Бозоқ қалашығының ежелгі тарихын білесіз бе?

Елорданың батысы «Үркер» шағын ауданының солтүстік ірге қапталында Бозоқ қалашығының табаны жатыр. Бұл нысанға 1999 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен танымал археолог Кемел Ақышев ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген еді.
Алматы, NEGE. Соның нәтижесінде хронологиялық тұрғыдан – ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық қыпшақ мұрасы, Алтын Орда кезеңінің қорымы анықталған болатын.
Кеңестік кезеңде халқымыздың тарихы мен мәдениетін кемсіту мақсатында айтылатын «көшпенділерде қала мәдениеті қалыптаспаған» дейтін түсінік болды. Бұл түбірімен қате ұғым. Соңғы жылдары отандық әлеуметтанушылар тарапынан, өркениет атаулыны тек отырықшы қоғаммен байланыстыру түбірімен қате деген пікірлер айтылып жүр. Академик-қыпшақтанушы Б.Көмеков: «Өркениет дегеніміз – мемлекет, қала, жазу-сызу, руханият дейді. Ал көшпелі қоғамның болмысы жоғарыдағы төрт заңдылыққа сыймайды. Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында: мал шаруашылығы, егіншілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам» дейді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, апайтөс даламыздың қолат-қойнауында зерттелмей жатқан ежелгі қала мәдениетінің үлгілері қолға алынды. Соның бірі – елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының оңтүстік-батысына қарай бес шақырым қашықта орналасқан Бозоқ қалашығы. Бұл нысан туралы алғашқы мәлімет 1816 жылы Орталық Азияға сапар шеккен орыс офицері Иван Шангиннің жолжазбаларында кездессе, 1929-1930 жылдары өлкетанушы Л.Семенов ескерткішке алғашқы барлау жұмыстарын жүргізген.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінің 118-бетінде: «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады» деген өзекжарды тұжырымын айтып: «1820 жылы Ресей императорлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штаб тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл-Нұра бойын зерттеп, Бозоқ көлінің жағасында көне қалашық орны барын баяндаған. Осы дерекке сүйене отырып мен Астана төңірегінің археологиялық картасын жасауға бастама көтердім... Сонымен 180 жылдан кейін, 1999 жылы осы жұмысты атқаруды зор құлшыныспен қолға алған академик Кемел Ақышев бастаған археологиялық экспедиция қазіргі Астанадан он бес шақырым жерде жатқан қаланы қазуға кірісті. Кейін анықталғандай, қаланың нағыз атауы Бозоқ екен. Ғалымдар қаланың гүлденуі Х-ХІІ ғасырларға келетінін анықтады. Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы екендігін дәлелдеп отыр» деп жазған екен.Нысанға 1999 жылдан бастап тұрақты зерттеу жүргізіп келе жатқан Есіл стационарлық археологиялық экспедициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның қорытынды есебіне қарағанда, Бозоқ ескерткіші хронологиялық тұрғыдан түрлі нысандар кешенінен тұрады: ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б. Сонымен қатар қалашық материалдары төрт ортағасырлық мемлекеттік құрылымның тарихын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені байқалады. Оған дәлел – стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қалдықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монеталар тағы басқа Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағының исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасырларда мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді.
Бозоқ қалашығының ерекшелігі – далалық қала мәдениетінің үлгісі ретіне танылуы және бұдан мыңдаған жыл бұрын пайда болған ерекше тарихи ескерткіш ретінде сақталуы. Ескерткішке жүргізілген археологиялық зерттеулер қалашық құрылысының тарихи хронологиясын анықтады. Ондағы қорытынды бойынша «VI ғасырда ежелгі түркілер қуатты әскери мемлекет құрып, Өтукен даласынан батысқа қарай Дунайға көшкен кезде VII ғасырда бұл территорияны игерген» деген ғылыми болжам айтылуда.
Қазіргі таңда бұл істің атқарылу барысы және белгіленген жоспарымен танысу мақсатында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық директоры Сәуле Бөрібаеваға жолыққанымызда:
– Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды істің бірі – 2004 жылдан бастап Қазақстан аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер мен нысандарды қалпына келтіруге бағытталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Осы бағдарлама негізінде 2004 жылы Бозоқ қалашығында шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық ғылыми форум өтті. Форумның қорытындысы бойынша қарар қабылданды және қалашықтың ғылыми және мәдени маңызы туралы сараптамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп алғаш рет ескеркіш материалдары Еуразияның ғылыми археологиялық кеңістігіне енді. Сөйтіп 2006 жылы «Бозоқ» археологиялық ескерткіші негізінде Ұлттық табиғи-тарихи саябағын, нақтырақ айтқанда аспанасты музейін құру жоспарланған болатын, – дейді Сәуле Бөкейханқызы.
Бұйыртса, алдағы жылдары инновациялық жоба ретінде іске қосылатын Бозоқ қалашығы еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылым ретінде танымал болады. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналады.