек

Фото:

 Елімізде 5 қараша күні 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдері сайлауы өтеді. Бұған дейін ауыл, кент, аудан әкімдерін жергілікті тұрғындардың өзі сайласа, енді «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау алғаш рет мәслихат бекітіп берген жерлерде пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ.

Сонымен, саяси реформалар аясында қолға алынған еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру жұмысы қандай нәтиже бермек? Президент Қ.Тоқаев соңғы жолдауларында демократиялық үрдіске қадам басу керектігін әлденеше рет айтып жүр. Ендігі кезек – аудан әкімдерін сайлауға да келді. Айта кету керек, президент 2021 жылғы 25 мамырда «Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңға қол қойып, нәтижесінде ауыл әкімдерін жергілікті тұрғындар дауыс беру арқылы сайлау құқығына ие болу мүмкіндігі туды. Тіпті, әкім болғысы келген  азамат өзін өзі ұсына алады.

Оларға қандай талап қойылады? Біріншіден, үміткердің жасы 25 жастан жоғары болуы болуы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі міндеттелмейді. Демек, кез келген салада кемінде 2 жыл бойы елу адамнан тұратын ұжымды басқарған азамат өз кандидатурасын ұсына алады. Нақтылай кетсек, кандидаттарды ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну арқылы жүзеге асады.

Қазірдің өзінде 17 облыстың мәслихаты сайлау өткізетін аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізімін бекітіп қойды. Сондай-ақ, 15 қыркүйектен кандидаттарды тіркеу жұмысы басталып, 10 қазанда аяқталды. Қолда бар мәліметтерге көз жүгіртсек, бүгінде 249 үміткер тіркелсе, оның 64 пайызы өзін-өзі ұсынғандар қатарында. Олардың ең жасы 27-де, орташа жасы – 47-де. Алдын ала болжам бойынша бір орынға 9 үміткер бақ сынайды. Тағы бір дерек, 249 үміткердің 13-і әйел.

Бүгінде тіркелген азаматтар 24 күнге жалғасатын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Ал сайлауға республикалық бюджеттен қаржы бөліну қарастырылмаған. Есесіне, жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінетіні айтылды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, үміткерлердің 63 пайызы әртүрлі салада жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер, ал 15 пайызы – коммерция құрылымында еңбек ететін азаматтар, сондай-ақ 10 пайызы – бюджеттік сала, 7 пайызы – жұмыссыз.

Орталық сайлау комиссиясы мүшелері 9 өңір, атап айтқанда Ақмола, Алматы, Атырау, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы 24 пилоттық аудан мен қалаларға барып, сайлауалды дайындықпен танысып қайтты. Бұл кездесуде жалпыхалықтық референдум барысында іске асырылған конституциялық реформаға жан-жақты тоқталып, сайлау органдарының құрылымы, сайлау үдерісінің ерекшеліктері, жергілікті және халықаралық байқау институты және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлауды бай­қау жөніндегі ұсыныстарын айта келе, тікелей сайлауда сайланған 25 ауыл әкімімен жүздесу өткізді. Сондай-ақ, «Аудан әкімдерін тікелей сайлау – мүлдем өзгеше сайлау» деген Нұрлан Әбдіров алда өтетін 42 аудан және 3 облыс­тық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауын өткізудің маңызды екенін еске салды. Ал өңір жұрты, біріншіден, аудан, қала әкімі өз ісіне жауапты, білімді, жергілікті жердің қыры мен сырын жетік білетін, ауыл-аймақтың мәселесіне қанық азамат сайланғаны жөн деп тарқасты.  

Қайрат БАЛАБИЕВ, Парламент мәжілісінің депутаты:

Жаңа Қазақстанды өз ісіне адал, әділ қызметкерлер басқаруы тиіс

   – Еліміздің саяси жүйесіне реформа жүргізу – құптарлық іс. Саяси жаңашылдық енгізілмесе, экономика да, әлеуметтік сала да ілгері дамымайды. Жаңа Қазақстанды өз ісіне адал, әділ қызметкерлер басқаруы тиіс. Оларға қойылатын талапты күшейткен абзал. Осы тұрғыда аудан, ауыл әкімдерін сайлау да үлкен леп. Алғаш рет пилоттық жоба ретінге өткізілетін сайлау өз нәтижесін береді деп сенемін. Жалпы, әкім сайлау бізге таңсық емес. Бұрын да қазақ әркез би, болысты, ханды сайлап отырған. Бұл үрдіс жаңарып, жаңғырып жатса, саяси реформаға едәуір серпін емес пе?! Былтырдан бері 1000-нан аса елді мекенде өткен сайлауда 603 ауыл округінің әкімі сайланды. 215 азамат өзін-өзі ұсынып, қалғаны қайта сайланған.

Жергілікті тұрғындардың әкімді өзі таңдап, өзі сай­лауы – демократиялық қоғамға талпыну. Ең алдымен  халық өзі сайлаған әкімге сенім артып, үміт күтеді. Егер нәтиже көрсетпесе, мерзімінен бұрын орнынан алып тастауға құқық берілген. Бұдан кейін сайланған әкім тұрғындарға өкпе арта алмайды, халық та өзі таңдаған әкіміне ренжімеуі тиіс. Сон­дық­тан кез келген сайланған әкім ұлтқа, халыққа қызмет етуі керек. Президент те әкімнің ел алдындағы қызметіне қарап бү­кіл мемлекеттік басқару жүйе­сінің тиімділігін бағалайтынын бекер айтқан жоқ. 

Тегтер: