Бетонщиктің жолы
Бір қарағанда, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың жолы болмай жүргендей көрінеді. Бірақ жолы болмай жүр ме, әлде ол өз жолын таба алмай жүр ме, бұл жағын асықпай сараптаған дұрыс. Бір анық дүние, мұнайлы аймақтың тізгінін ұстаған шендінің аты – шабан. Әкімдердің рейтингі түзіле қалса, Серікбай Трұмов үнемі салпақтап көштің соңында келе жатады.
Аяғына «тас байлаған» әкім
2020 жылдың мамыр айындағы шенділер көрсеткішінде Маңғыстау облысының басшысы 17 әкімнің ішінде 14-орыннан көрінді. Әрине, биыл ешкімнің жағдайы оңып тұрған жоқ. Төтеннен келген індет ел тыныш кезде жұмысы мандымаған әкімдердің жоба-жоспарын тас-талқан етті. Дегенмен, дауасыз дерт жалғыз Трұмовқа тіреліп тұрмағанын ескеруге тиіспіз. Әлемді жайлаған коронавирустан Қазақстанның сау аймағы жоқ. Өндіріс біткеннің есігіне қара құлып салдырған карантиннен ешбір өңір тыс қалмады. Бірақ соның өзінде Амандық Баталов пен Бердібек Сапарбаев қара үзіп шықты ғой. Ендеше, Серікбай Тұрымов неге көш соңында жүр?
Біреулер «Трұмов Маңғыстауға әкім болғалы бір жылдан жаңа асты. Ол өз мүмкіндігін әлі көрсетіп үлгермеді» деседі. Алайда Қызылордаға наурыз айында барып, реитингте 9-орыннан көрінген Гүлшара Әбдіхалықованың қадамына қарасаңыз, «Трұымов шынымен де шабан екен» демеске амалыңыз қалмайды.
Тағы бір рейтинг. Әкім біткеннің 2019 жылы тындырған шаруаларын сараптаған қорытынды рейтинг 2020 жылдың ақпан айында шықты. Тұрымов соңынан санағанда, үшінші орыннан көрінді. Осы тұста кейбір ақпарат құралдары Маңғыстаудың маңғазы туралы «Ол Бақауов пен Айтахановтың алдына шықты. Себебі олардың бірі қызметінен кеткен, екіншісі істі болған» деп күлкіге айналдырды.
Бақауов, Айтаханов, Трұмов
Әйтсе де, бұл күлетін нәрсе емес. Аяғына «тас байлаған» Тұрымовтың шенділер шабысында шаң қауып қалуы әдетке айналып барады. Аймақ тізгінін ұстамай тұрғанда да бауыр жазып, көсілгені есте жоқ. Мысал керек десеңіз, айтайық, 2015 жылы жарияланған қала басшыларының рейтінгінде Ақтаудың әкімі 12 орынға әрең табан тіреген еді. Сенсеңіз, сол кезде рейтингтегі әкімдердің саны 13 болатын.
Әрине, рейтинг дегеніңіз шенділердің шама-шарқын 100 пайыз көрсетіп бере алмайтыны анық. Бірақ тындырған шаруасы мен атқарылмаған ісін есепке алады. Сөйтіп, әкімнің жұмысын салмақтайды. Бізше айтқанда, шабысына баға береді. Егер алға басқан қадамы кейін кетіп, қайта-қайта ел соңында қала берсе, оның себебін рейтинг түзушілерден емес, аяғына «тас байлаған» әкімнің өзінен іздеген орынды болмай ма?
«Мафия ордасынан» қашқан орынбасар
Өткен айда Серікбай Трұмовтың жолы болды деуге тұратын бір жаңалық естігенбіз. 3 маусым күні оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Бұл күні Маңғыстаудың әкімі 56 жасқа толған болатын. Дәл туған күнінде қасқайып Ақордада отырғаны күш берді ме, оншақты күн өткен соң Трұмов маңғыстаулық шенділердің шаңын қақты. Өзінің орынбасары Бақытжан Качаковқа, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлға, аудан әкімі Рахат Елизаровқа сөгіс жариялады. Аймақ басшысынан сөз естіп, сөгіс алғандардың ішінде Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов та бар болатын. Басқасы басқа, дәл осы Ниязовтың «жеген таяғына» маңғыстаулықтардың айызы қанды. Өйткені Ақтаудың әкімі қаладағы жасыл желекті уақтылы суармағаны үшін сыбағасын алған еді.
