Бішкек, Стамбұл, Нұр-Сұлтан... Түркі мемлекеттері ұйымының қоры қайда орналасады?

1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялық қор, Транскаспий халықаралық транспорт маршруты, кеденнің жеңілдетілген тәртібі, транзитті цифрландыру – Түркі мемлекеттері ұйымының өткен жылғы Стамбул декларациясы бойынша іске асуға тиіс мәселелердің бір парасы.
Бес мемлекет: Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, және Өзбекстан бір ауыздан қабылдаған құжат 121 пункттен тұрады.
Биыл күзде түркі мемлекеттері басшыларының саммиті Өзбекстанда өтеді. Осы жиында инвестициялық қор мен басқа да бірқатар маңызды мәселе турасында түпкілікті шешім қабылданады. Әрине, соңғы уақыттағы геосаяси жағдайды, Ресей мен Украина арасындағы соғысты есепке алмай болмайды.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ) бұрын басқалай аталатын. 2009 жылы Әзірбайжанның Нахычеван қаласында Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзірбайжан президенттерінің қатысуымен құрылып, ұйым Түркі кеңесі деп аталды. Өткен жылы Стамбұлда мемлекет басшылары ұйымға жаңа атау берді. Кез келген ұйымға кіруден қашып жүретін әрі Түркиямен арада келіспеушілігі болған Өзбекстан осы жолы ТМҰ-ға толыққанды мүше болды.
Ұйымның керегесі кеңейгенін мынадан білуге болады: бұған дейін ТҮРІКСОЙ ұйымы аясында мәдениет, тарих және өнер саласында әріптестік болса, енді экономика, білім-ғылым, денсаулық сақтау, саясат және басқа да салалар қосылды. Әзірге тыс қалған сала – әскер әріптестік. Бұл мәселені мемлекеттер екіжақты келісім арқылы шешеді.
Жуырда Түркияның Бурса қаласында ТҮРКСОЙ ұйымы аясында ауқымды шара өтті. Бурса – түркі әлемінің астанасы ретінде белгіленген.
Осы жиында ТҮРКСОЙ ұйымына жаңадан бас хатшы сайланды. Ол – қырғыз жазушысы Сұлтан Раев. Ұйымды Дүйсен Қасейінов 14 жыл бойы басқарды. Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Құрабайұлы әлі де абыройлы. Түсінікті болуы үшін айта кетейік, ТМҰ-ның мәртебесі біз үшін БҰҰ-мен тең, ал ТҮРКСОЙ-ды ЮНИСЕФ-пен салыстыруға болады.
Д.Қасейінов пен С.Раев.
Осы жиында біз ТМҰ-ның қазіргі бас хатшысы, дипломат Бағдат Әміреевпен тілдестік.
Әңгімеміз бақылаушы мемлекеттер Мажарстан мен Түркіменстан төңірегінде басталды. Бұрын Түркіменстанның өзі ұйымға кіргісі келмеген, ал Мажарстан мүшелікке сұранып жүрді.
Әміреевтің пікірінше, екі мемлекет те ұйымға мүше болуы толық құқылы. Өйткені басты талап – түрік тілінің ресм мәртебесі мен тарихи тамырластық. Білуімізше, Ташкенттегі саммитте талқыланатын сүбелі тақырыптардың бірі осы болуы мүмкін.
ТМҰ-ға деген қызығушылық артып келеді. Бүгінге дейін 15 мемлекет бақылаушы болуыға ниет етіп, сұрау салыпты. Бұлардың арасында Ресей де бар. Әзірге Ресейдің мәртебесі әлі талқыланып жатыр.
ТМҰ-ның күн тәртібінде саяси сұрақтардан бөлек экономикалық даму мәселесі де бар. Бірінші кезекте транзиттік бағыттар тұр. Санкциялық соғыс қызып тұрғанда Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі аймағы – Әзірбайжан – Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропа елдерін жалғайтын Транскаспий халықаралық транспорт бағытын қайтадан іске қосу туралы хабар әлемді елең еткізді.
– Бір нәрсені түсінуіміз керек, Трнаскаспий бағыты бұрын да тиімді іске асқан. Әсіресе, пандемия кезінде. Қатысушы мемлекеттер қажет мәселесін тез арада шешуіне мүмкіндік алды. Жүк тасымалдау, оның ішінде дәрі-дәрмек пен азық-түлік те бар. Осыны ескере отырып, 2021 жылы қарашада Ұйымның Стамбұлда өткен VIII саммитінде мемлекет басшылары мүше елдердің құзырлы органдарына Транскаспий халықаралық дәлізін «Шығыс-Батыс» дәлізіне айналдыру және тұрақты әрі үзіліссіз бағыт қалыптастыру туралы тапсырма берді.
