Бес айда 5500-ден астам ұялы телефон ұрланды
Биыл 5 айда елде 5500-ден астам ұялы телефон ұрланды. Оның 3 мыңдайы табылған.
Алматы, NEGE. Ал қалғанын іздеу жалғасып жатыр. 2019 жылы елде мобильді телефонды IMEI код арқылы арнайы базаға тіркеу міндеттелгенін білеміз. Сол кезде билік өкілдері бұл террорлық әрекеттің алдын алып, телефон ұрлығын азайтуға бағытталған қадам деп түсіндірген. Екі жылда не өзгерді? Нәтиже қандай? Қазір Қазақстанда IMEI код арқылы арнайы базада тіркелмеген телефонға байланыс операторлары қызмет көрсетпейді. Жаңа телефон алсаңыз немесе нөмір ауыстарсаңыз смс-хабарлама арқылы оны өз атыңызға тіркеуіңіз керек. Осындай талаптың арқасында елде телефон ұрлығы екі есе азайған.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов: "2019 жылдың 12 аймен 2020 жылдың 12 айын салыстырғанда қылмыстың тіркелуі 56%-ке азайды. Яғни, 33 мыңнан 16 мыңға дейін қылмыстың тіркелу саны азайған. Осы жылдың бес айында орын алған өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңнан 5 мыңға дейін азайып отыр. Яғни жылдан жылға қылмыстың орын алуы төмендеуде" деді.
Мобильді құрылғыларды тіркеу туралы заң күшіне енгелі ұсталған телефон саудасы саябырсып қалған. Базар маңыңында «сотка аламыз» деп айқайлап жүретіндер де некен-саяқ. Бірақ ұрлық толық тыйылды деуге болмайды. Өйткені биыл бес айда 5,5 мың ұялы телефон қолды болды. Оның 2,5 мыңдай табылған жоқ. Ал базардағы телефон алатындар ұрлықы затқа жоламайтынын айтады.