14 Шілде 19:33
...

Батпаққа батқан үкімет: Кім құтқарады?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды жақсы түсініп отырған сыңайлы. Сондықтан да, Асқар Мамин басқаратын үкімет пандемияны ауыздықтауға мүлде қауқарсыз болғанын мойындап, екі апта мерзім берді. Егер осы уақыт ішінде жағдайды күрт өзгерте алмаса, отставкаға кетірмек. Премьер-министрдің орынтағында отырып, паңдануды көздеушілер көп шығар, бірақ қазіргі уақыт мұны мүлде көтермейді. Өйткені, таразы басында ұлттың, мемлекеттің тағдыры тұр.

Қаза болғандардың нақты санын келтіру мүлде орынсыз-ау. Ресми деректің аты – ресми дерек. Ыңғайға қарай ұдайы құбылып тұрады. Өйткені, бұл қазір жай сандар емес. Жәй қағаздағы емес, қаралы қағаздағы сандар. Бұл – әр бірліктің артында жетім қалған бала, жесір қалған әйел, баласын жоқтап, етегі жасқа толған ана, қабырғасы қайысып отырған әке тұр деген сөз. Қазір елде жақынынан, дос-жарандарынан айырылмаған адам қалмаған секілді. Құдды қырық жыл қырғын тәрізді. Дәріханалар алды Ақтабан шұбырындыны, ауруханалар мәйітханаларды еске түсіреді. Бірақ қылышын жалаңдатқан жау көзге көрінбейді.

Қазақтың «Шұнақ Құдай» деп Жаратқанның өзін қарғайтын кезі болушы еді. Бұл жерде мұнымыз мүлде орынсыз сияқты. Әділетіне келсек, осы  вирусты Құдай емес, адамдың өзі жасап шығарды. «Бүкіл әлемге таралып жатыр» деп көңіл жұбатайық десек, індетті дер кезінде ауыздықтап, бірде-бір адамын ажалға бермеген үкіметі ілкімді елдер де аз емес. Демек, бар гәп өзімізде болып отыр-ау. Құдайды босқа жазғырмай, қоя тұрайық.

Осындай қиын-қыстау шақтан елді алып шығатын, індетті тұсаулап, қырылып жатқан халықты сақтап қалатын, өлімші хәлдегі экономикаға жан бітіре алатын адам бар ма, өзі? Бұл кімнің қолынан келеді? Жаңа үкімет жұмысын ең алдымен неден бастауы тиіс? Басқару жүйесін шұғыл өзгерту – кезек күттірмейтін мәселеге айналып отырған жоқ па? Ел көкейіндегі осындай сауалдарға сарапшыларымыз жауап берді.

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:

Бір премьер келіп, елді батпақтан алып шыға қояды деу – утопия

– Қазіргі саяси жүйеде кімді премьер етіп қойсаң да, көп нәрсе өзгермейді. Шынайы демократиялық саяси жүйе орнамайынша, әкімдерді халық сайламайынша, үкімет ашық саясатта ысылған, әр сөзі үшін ел алдында жауап беретін қоғамдық тұлғалардан құралмайынша, Парламентке нағыз халық өкілдері келмейінше, осы былыққа батқанымыз батқан.

Демократиядан ауылы алыс жатқан үшінші әлем елдерінің көбі осындай батпақта жатыр. Кедейлік те, революция да, тақталас та, диктатура да сол елдерде. Сондықтан мәселе қатаң тапсырмада, көреген президентте, патриот премьерде, кәсіби үкіметте емес. Биліктің бірін-бірі тежеп, тексеріп отыратын үш тармағы, еркін баспасөз, күшті азаматтық қоғам ғана бізді үшінші әлемнен алып шыға алады.

Өкінішке қарай, саяси теориядан білетініміз, халық пен билік арасы бір алшақтаса, оны эволюция жолымен қайта қалпына келтіру қиын. Қайтадан халықтың сеніміне ие болу, ол сенімді сол деңгейде ұстап тұру ешбір ел өкіметінің қолынан келген емес. Сол сияқты, автократия да ешқашан өз қалауымен өзін-өзі демократияға айналдырған емес.

Қазір пандемиямен күрес алдыңғы орынға шығып тұр. Сондықтан жұрт әлеуметтік мәселені әлі көтеріп жатқан жоқ. Бизнесі тоқтаған, жұмыссыз қалған мыңдаған адам көшеге лап қойғанда бұдан да қиын жағдай болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда бізге нағыз кризис-менеджер керек. Ал кризис-менеджер жұмысын дұрыс жүргізе алуы үшін оның қолы байлаулы болмауы тиіс. Бізде түрлі мүдделі топтардан бастап, олигархтар мен кландар тұрғанда тәуелсіз бір премьер келіп, елді батпақтан алып шыға қояды деу –утопия.

Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Үкіметке ұрсатын адам жоқ

– Қазіргі жағдай нені көрсетіп отыр? Билік жүйесі індетке қарсы күресуге мүлде дайын емес. Тиімді жұмыс жоқ. Жүйе тиімді болуы үшін, түбегейлі өзгерту қажет. Біздің басқару жүйеміз халықтың, бюджеттің ақшасын таратумен ғана айналысады. Мәселен, бюджеттен ақша әкімдікке, министрлікке түседі. Әрі қарай не болады? Қалай жұмсалады? Шөмішті ұстағандар алдымен қара басының қамын ойлайды.

Рас, үкіметтің қолынан ештеңе келмей жатыр. Жауапкершілік атымен жоқ. Басқарушылардың өздері дым білмейді. «Бастығым не айтады?» деп күтіп отырады. Сондықтан адамдар қырылып жатыр. Мәселен, аппараттар, дәрілер алу керек дейік. Оны дереу шешу керек. Ал жүйе бұған кедергі.

Маминнің орнына басқа адам келсін, мен келейін, сіз келіңіз, одан ештеңе де өзгермейді. Алдымен тиімді басқару жүйесі құрылсын. Осы уақытқа дейін той-думандатып жүрдік. ЭКСПО өткіздік. Қайда нәтиже? Кімге керек еді, бұл? Қыруар ақшаны рәсуа жасап, босқа шаштық. Қазақстан – өте бай мемлекет. Енді дәрі-дәрмек сатып алуға ақша таба алмай қалдық па? Осылай айту ұят емес пе? Қырғызстан сияқты ел болсақ, түсінер едім. Оларда қаражат жағынан жағдайлары мәз емес.

Осы уақытқа дейін «біз бәрін сатып аламыз» деп бөсіп келдік емес пе? Тіпті, «мамандарды да, инженерлерді де сатып аламыз» дедік. Енді осының нәтижесін көріп жатырмыз. Жауапкершілік болса ғана, тиімді басқару жүйесі құрылады. Үкімет халықтың алдында, парламенттің алдында жауапты болуы керек. Бізде үкіметке ұрсатын адам жоқ. Бұлар ешкімнің алдында жауап бермейді. Сондықтан қазір туыстарымыздан, жақындарымыздан, дос-жарандардан айырылып жатырмыз. Жауапкершіліксіз ештеңе де болмайды.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Қорқынышты жағдайға тап келіп отырмыз

– Креативті, білімді азаматтар бар. Ол үкіметте де, президент аппаратында да жоқ емес. Менің ойымша, өкінішке қарай, премьер-министр қызметіне үміткерді тағы да бұрынғы «оқшантайдан» алатын шығар. Басқарушы элита қазір кастаға айналып кеткен. Бөтен адамдарды жібермейді. Кірсе де, некен-саяқ.

«Маминнен кейін мынау премьер-министр болады» деп айта алмаймын. Дөп басып айту қиын. Ал Маминге келсек, ол шөптің басын сындырған жоқ. Ештеңе тындырмады. Әйтеуір жүрді. Денсаулық сақтау министрлігі болса, бәрін топалаңға айналдырып жіберді. Әсіресе, дәрі-дәрмекке қатысты. Бізде дайындыққа өте көп уақыт болды. Әлі де дәрі-дәрмек, аппараттар сатып алуға болады. Оған қаржымыз да жетеді. Бәрі бар. Бірақ...

Бүгін дәріханаға барып келдім. Дәріхананың қасында 20-30 адам кезекте тұр. Барлық жерде солай. «Пеницелин» бар ма, жоқ па?» деп сұрап кетеді. Дәрі іздеп сандалып жүрген халық. Дәрі-дәрмек жоқ. Әйтеуір, маскалар бар екен. 115 теңгеден сатылып жатыр.

Құдайға шүкір, менің балаларым бар. Қажетті дәрілерді шетелден алдыртып берді. Жұбайымыз екеуміз де сырқаттанып қалдық. Шетелдің дәрілерімен емделіп жатырмыз. Ал көп адамның мұндай мүмкіндігі жоқ емес пе?

Ауыл адамдары мүлде далада қалды. Ауылда, тіпті, дәріханалар да жоқ. Менің туған ауылым таудың арасында. Бір адамға коронавирус жұқса, бүкіл ауыл қырылып қалады. Сондықтан біздің үкіметтің жұмысы ешқандай сын көтермейді. Әбден корррупция тамырын терең жайып, жемқорлық дендеп кеткен. Жауапкершілік деген атымен жоқ. Көп болса, қызметінен кетеді. Миллиондап, миллиардтап ақша жеп алса, оған қызмет неге керек? Олардың ешқайсысы ақша жегені үшін жазаланып, түрмеге түсіп жатқан жоқ. Президент аппараты қазір өте жұмсақтық көрсетіп отыр.

Ғалым ретінде, өмір бақи қоғамды зерттеп келдік. Біз аң-таңбыз. Қоғамды осындай дәрежеге жеткізуге бола ма? Бұл шектен шыққан ұят нәрсе. Біздің биліктегілер Моңғолияның дәрежесінде де халықты басқара алмады. Менің балаларымның Өзбекстанмен қарым-қатынасы бар. Ол жақта барлық дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмек бар екен. Ел керегін оңай алып жатыр. Сандалып жүрген ешкім жоқ. Бағасы да қымбат емес.

Бізде бір дана парацетамолды 450 теңгеге сатып жатыр. Мұның алдында ғана пәшкесі 450 тұратын. Біздің халықтан да ұят кетті. Біреулер өліп жатыр, біреулер ақша жасап жүр. Сонда ауру маған келмейді деп ойлай ма? Халықтың ниеті де бұзылып барады. Алла тағала ниеті бұзылғандарды жазалайды. Осы уақытқа дейін билік дандайсып, той тойлаумен келді. Халық та соған еріп, той жасаудан қолы босамады. Кафе, ресторандар, тойханалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Осының бәрі – қажет емес дүниелер. Надан қаланың істейтіні, бұл. Әл Фарабидің, Абайдың сөздерін көшеге жазып қоямыз, бірақ орындамаймыз.

Біз көп нәрсеге, болашаққа сендік. Билік халықтың жағдайын жасайды деп ойлап, оңбай қателестік. Билік халықтың жағдайын жасамайды екен. Қазіргі жағдайда басқарушы элита: «Айналайындар, елді басқара алмадық. Тізгінді жаңа буынға берейік», – деп өз еркімен кетуі керек. Өкінішке қарай, олар кетпейді. Бізде неге коронавирус тоқтамай қойды. Оның бастысы себебі, біз Қытаймен ауыз жаласып, шүберектерін кіргізіп жатырмыз. Қытайда осы вируспен ауырған адамдар аз емес. Соның бәрі қытай заттарымен елімізге келіп жатыр. Мұның артында тұрған адамдарды өздеріңіз білесіздер. Солардың жүк көліктері Қытайдан еш кедергісіз келіп жатыр. Осындай жағдайдан соң Қазақстанға үлкен індет келді. Қытай мамандары бізде 3000 адам өлгенін айтып отыр. Меніңше, бұл бергі жағы ғана.

Бізге түбегейлі өзгеріс керек. Кеңес одағы мақтана-мақтана, шаңырағы ортасына түсті. Билік карантиннің арқасында коронавирустан аман шықтық деп мақтанып үлгерді. Керісінше, қорқынышты жағдайға тап келіп отырмыз.

Тегтер: