«Бір ұрсам, дымың қалмайды ғой...» – Әртістер әйеліне қол көтере ме?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғам мәселесіне айналды. Біреу ерді, енді біреу әйелге кінә артып жатады. Тілшіміз ел алдында жүрген әртістерге шығып, осы тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салып көрді.
Сонымен, өнердегі ер-азаматтар әйеліне қол көтере ме? Ал отбасы мен өнердің жүгін арқалап жүрген нәзік жан иелері күйеуінен таяқ жеп көрді ме?
Кенжебек ЖАНӘБІЛОВ, «МузАРТ» тобының мүшесі:
Иманды адам жан баласына қиянат жасамайды
– Әлеуметтік желі адамдарға түрлі ой салып жатыр . Дегенмен, иманы басым адам дүрмекке ермейді деп білемін. Кез келген сөзге анализ жасап, байыппен, салмақпен қарау керек деп ойлаймын.
Атын атамай-ақ қояйын, күні кеше бір коуч әйелдерге «күйеулеріңе сенім арта бермеңдер, үйтіңдер-бүйтіңдер» деп отбасына іріткі салатын сөздер айтып отыр. Естіп, жағамды ұстадым. Кейбіреулер тіпті «күйеуге күндеріңді қаратпаңдар, өздерің ақша табыңдар» дегенді айтып жүр. Мұның өзі әйел адамның ойын бұзады.
Ал шын мәнінде әйелі еріне, ері әйеліне бағынса, үйде әрдайым береке болады. Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондықтан күйеуі ашуланғанда – әйелі, ал әйелі ашуланғанда – күйеуі сабыр сақтап, үндемей қоя салса, ұрыс-керіс болмайды. Нәпсіні жеңе білуіміз керек.
Ал өз басым әйеліме қол көтерген емеспін. Алдымен қабағына қараймын, егер қатулы болса, көңіл-күйін көтеруге тырысамын. Адам баласы отбасына оралғанда сырттағы дүниені тысқа тастап келу қажет. Күліп кірсең, үйдегілер де күліп қарсы алады. Ал ашуланып келсең, араға шайтан кіреді. Оның бәріне көзім жеткен. Бала-шаға өсіп-жеткен кезде ұрыс-керіс дегенді тіпті ойламайды екенсің.
Жеңіс ЫСҚАҚОВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі:
Менің де мінезім оңып тұрғаны шамалы...
– Сенсеңіз, қазір қасымда күйеуінен жәбір көрген құрбым отыр. Байқұсты денесінде із қалмасын деп кезінде күйеуі көрпеге орап ұратын. Шыдас беру мүмкін емес болғандықтан, бала-шағасын алып, ажырасып тынды. Одан бері қаншама жыл өтті, балалары өсті. Қазіргі Бишімбаевтың мәселесінен соң «Мен де осындай зәбір көрдім ғой, кезінде кетіп қалмағанымда, тірі қалуым екіталай еді» дейді.
Тағы бір таныс келіншек бар, оны да күйеуі ұйықтап жатқан жерінде табуреткамен ұрып, өлтіріп қоя жаздаған. Ол да «дер кезінде кетпегенімде, бүгін сенің қасыңда отырмас едім» деп зар қағады.
Өткенде туып-өскен ауылымда бір жас келін асылып өлгенін естідім. «Түстен кейін төркініне соғам» деп отырған келіншектің күмәнді қазасы көптің көкейіне күдік ұялатып отыр. Айта берсем, біздің елде осындай әйел теперіш көрген жағдай жетіп артылады. Ал сегіз сағат бойы асқан жауыздықпен Салтанатты төпештеп өлтірген Бишімбаевты соттың жедел үкім шығармай, сағаттап сөзбұйдаға салып отырғанына миым жетпейді. Отбасы – кіші мемлекет. Ал оған қатысты заң мен тәртіп түзелмейінше, мемлекет ешқашан оңалмайды.
Өз басыма қатысты сұрасаңыз, Аллаға сансыз шүкір етемін. Себебі, қолы күректей спортшы болса да, күйеуім ешқашан қол көтерген емес. Әйтпесе, менің мінезімнің де оңып тұрғаны шамалы. Кейде сөзге келмей жатқанымда: «Әй, мына қолмен бір ұрсам, дымың қалмайды ғой!» деп шығып кетеді. Өз өскен ортамда да солай. «Әй, әкеңнің аузы, жыныма тидің ғой» дегенде анам байқұс дыбысын шығармай жым болатын. Бар болғаны сол. Төпештеп таяқтың астына алғанын көрмеппіз.
