1 Желтоқсан 09:02
...

Декреттегі әкелер Алматы мен Астанада көп, ал Ұлытауда өте аз

Декреттегі әке
Фото: ЖИ

Өткен аптада Қазақстан Парламенті Мәжілісінде зейнетақы заңнамасына енгізілетін өзгерістер төңірегінде қызу әңгіме өрбіді. Алғаш рет Қазақстанда ер азаматтарға да 12 жасқа дейінгі баласына қараған уақытын аналар сияқты толыққанды еңбек өтіліне қосу құқығын беру ұсынылды.

Елімізде ер адамдар да бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыға алады. Бұл туралы ақпарат Еңбек кодексінде нақты көрсетілген, алайда көпшілігі бұл мүмкіндікті пайдалана бермейді. Дегенмен декретке шығып жатқан ер-азаматтар да жоқ емес.

Естеріңізде болса, 2020 жылы Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиевтің декреттік демалысқа шыққаны мәлім болған еді. Сол кезде жұрттың бұл жағдайға таңырқай қарағаны бар. Бірі мұны жақтаса, бірі даттап жатты. Бұдан аңғарғанымыз, «декреттегі әке» мәртебесіне біздің қоғам әлі үйрене қойған жоқ .

Бүгінде ер адамдар түрлі жағдаймен декретке шығып жатыр. NEGE тілшісі декреттегі ер-азаматтардың бірнешеуіне хабарласып, сұхбаттасты. Өзінің декреттік демалысындағы тәжірибесімен бөліскен әкенің есімі – Ержан. Ол декреттегі әке ретінде әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізіп, пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырады.

Ержан Имамадин
Ержан Имамадин, Фото: инстаграм парақшасынан

«Декретке шыққаннан кейін барлық анаға құрметім артты»

«Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Қазір жұбайыммен және баламызбен Орал қаласында тұрамыз. Әйелім осында жұмыс істейді, ал мен баламен үйдемін. Бұған дейін БАҚ саласында графикалық дизайнер болып қызмет еттім, бірақ жалақым отбасы қажеттілігін толық өтеуге жетпеген соң, жұмыстан кетуге тура келді», – дейді Ержан Имамадин.

Ержанның айтуынша, әйелі екеуі мұндай шешімді ақылдасып қабылдаған.

«Мен жұмыстан кетіп, әйелім жұмысқа шығуға мәжбүр болды. Баланы 5-6 айлығына дейін өзі қарап отырды. Ол мансап жолында жүрген адам болғандықтан, үйде отыра бермей, қайтадан жұмысқа шыққысы келді. Сөйтіп, ақылдаса келе, баланы мен қараймын, ал ол жұмысын жалғастырады деп шештік», – дейді кейіпкеріміз.

Ержан жұмыстан өзі шыққандықтан, ресми декретті өз атына рәсімдей алмаған.

«Біздің жағдайда мен жұмыстан шығып кеткендіктен, декреттік демалысты өз атыма рәсімдемедім. Әйелім декретке өткен кезде еш қиындық болмады. Оған бала 5–6 айлық болғанға дейін жәрдемақы тұрақты түсіп отырды. Кейін ол жұмысқа шыққан соң бұл төлем тоқтады. Әрине, жәрдемақы толыққанды жалақының орнын баспайды. Дегенмен отбасы бюджетіне аз да болса үлес қосады, баланың қажетті заттарын алуға жетеді. Әйеліме шамамен 170 мың теңге көлемінде төлем түсіп отырды», – дейді ол.

Ержанның айтуынша, олардың бұл шешіміне жақындары түсіністікпен қараған.

«Біздің қоғамда «тек әкелер жұмыс істейді, аналар үйде отырады» деген ұғым қалыптасып қалғандықтан көбі әртүрлі қабылдады. Кейбірі таңғалғандай болды. Жақындарым түсіністікпен қарады. Себебі, олар біздің басымыздағы жағдайды білді», – дейді декреттегі әке.

Ержан Имамадин әлеуметтік желіде өте белсенді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына декреттегі әкенің күнделікті өмірін көрсетіп отырады.

«Әлеуметтік желілерде декереттегі әке ретінде парақша жүргіземін. Басында тек күнделікті атқаратын жұмыстарымды салып жүрдім. Кейін бұл көп әкеге пайдалы екенін түсіндім. Көбі қызығушылық танытты, қолдау білдірді. Әсіресе, аналар тарапынан көп қолдау болды», – дейді Ержан.