Шөліркеген Ақтау
Оқырман да білуі тиіс, Ақтауда ағаш өсіру дегеніңіз – аса маңызды шаруа. Аптап ыстық табаға салғандай етіп қуырғанда, қала жұрты сая таппай қиналады. Содан кейін де, көшедегі қурай бастаған ағаштарға үйінен су апарып құятын халық көп. Тамырына нәр жетпей, қурай бастаған ағаштарға жаны ашыған жекелеген адамдар өз ақшасына «водавоз» іздеп, сабылатынын жарнамалардан кездестіруге болады. Бірақ бұл қаланы жасылдандыруға мемлекеттен ақша бөлінбейді деген сөз емес. Мәселен осы мақсат үшін 2018 жылы 777 миллион, 2018 жылы 831 миллион теңге бөлінген екен. Биылғы қаржы бұдан да көп – 840 миллион теңге.
Егер осынша қаржыға лайықты жұмыс жүргізілмей жатса, қала халқы әкімге өкпелемегенде, кімге өкпелеуі керек? Міне, сол үшін де, жұртшылық Трұмовтың Ақтау әкіміне берген сөгісіне разылық танытып, енді оны бір жағына шығаратын шығар деп күткен. Иә, Трұмов шығарды. Шығарғанда да оңдырмады! Сөгіс бергеніне екі апта өтпей жатып, Ниязовты өзіне орынбасар етіп алды!
Ал Ғалымжан Ниязов кім еді? Еңбек жолын Маңғыстау өңірінен бастаған ол Қызылорда мен Астанаға да ат шалдырған. Білетіндер оны «майлы жерде жүретін жігіт» деседі. Мәселен 2014 жылдан 2016 жылға дейін Қызылорда облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болған. Ал 2016 жылдан 2017 жылға дейін бүгінде дәрі-дәрмекті жұрттан жасырып, басы дауға қалған «СК-Фармация» серіктестігінде бөлім басшысы, басқарушы директор, тіпті департамент директоры болып қызмет еткен.
Ғ.Ниязов.
Естеріңізде болса, 2017 жылы «СК-Фармацияның» басына қара бұлт үйірілген болатын. Елбасының өзі бұл мекемені мафияның ордасына балап, «СК-Фармацияда» жұмыс істейтіндерді түгел жұмыстан қуу керек» деген еді. Қызығы, әкім орынбасарының Маңғыстауға оралуы осы тұсқа сәйкес келіп тұр. «СК-Фармацияны» Ақорданың алай-дүлей бораны ұрғанда, Ниязов қаңғалақтап, мұнайлы өлкеге қайта келген секілді.
Дегенмен негізгі әңгімеміз Ниязовқа емес, Трұмовқа қатысты болғандықтан, орынбасарының еңбек жолына қатысты қызықты деректерді осы жерден тоқтатып, әкімнің өзіне ауысайық. Ал енді қалай ойлайсыз, Трұмовтың бұл қадамы нені білдіреді? Өзі сөгіс берген адамды ай өтпей жоғарылатып, өз қасына алып жатса, халық әкімнің бұл әрекетін қалай түсінуі керек? Осыдан кейін әкімнің сөзінде тұрақ, ісінде береке бола ма? Біздіңше, Трұмовтың «аяғындағы тастың» салмағын, міне, осындай жағдайлар ауырлата беретін болса керек.
Әкімнің «10 күйі»
Маңғыстау облысы әкімінің қайсыбір әрекеті кейде шын көңілден емес, көзге түсіп қалу үшін істелгендей әсер қалдыратыны бар. Жуырда телевизиялық үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес шаралары туралы айта келіп, «мобильді топтардың санын 3,5 мыңға дейін арттыру керек» деген еді. Күні кеше Маңғыстау облысының әкімдігі 30 қызметтік көлігін Ақтау қаласындағы емханаларға бергенін хабарлады. Бұл сөзсіз орынды бастама. Трұмовтың мұнысын дұрыс деу керек. Өзінің жаяу жүрмейтіні белгілі ғой, бірақ қарамағындағы шенділердің «тақымын суытқаны», дәрігерлерге 30 көлік бергізгені қоштауға тұрарлық қадам.
С.Трұмов.
