Бизнестегі әйел басшылар: Теңдік, қолдау, перспектива

St. Regis Astana қонақ үйінде түрлі саладағы көшбасшы әйелдерді біріктірген «Бизнестегі әйел басшылар: президенттік бастамаларды қолдау» тақырыбында митап өтті.
Астана, NEGE. Бұл іс-шара тәжірибе алмасу, теңдіктің өзекті мәселелерін талқылау және әйелдер көшбасшылығы үшін қолайлы орта құру алаңына айналды.
Бүгінгі таңда нәзік жандылар бизнесті, білім беруді және жалпы қоғамды дамытуда шешуші рөл атқарады. Митап қатысушылары өздерінің даму тарихымен бөлісті, тең мүмкіндіктерге жету жолдарын және көшбасшылықтың барлық деңгейлерінде әйелдерді қолдаудың маңыздылығын талқылады.
«Promenade» ЖШС-ің бас директоры Әсел Акбарова шағын және орта бизнесті қолдау үшін дамыған инфрақұрылымның маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, тең мүмкіндіктер жасау ресурстардың қолжетімділігін және мемлекет пен бизнестің қолдауын талап етеді.

Білім саласындағы даму жолдары жөнінде үш спикер өз жолдарын ұсынды. NU Вице-президенті Әсел Увалиева білім беру саласындағы әйелдердің рөліне назар аударды. Ол оқу мекемелері әр адам жынысына қарамастан өзінің әлеуетін аша алуы үшін жағдай жасау керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ол бастама мен белсенді азаматтық ұстаным кез-келген бизнестегі табыстың негізгі факторлары екенін атап өтті.
Astana IT University академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Гүлвира Ақыбаева әйелдерді технология саласына тарту тәжірибесімен бөлісті. Ол инновациялық салаларға гендерлік тепе-теңдік қажет екенін және IT және ғылымдағы әйелдердің кәсіби өсуіне ықпал ететін жағдайлар жасау маңызды екенін атап өтті.
MIRAS халықаралық мектебінің директоры Елена Хамитова балалардың бойында теңдік пен жауапкершілік туралы түсінік қалыптастыратын білім беру жобалары туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, инклюзивті білім беру тек оқу орындарында ғана емес, жалпы қоғамда да маңызды рөл атқарады, бұл көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге көмектеседі.

Белгілі заңгер Құндыз Өтебекова осы саладағы өз тәжірибесімен бөлісіп, әйелдердің алдында тұрған қиындықтар туралы айтты. Олардың қатарында эйджизм мен сексизм де бар. Ол тең құқықтар үшін күрестің маңыздылығын ғана емес, кәсіби дамуға ұмтылатын әйелдер үшін жағдай жасаудың қажеттігін де айтты. SOS Қазақстанның балалар үйлері КҚ ұлттық директоры Гүлжан Асанова әлеуметтік жұмыс пен балаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Ол әйелдер көшбасшылығы ағымдағы мәселелерді шешумен ғана емес, адамдарды өзгерістерге талпындыру, жаңа көкжиектерді көре білу және қоғамның тұрақты дамуына жағдай жасау қабілеттілігіне байланысты екенін айтты. Митапты ұйымдастырушылар – PR Alliance кәсіби коммюнитінің негізін қалаушылар - Әсел Әлімхан мен Гаухар Әбеуова бұл митап әйелдерді қолдау тек әділеттілік мәселесі ғана емес, әр адамға тең мүмкіндіктер берілетін қоғам құрудағы қажетті қадам екенін дәлелдегенін атап өтті. Кездесуге қатысушылар тең мүмкіндіктер,әйелдерді қолдау және әйелдер көшбасшылығын дамыту елдің тұрақты дамуының негізгі аспектілері екенін көрсетті. Батылдық, ішкі қуат және өзгерістерге деген ұмтылыс оларды бизнес, білім беру және әлеуметтік саладағы маңызды ойыншыларға айналдырады.
Astana IT University, SOS балалар ауылдары және «Мирас» мектебі NNEF кластеріне кіреді.
Жанерке ӘНУАР