Декреттегі әкенің әр күні жоспарланған. Таңғы сағат 8:00-9:00 шамасында Ержан ұлымен оянады. Таңғы асты бірге ішкеннен кейін олар ойнауға және баланы дамытатын жаттығуларға кіріседі. Күндізгі ұйқы мен түскі ас, серуендеудің барлығы – әдеттегі күн тәртібінің бөлігі. Дүйсенбі мен бейсенбі күндері Ержан ұлын бассейнге алып барады. Кешкі тамақтан кейін анасы келеді, олар бірге уақыт өткізеді. Осылайша бір күн зырлап өте шығады.

«Мен үшін алғашқыда түнгі ұйқымды қию қиын болды. Бала түнде бірнеше рет оянады. Қазір үйреніп кеттім. Баланың қасынан екі елі ажырамай қарап жүрсең де, бір сәтке басқа жаққа алаңдап қалсаң, ол  жоқ болып кетеді. Үйде мысығымыз бар, бір қарасам бала мысыққа қарай жүгіріп, құйрығынан ұстап алады, бір қарасаң диванның үстіне шығып кеткен. Сол себепті әрдайым көзден таса қылмай, бақылап отыру қажет», – дейді әке.

Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір жұбайы екеуінің арасындағы қарым-қатынас күшейе түскен.

«Әйелімді мың есе құрметтей бастадым. Үй шаруасымен отыру анаға оңай емес. Күн сайын қайталана беретін шаруа адамды қажытып жібереді. Мен жалғыз әйеліме ғана емес, барлық анаға құрметім арта түсті. Әйеліміз екеуміз үлкен командамыз. Қазір әйелімнің нұрланған жүзін көру мен үшін шын бақыт», – дейді Ержан.

⁠Ол декретке шығуды ойлап жүрген әкелерге бірнеше кеңес айтты.

«Ең бастысы қорықпау керек. Басында бәрі қиын болады. Уақыт өте келе үйренесің. Бұл – үлкен жауапкершілік, әлсіздік емес. Ең бастысы, жағдайды ашық талқылап, жұбайыңызбен бірігіп шешім қабылдаңыз. Қажет кезде кеңес сұраудан ұялмаңыз. Мен бәрін әйелімнен үйрендім, қазір керісінше ол менен сұрайды. Бала үшін ата-ананың махаббаты маңызды. Әке ретінде балаңмен бірге өткізген уақыт ешқашан қайтып келмейді, сондықтан осы сәтті бағалау керек деп ойлаймын», – дейді Ержан.

Ал біздің келесі кейіпкеріміз өзінің аты-жөнін жарияламауды сұрады. Байқағанымыз, ер-азаматтардың көбі өзінің декреттік демалыста екенін жариялағысы келмейді, мұны барынша тасада ұстайды. Біз кейіпкеріміздің есімін өзінің өтініші бойынша өзгертіп, Алмас деп атадық.

«Үйде отыру еркектің ісі емес деп санайтынмын»

Алмастың айтуынша, оның жары да, өзі де жақсы табыс табады. Алмас жеке компанияда менеджер болып істейді. Сондықтан олар әйелінің жоғары айлығын тастап, оның орнына аз жәрдемақы алуды тиімді деп санамаған. Оның үстіне әйелі жұмысына аптасына екі рет қана барады, қалған күндері көбіне үйден жұмыс істейді. Осы жағдайларды ескеріп, ерлі-зайыптылар декреттік демалысты Алмастың алуын дұрыс деп шешкен. Қазір ол бес айдан бері декретте.

Бірінші баласы дүниеге келгенде декреттік демалысқа әйелі шыққан. Ал Алмас екінші сәбилері туғанда осындай қадамға барған. Айтуынша, әйелі көбіне үйден істейтіндіктен, екеуі де қазір балаларының жанында. Күндіз әйелі жұмысын істеп аяқтағанша, балаларға өзі қараса, кешке көлігімен такси жүргізіп, аздап табыс табады. Жас отбасының өз жеке пәтері жоқ. Олар шаңырақ көтергеннен кейін арман қуып Алматыға көшіп келген. Қазір үй алуға үміттеніп, тапқан ақшаларын депозитке салып отырғанын айтты.

«Мен де бұрын баламен үйде отыру еркектің ісі емес деп санайтынмын. Бұған дайын емес едім. Бастапқыда мұндай жоспарым болған жоқ, өзімді осы жағдайда елестете алмадым. Бірақ қазір өкінбеймін. Әрине, баламен үйде отырған қиын. Үлкеніміз ес біліп қалған, балабақшаға барады. Әйелім де жанымда. Кейде жұмысқа шығып кеткің келетін кездер болады. Өйткені баламен отырғаннан жұмыста жүрген жеңілірек екенін түсінесің», – дейді Алмас.