Мирас БЕКЖАНОВ, Мирас пен Құралай дуэтінің әншісі:
Татулық отбасындағы тәрбиеден бастау алады
– «Қазақта құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар. Отбасында зорлық-зомбылықтың болуы имансыздықтан орнайды деп ойлаймын. Екіншіден, ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуінен де болады.
Шүкір, өзіміз араласып-құраласатын отбасылардың бәрі бақытты. Бірақ желіні ашып қалсаң, неше түрлі жағдайды естисің. Соны көріп ұл-қыздарымыздың болашағына алаңдаймыз. Қазір ел болып Бишімбаевтың сотын бақылап отырмыз ғой, басында айтқан сөздеріне қарап оқыстан болған жағдай деп ойлаған едім, кейін марқұм келіншегін шашынан сүйреп, тепкілеп, қалаберді қаралағанын көрген соң, ары қарай қарауды тоқтаттым. Жүрегім дауаламады. Ораза айы ғой, біреуді қаралағанымыз дұрыс болмас. Дегенмен, тиісті жазасын береді деп сенемін.
Болат ӘБДІЛМАНОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:
«Одан да бір ұршы» дейді әйелім
– Өмірімде әйелге қол жұмсап көрмеппін. Бірақ тілім ұзын. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген. Осыны білетін әйелім «одан да бір ұршы» дейді. Ал мен қанша қатты ашулансам да, әйфеліме қол көтерген емеспін. Қабырғаны, не болмаса өзімнің басымды бір ұруым мүмкін, ал әйел затын ұру еркектің әлсіздігі деп білем.
Қазір адамның жүрегі қатып кеткен заман. Адамның руханияты бай болса, соғырлұм жаны жұмсақ болып, жақсылыққа жақын жүреді. Ал айналасындағыларға жаны ашымай, бойындағы білімін қара басының қамын ойлауға арнаса, әлбетте бойында эгоистік мінез орнайды. Аштық пен тоқтықтың қадірін білмей, әке-шешесінің тапқанына тойынып жүрген жанның ішкі жан-дүниесі өзгеріске ұшырайтын сияқты. Абай бір даналық сөзінде «адамды жақсы көру – адамға жаны ашу» дегенді айтады. Сондықтан адам жақсы істер жасап, жүрегін тазартуға ұмтылу керек.
Кейбіреуер адам жүрегі жоқшылықтан қатайып кетеді дегенді алға тартады. Ол да бар. Бірақ барды бағаламай, «менің айтқаным – заң» деген адамның қасіреті одан жаман. Әйел адамға бір жұдырық жұмсағаннан-ақ оның түрі бұзылып, жан-дүниесінің сол сәтте астан-кестеңі шыққанын сезіне білу керек қой. Ал үсті-үстіне төпештей беру – көзін шел басып, психикасы бұзылғандықты білдірсе керек.
Ермек БЕКТАСОВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері:
Төркініне тайып тұратын қыздар бар
– Біздің әкеміз анамызға қол көтермеген. «Әйелді ұру – еркектің қорына тән қылық» деп отыратын. Осы сөзді санамызға сіңіріп өскен соң ба, жан-жарыма ешқашан жұдырық жұмсаған емеспін. Ер азаматтың ойын ақылға жүгіндірмей, күшпен жеткізуі – әлсіздіктің нышаны. Бір-бірін түсініп, қадірлеген отбасында жанжал болмайды.
Ал қоғамдағы ажырасу мәселесіне көбіне тұрмыстағы жетіспеушілік әсер ететін сияқты. Көптеген отбасы пәтерде жүр. Тапқан айлықтары оны өтеуге жетпей жатады. Қалай деген күнде материалдық жағдай отбасы татулығында үлкен рөл атқарады.
Содан кейінгі бір жағдай – бұрын қызын тұрмысқа бергендер құлағына үйге қайтып келмеуін құйып жіберетін. Ал бүгінгі күні төркінін арқаланып, болмашы нәрсе үшін төркініне тайып тұратын қыздар бар.