Дегенмен осыған ұқсас тағы бір қызық дерек бар. 2019 жылы Ұлттық домбыра күніне арналған концертті тамашалаған Тоқаев: «Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет» деген еді. Ай өтпей жатып, мұны Трұмов іліп әкетті. Ол не деді дейсіз ғой, былай деді: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраны мектептерде балаларға үйрету қажеттігін айтты. Осыған қарай ұлттық өнерді насихаттау мақсатында оқушыларға арналған домбыра үйірмелерін көптеп ашуды көздейтін «Домбыра-дастан» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Осылайша, маңғыстаулық оқушылар мектеп бітірген кезде кем дегенде 10 күйді үйреніп шығуы тиіс».
Әр оқушы 10 күй! Қалай ойлайсыз, тым асыра сілтеу емес пе? Президент «домбыра сабағы» туралы айтқанда, баланың бәрі жаппай күйші болып кетсін деген жоқ қой, өскелең ұрпақ ұлттық аспапқа бейімделсін деді. Ертең күй тарта ма, домбырамен ән айта ма, ол енді әр баланың қабілетіне байланысты дүние. Ал Трұмов «кем дегенде 10 күйді үйреніп шығуы тиіс» дейді. Бұл ақылға сия ма? Бұдан не түюге болады?
Сізше қайдам, біздіңше, Трұмов президенттің қай тапсырмасын да қағып әкететін қағілез әкім ретінде көрінгісі келетін сыңайлы. Бірақ оның да жөні мен жосығы бар емес пе? Балаларға 10 күй үйреткісі келіп жүрген әкім бұдан гөрі, қарамағындағы әр қызметкерге 10 ағаш суғаруды тапсырса, халыққа сол пайдалы бомас па еді?
Құм үстіндегі «көрпе
Тұзы жеңіл ме, әйтеуір, Трұмовтың жарқыратып көрсеткісі келетін дүниелері көрінбей, керісінше, жұрттан жасырын ұстайтын тұстары жария болып жатады. Мамыр айында ғана Forbes.kz басылымына сұхбат берген әкім қызды-қыздымен аздап мақтанған екен. Бірақ сөзіне қарасаңыз, мақтануға тұратын цифрлар толып жүр.
«2019 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен тасымалданған барлық жүк айналымы 100%-ға өсіп, 8,5 млрд тоннаны құрады. Мұндай өсімге өңірдегі Инфрақұрылым сапасының жақсаруы ықпал етті», – дейді әкім. Инфрақұрылым деп отырғаны – жөнделген және жаңа салынған жолдар. Бейнеу – Ақжігіт, Жетібай – Жаңаөзен, Жыңғылды – Шайыр – Шерқала аралықтарындағы жолдар жөндеуден өтсе керек.
Әкімнің сенімді сөйлеп отырғанын және мамандығы инженер-құрылысшы екенін ескерсеңіз, «Әп-бәрекелді!» демеске амалыңыз қалмайды-ақ. Өкініштісі, алғашқы еңбек жолын «Мангышлаксельстройда» бетонщик болып бастаған әкімнің жолдарынан бетонға тән беріктікті байқау қиындап барады. Жуырда ғана Баяндыда салынған жолдың сапасын жүргіншілер әлеуметтік желіге жариялап, аймақ басшысының бетін аймандай етті. Жаңа салынған асфальттың астында қиыршық тас та жоқ. Құмның үстіне жұқалап, нанға май жаққандай етіп асфальт төселіпті. Оны жүргінші жігіттер көрпе қайырғандай қайырып, астына үңіліп жатыр. Үңілгенде не, астында сусыған құмнан басқа дәнеңе жоқ...
Бұған дейін де сапасыз салынған жолдың талайын көргенбіз. Біреулер жауған қармен қабаттасып жол салса, енді біреулердің жолы салынбай жатып бүлінетін. Бірақ құм үстіндегі «жұмсақ көрпені» бұрын-соңды кездестірмеген екенбіз. «Жүре берсең, көре бересің...» деген сөз рас, тегінде. Ешкім көрмеген жолды осылайша көпшілікке бетонщик әкім көрсетіп берді.
Түйін
Әрине, білдей бір өңірді басқарып тұрған шендінің бет-бейнесін бір мақаламен ашып тастау қиын. Трұмов туралы жазбамызға толық тұшынбай қалған оқырман болса, суырмамызда Маңғыстау облысының әкіміне қатысты өзге де қызықты деректер бар екенін, орайы келгенде бұл тақырыпқа қайыра соғатынымызды ескертеміз.