Кейіпкеріміздің айтуынша, таныстарының арасында оның декретке шыққанына таңырқай қарағандар көп болған.

«Мен декреттік демалыс алғанымды көпшілігі біле бермейді, бәріне жар салып айтқым да келмейді. Тек ең жақын туыстарым мен достарым хабардар. Достардың арасында әзілдесу – қалыпты жағдай. Олар мені «декреттегі мама» деп те атайды. Бірақ мен оны көңіліме алмаймын. Дос ретінде әзілдескенімен, қолдауы басым. Туыстарымның арасында да түсінбей, бастапқыда таңырқай қарағандар болды», – дейді ол.

Биыл елімізде қанша ер адам декреттік демалысқа шықты?

NEGE тілшісі ерлердің декреттік демалысына қатысты министрлікке ресми сауал жолдаған. 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының хабарлауынша, бала туғаннан бір жарым жасқа дейінгі кезеңде ата-аналар әлеуметтік төлем ала алады. Бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына беріледі.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бала күтіміне байланысты төлем 590 мыңнан астам адамға тағайындалған. Оның ішінде: ерлер – 1 039 (0,18%), әйелдер – 589 390 (99,82%). Ер азаматтар арасында декреттік демалысқа шығу белсенділігі Алматы қаласы мен Астана қаласында байқалады. Алматы қаласында 149 ер адам (14,3%), ал Астана қаласында 139 ер адам (13,4%) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алған. Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында – 13 ер адам (1,3%).

Мәліметке сәйкес, барлық өңірде декреттік демалыс алған ер-азаматтар бар, мүлдем төлем алмаған аймақ жоқ.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бала күтіміне байланысты тағайындалған әлеуметтік төлемдер (өңірлер бойынша)

декреттік демалыс
Фото: NEGE

Ал, 2024 жылы бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем 672 596 адамға тағайындалған. Оның ішінде ер азаматтар – 1 441 адам (0,21%), ал әйелдер – 671 155 адам (99,79%).

Қазір әлеуметтік желіде декреттік демалыстың төлемдерін реттеуге көмектесіп, кеңес беретін мамандардың жарнамасынан көз сүрінеді. Біз солардың бірнешеуіне хабарластық. Ер адамдар декреттік демалысқа қатысты кеңес сұрап, мамандардың қызметіне жүгіне ме? Бізге белгілі болғандай, ешбірінің тәжірибесінде «декретке шыққым келеді» деп жүгінген ер-азамат болмаған.

Қолданыстағы заңға сәйкес, ер адамның бала күтімі бойынша демалыс алу құқығы Еңбек кодексінде толық жазылған. Декретке шыққан әке ай сайын бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алады. Бір ғана айырмашылық, бала тууына берілетін бір реттік жәрдемақы тек анасына беріледі. Ал бір жарым жасқа дейінгі ай сайынғы төлемді демалысқа шыққан әке де ала алады. Бұл кезеңде әкеге жалақы төленбейді, бірақ оның жұмыс орны толық сақталады.

Бала күтіміне байланысты берілетін декреттік демалыс қызметкердің жазбаша өтініші негізінде рәсімделеді. Өтініште демалыс мерзімі көрсетілуі тиіс, сондай-ақ баланың тууын растайтын туу туралы куәлік немесе өзге де құжат қоса ұсынылады.

Егер ер адам декретке шығатын болса, одан қосымша түрде жұмыс орнынан бала туған күннен бастап 1,5 жасқа толғанға дейін жалақы сақталмайтын демалыс берілгені туралы бұйрықтың көшірмесін сұрайды.

Әкеге арналған ай сайынғы жәрдемақыны рәсімдеудің бірнеше жолы бар:

  • egov.kz электрондық үкімет веб-порталы арқылы;
  • екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы;
  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс бірінші оқылымда қазақстандық ер азаматтардың әйелдермен бірдей деңгейде декрет демалысына шығу нормасын мақұлдады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл норма аталмыш мәселеде ер мен әйел құқығын теңестіруге септігін тигізеді. Мәжілістегі талқылау барысында депутат Олжас Құспеков жаңа норманың кемшін тұстарын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ата-аналардың құқықтарын теңестіруге бағытталғанымен, ер-азаматтардың жаппай декретке шығуына әкелуі мүмкін. Депутат, әсіресе, әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілерге қатысты жағдайларды мұқият қадағалау қажет екенін айтты.

Тегтер: