13 Наурыз 17:31
...

Бишімбаев ісі. Депутаттар алқабилерге сене ме?

Сот
Фото: Фото: Астана сотының баспасөз қызметі

Депутаттар жылдың ең дақпыртты ісі болуы мүмкін Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысты пікір білдірді. Олар «алқабилердің қатысуымен болатын сот отырысы әділ шешім шығарады» деп сенеді. Ал сот залына журналисттерді кіргізбеуін «залдың тар болғанынан» деп есептейді.

Кеше Астанадағы ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотта Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған істің алдын ала тыңдауы өтті. Сот төрешісі процестің алқабилердің қатысуымен өтетінін мәлімдеді. Алдын ала тыңдау ашық өткенімен, журналистер сот залына кіргізілген жоқ.

Ерлан ҚОШАНОВ, Мәжіліс спикері:

Сот дербес шешім қабылдайды

Мәжіліс
Фото: ғаламтордан

– Бұл іс үлкен резонанс тудырды. Шынында да жан түршігерлік оқиға. Қоғамның ерекше бақылауында деп айтсам болады. Осы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын дұрыс жүргізуге қатысты мемлекет басшысы өз тапсырмаларын берді, бақылауында ұстап отыр. Сондықтан қоғамдық бақылау болған кезде бұрмалаушылық болады деп ойламаймын. Сот шешімін шығаруда – дербес. Осы себепті әділ шешім шығатынына біз сенеміз.

Сот мейлінше ашық жүріп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Мен де сіздер сияқты ақпарат құралдары арқылы көріп отырдым. Тікелей эфирден көрдіңіздер. Қайталап айтамын, сот үкім шығаруда да, қандай форматта сот процессін жүргізуде де дербес шешім қабылдайды. Барлығымыз көріп отырмыз, зал қандай шағын екенін, бұл аудандық сот, сондықтан менің ойымша, мүмикіндігі шектеулі. Бұл мәселе содан туындап отыр деп ойлаймын.

Абзал ҚҰСПАН, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат:

Бұл – сотталушының таңдау құқығы

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Сот қандай жағдайларда алқабилердің қатысуынсыз қаралатыны туралы заңда көрсетілген негіздер бар. Бұл жерде сотталушының құқығы деген бар. Мәселе Бишімбаевта немесе басқада емес. Мұны қылмыстық-процестік кодекстегі классикалық құқық деп айтсам болады. Барлық мемлекетте, алқабилердің қатысуы бар жерде бұл – сотталушының таңдау құқығы.

Тарихқа қарайтын болсақ, алқабилердің ең негізгі мақсаты аса ауыр қылмыстар санаты бойынша адамға қандай жаза кесілуі керегін қоғам шешуі тиіс деген идеядан туындаған. Алқабилердің қатысуымен қаралған істерде азаматтардың ақталу пайызы жоғары. Неге дегенге келер болсақ, өкінішке қарай, бізде сотта құқық қорғау органдарына деген белгілі бір деңгейде кіріптарлық байқалады немесе судьялардың көпшілігі бұрын тергеуші немесе прокурор болған. Сол себепті көп жағдайда, халықаралық деңгейде де, Қазақстанда да айыптау үкімдері көп шығарылады.

Бізде 99 пайыздың үстінде айыптау үкімі шығарылады. Ал алқабилер қарайтын болса, қарапайым азамат ретінде ешкім ешкімге қызметтік кіріптарлығы жоқ. Бұрын судьямен немесе тергеу органдары қызметкерлерімен қызметтес болмаған. Сол себепті олар объективті түрде баға береді деп есептеледі. Сот үкімі болмайынша адамды кінәлі деп те, кінәсіз деп те айтуға болмайды.

Үнзила ШАПАҚ, ҚР Конституциялық кеңестің мүшесі, депутат:

                                                             Соншама адамды сатып алу мүмкін емес

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Бұл өте ауыр қаза. Біздің қоғам мұны өте ауыр қабылдады. Әділ сот жүзеге асырылған кезде Конституция мен заң нормаларына негізделе отырып шешім шығады. Бұл жерде әділдік орнайды және заңда көрсетілген нормаларға сәйкес шешім шығатынына мен сенемін.

Бізде алқабилер институты 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Бұл – әлемдік тәжірибеге негізделген институттың бірі. Жалпы қазақ қоғамында да билер институты болды. Сонымен қатар Совет үкіметі кезінде де бізде «народная судья» деген ұғым болды. Бұл халықтың өзінің көзқарасына негіздей отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Соншама адамды сатып алу мүмкін емес.

Екіншіден, бұл адамдардың өзінің ары бар, намысы бар. Алқабилерді таңдап алған кезде оларға да белгілі бір талаптар қойылады. Сол талаптардың бірі әділ болуы, мәселеге нақты азаматтық тұрғыдан әділ қарауы ескеріледі. Сондықтан бұл азаматтарға алдын ала күйе жағып, кінәлау орынсыз. Алқабилер осыған дейін де орта дәрежедегі қылмыстар бойынша шешім қабылдап жүр. Кісі өліміне қатысты да тәжірибе бар. Сондықтан күту керек.

Әсет ШЫНДӘЛИЕВ, Бас прокурордың орынбасары:

Сот деген телешоу емес

Прокурор
Фото: ғаламтордан

– Бишімбаевтың ісі бойынша объективті сот болады деп ойлаймын. Сот ашық өтіп жатыр. Барлығы әділ болады. Алқабилерге де қатысты жауапкершілік бар. Егер ондай фактілер(пара алу – ред.) анықталса, алқабилерді де жазаға таратуы мүмкін.

Қамауда отырған адамды күзеттің қоршауымен сотқа алып келеді. Ол Бишімбаев қана емес, қамаудағылардың бәріне солай. Сот деген телешоу емес қой, онда тәртіп болуы керек. Сіздерге экранға тікелей эфирден не болып жатқанының барлығы трансяция арқылы көрсетілді.

Редакциядан: Айта кетейік, сотқа БАҚ өкілдері тіркеу арқылы арнайы тізіммен кіріп, сот процесін онлайн трансляция арқылы ғана көрді. Өкінішке қарай, трансляция кезінде көптеген техникалық ақаулар болып, журналистердің жұмысына кедергі келтірді. Сот залынан фото-видео түсіруге мүмкіндік бермеді. Тілшілер тіпті сот әкімшілігінен сот залына кезектесіп кіруді сұраған, алайда оған да рұқсат етілмеді. Осыдан кейін журналистер «БАҚ өкілдерінің жұмысына кедергі келтірді» деп, полицияға арыз жазды. Арызға жиырмаға жуық журналист қол қойды.