Осы мақсатта мемлекет басшылары кедендік және транспорттық мәселені жеңілдетуді, цифрлық жүйені енгізуді ұсынды. Транспорттық және транзиттік мәселе бойынша сұрақтар Стамбұл саммитінде қабылданған «Түркі әлемі-2040» стратегиялық құжатында көрсетілген, – дейді Б.Әміреев.
Заманауи технологияны қолдану арқылы мүше мемлекеттер үшін жұмысты жеңілдету – басты бағыттардың бірі.
«Жақын уақытта біз ұйымға мүше елдердің арасындағы транспорттық және транзиттік процедураларды жеңілдетуге, оның ішінде заманауи цифрлық құралдарға басымдық береміз. Бірінші кезекте бұл – eTIR, ePermit и eCMR.
Өткен жылы біз Автотасымалдаушылардың халықаралық одағымен бірлесіп, Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Цифрлық ТИР» пилоттық жобасын іске қостық. Биыл наурызда осы жобаны кеңейтіп, қырғызстанды қостық. Бұдан бөлек, ұйым әлемде алғашқы болып ePermit жобасының тестілік режимін Өзбекстан мен Түркия арасында іске асырды. Келесі этапта бұл жобаға Қазақстанды қосу туралы келісім бар.
Қазір eCMR жобасын БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен бірлесіп енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы бір мәселе – транспорттық әріптестіктің құқықтық негізін жетілдіру», – деп әңгімесін жалғастырды ТҰК бас хатшысы.
Түркі мемлекеттері ұйымы үшін сүбелі мәселе – инвестициялық қор. Мұндай қаржы институтын құру тура ой қазақстан мен әзірбайжан президенттеріне тиесілі. Идеяның іске асуына бірнеше жыл кетті. Алдымен қордың мақсаты мен бағыты, одан кейін құрылымы мен жарғы капиталы айқындалды, енді міне штаб-пәтері орналасатын жер қызу талқыланып жатыр.
– Алдымен министрлер қордың моделін талқылады. Бұл тікелей инвестициялық қор бола ма, әлде АБР, ЕБРР немесе Халықаралық қаржы корпорациясы сияқты даму институты бола ма? Сондай ақ валюта мен қордың көлемі, басқару мәселесі нақтыланады. Қатысушы мемлекеттер бірігіп басқара ма, әлде сырттан кәсіби басқарушы жалдай ма, сонымен бірге болашақтағы қаржыландыру мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Қазірдің өзінде қаржы мәселесіне қатысты жалпы түсінік бар. Жарғылық капиталдың қазіргі көлемі белгілі, бұл – 500 млн доллар. Қосымша тағы 500 млн доллар инвестициялық портфель негізінде түседі. Жалпы, біздің мемлекеттердің инвестициялық жобаларға 1 млрд доллары болады. Қор бұл сомамен шектеліп қалмайды. Кез келген қаржы институты сияқты қосымша қаржы тартады. Қандай жағдай болмасын, биыл біз кеңесшіден қордың болашақтағы моделі, жұмысы туралы қорытындыны күтеміз. Кеңесші – әлемге аты белгілілі «Ernst & Young» аудиторлық-консалтингтік компаниясы. Компанияның кеңесін қаржы министрлері талқылайды, түпкілікті шешімді биыл Өзбекстандағы саммитте мемлекет басшылары қабылдайды, – дейді Б.Әміреев.
ТМҰ-ға мүше елдердің басшыларына тағы мәселені тездетіп шешу керек. Ол – қордың штаб-пәтері орналасатын жер. Ұйымның орталық кеңсесі Стамбұлда, ТҮРКСОЙ – Анкарада, ТҮРКПА – парламент ассамблеясы Бакуде, Түркі халықаралық академиясы Нұр-Сұлтанда орналасқан. Енді қор басқа мүше елдің астанасында болуы керек деген пікір айтылып қалды. Қордың штаб-пәтерін әркім өз елінен көргісі келеді. Қалалардың шорт-парақшасы белгілі: Бішкек, Стамбұл және Нұр-Сұлтан.
Қырғыздар өз елінің шағын экономикасына дүмпу ретінде қорды Бішкекке тартады, түріктер «әлемдік астана ретінде Стамбұл лайық» дейді. Ал біз «Нұр-Сұлтанда қордың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған, Астана халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға болады» деген толымды уәж айтамыз.
Қысқасы, біз жоғарыда сөз еткен мәселенің бәрі күзде Өзбекстанда өтетін саммитте шешілуі керек. Бұл жиында экономикадан бөлек, геосаясат та сөз болатыны анық. Өйткені Ресей мен Украина арасындағы соғыс түркі әлеміне де әсер етеді.
Еркін Мержақыпов, Бурса – Стамбұл – Нұр-Сұлтан.