22 Сәуір 19:23

Бауыржан Ізбасаров: Қызылорда өңірінде төтенше жағдай дерегі азайып келеді

Фото:

Көктем мезгілі түрлі табиғи апаттың болатын кезі. Мұның алғашқы себептері – қыста қардың қалың түсуі, жауын-шашынның шамадан тыс жаууы. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тосын оқиғаға кез келген уақытта сақадай-сай тұрады.    

Осы тұрғыда Nege.kz тілшісі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаровпен сөйлесіп, саладағы бізге беймәлім жайттармен танысты.

«Қазақта «Апат айтып келмейді» деген тәмсіл бар. Шын мәнінде, солай. Біз қанша жерден қауіп-қатердің алдын алып немесе соған дайын отырсақ та, ойламаған жерден болып жатады», – дейді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.

Осы жылдың алғашқы тоқсанында Қызылорда өңірінде 98 төтенше жағдай тіркелді. Оның 95-і техногендік апат, үшеуі – табиғи апат. Ал 2021 жылы дәл осы кезеңде 110 оқиға болған.

«Біз алдын алу жұмыстарын үздіксіз жүргіземіз. Жыл басынан бері облыста осы мәселе бойынша13 отырыс өтті. Оның төртеуі Төтенше жағдайлар комитетінің орындауы тиіс жұмысын қадағалау бойынша  жоспардан тыс ұйымдастырылды», – дейді Бауыржан Ізбасаров.

– Қызылорда өңірі Сырдария өзенімен әйгілі. Мұнда күріш, тары егетін диқандар көп. Өзен-көлдері бар аймақта төтенше оқиғаның болуы да заңдылық. Әсіресе, қыс пен көктем кезінде Сырдария өзені бойынша суды қауіпсіз деңгейде өткізу үшін дайындық шаралары жүргізіледі. Бұл жұмыс жоспары «Қазгидромет» РМК мен «Қазсушар» РМК-ның Қызылордадағы филиалдарымен бірлесіп түзіледі. Олар су деңгейіне күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Мұнымен қоса Сырдария өзенін бақылау жұмысы екі мәрте тікұшақпен барлау арқылы жасалды. Сырдария өзенінде сең жүру 22 наурызда тоқтады.

Рейд жүргізу – апаттың алдын алады 

Айта кету керек, департамент қызметкерлері су тасқынының алдын алу үшін, әсіресе қыс пен көктем мезгілінде аймақтарды аралап, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осы мақсатта 97 жиын өтіп, 4 035 ұсыныс берілген. Аталған жұмыстың нәтижесінде су басу оқиғасы тіркелген жоқ.  

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаровтың айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанында өңірде 584 оқу-жаттығу шарасы өткен. «Азаматтық қорғаныс саласы бойынша алдын алу жұмысына сәйкес, жарты жылда 19 нысан тексеруден өтті. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері балық аулайтын орындарын аралап, 407 рейд жүргізді. Нәтижесінде түсіндіру жұмысына 14 мың 540 адам қатысты.  

Ал өрт қауіпсіздігіне келсек, өңірде жарты жылда 82 өрт тіркеліп, бір адам қаза тауып, үш адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға төмен. Яғни, былтыр 99 өрт оқиғасы болғанын айта кеткен жөн.  Өртті болдырмау және алдын алу бойынша 390 нысан тексеруден өтіп, 2121 заң бұзған әрекет әшкереленді. Тіпті, бір нысанның өзінде 9 заң бұзылған дерегі анық болды. Салдарынан 290 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 3 хаттама әкімшілік сотқа тапсырылды.

«Департамент қызметкерлерінің жұмысы мұнымен де тоқтамайды. Олар жеке тұрғын үй секторына тиесілі 11 мың 865 ауланы аралап, 600 адамға 22 кездесу ұйымдастырды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлермен төрт дөңгелек үстел өтті. Бұл шарадан мектеп оқушылары да тыс қалған жоқ. 1097 мектеп оқушысы қатысқан 34 интерактивті сабақ өткізілді.

  «112» және «101» телефон нөмірлері де үздіксіз қызмет көрсетеді. Жарты жылда шамамен 34 мың 766 қоңырау түскен. Оның ішінде «112» негізгі қызметі бойынша – 117, өрт сөндіру қызметі бойынша «101» нөміріне – 323, полицияның «102» нөміріне – 4, медициналық көмек көрсету «103» нөміріне – 2, азаматтардың анықтама алу ақпараты бойынша – 8188 қоңырау келіп түсті. Тіпті, балалар ойнап немесе нөмірді қате теру жағдайы, кейбір азаматтардың психикалық жағдайда ақылға сыйымсыз әрекетке барып, қоңырау шалған жағдайлары – 26 068 дерек», – дейді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров.

Тегтер: