16 Қыркүйек 16:31

«Ұлы дала алтынын» Ұлыбританияға әншілер арқалап апара ма?

Фото:

Тамыз айының басында BBCNews Шығыс Қазақстан облысынан табылған, шамамен 2700 жылдық тарихи жәдігерлер Кембридж университетінің Фицуильям музейіне қойылатынын хабарлаған.

Бұл туралы The Guardian бүй деп жазды: «Шығыс Қазақстандағы үш қорымнан табылған жауһар дүниелерді Кембридж музейі әлемдік аренадағы «археологиялық сенсация» деп атап, тұңғыш рет музейде көрсетпек».

Кембридж университеті музейінің дерегінше, бұл жәдігерлер Қазақстан аумағындағы тоналмаған екінші сақ қорғаны.

«Ұлы дала алтыны» көрмесі 27 қыркүйекте басталады. Экспонаттардың көпшілігі тұманды елге жіберіліп те қойған. Қазір онда мамандар жәдігерлерді қалай дұрыс орналастыру мәселесімен айналысып жатқан көрінеді.

ШҚО әкімі Д.Ахметов.

Ежелгі алтын бұйымдарымызды көрсетуден бөлек, ШҚО әкімдігі келген қонақтарға сый-сыяпат дайындап жатыр. Әкімдік түрлі сувенирлер тарту етіп, көрмеде қазақ әншілері ән шырқамақ. Облыс әкімі Д.Ахметовтің сөзімен айтсақ, «қазақ даласының, біздің бабаларымыздың рухын оятатын» әндер шырқалады-мыс.

Ұлыбритания жерінде «қазақ даласы мен бабаларымыздың рухын ояту» міндеті Made in KZ дейтін топтың мойнына жүктеліпті.

Құрамында екі жігіт пен бір қыз ән шырқайтын топ 2015 жылы құрылған. Сөз жоқ, салыстырмалы түрде қарағанда, топтың әндері тәп-тәуір екен. Ұлттық колорит, қазақы нақыш анық сезіледі, өйткені топ құрамындағы қоңыр дауысты сүйкімді қыз екі домбырашы жігіттің сүйемелдеуімен ән шырқайды. Бірақ...

Made in KZ тобы.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі осы топты Ұлыбританияға апарып, «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылуында ән шырқату үшін бюджеттен 19,7 млн теңге шығындамақ. Бұл туралы PROTENGE телеграм-каналы жазды.

Телеграм-каналдың дерегінше, музыкалық құрал-жабдықтарын, киім-кешектерін, қатынас көлігін қоспағанда, әртістердің визасының өзіне 2,4 млн теңге, ұшып баруына – 1,8 млн теңге, қонақ үйде 8 тәулік жатуына – 2,6 млн теңге, гонорарына 1 млн теңгеден төлемек.

Жасыратын несі бар, «Ұлы дала алтынын» Ұлыбританияда көрсететінін естігенде қуанып қалып едік, әншілердің шығынын көріп, көңіліміз түсті.

2019 жылы құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің мұрасын зерттеу үшін Мәскеуге ғылыми топ барған-ды. Бұл туралы «Время» газеті жазды кезінде. Кейін белгілі болғандай, ғылыми топпен бірге Мәскеуге ғылымға да, ақынға да еш қатысы жоқ «туристер» де барыпты. Олар бюджеттің ақшасына ел аралап, жер көріп, Қызыл алаңда суретке түсіп, қымбат қонақ үйде шалқайып жатып қайтқан ғой, қысқасы!

Осындай жағдайды болдырмау үшін, Сіз бен біздің ақшамызға мәдениетке қатысы жоқ «туристерді» Ұлыбританияға жібермеу үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің атына ресми сауал жолдадық. Сауалымызға жауап көп күттірмейді деп ойлаймыз.

Көрмеге қанша адам барады? Кімдер барады? Шығыны қанша? 27 қыркүйекке дейін әлі уақыт бар. Даниал Кенжетайұлы көрмеге баратындардың тізіміне тағы бір көз жүгіртіп шығар, бәлкім...    

Тегтер: