2 Қаңтар 19:41

Үкімет әйелдердің зейнеткерлікке шығу мүмкіндігін азайтып тастады

Фото:

Елімізде жаңа жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өсті. Оған биыл бюджеттен 190,4 млрд теңге көзделген.

«2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 млрд теңге көзделіп отыр», – делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

Бұл 4,2 млн адамның табысын арттырады, оның ішінде:  

– 2,3 млн-ға жуық зейнеткерге ынтымақты зейнетақы мөлшерін 7%-ға (инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып) және базалық зейнетақы төлемін 5%-ға, жалпы сомасы 138,3 млрд теңгеге арттыру жүргізілетін болады;

– 1,9 млн алушыға әлеуметтік жәрдемақы жалпы сомасы 52,1 млрд теңгеге, 5%-ға артады. Бұдан тыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кіріс деңгейіне де оң әсер етеді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс  деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарланғаны есте. Нәтижесінде ЕТК мөлшері 36 018 теңге, ал АЕК – 3 063 теңге болмақ.

Ең төменгі жалақы – 60 мың теңге

2021 жылғы 2 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» құжатқа қол қойды. Биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері қазіргі 42 500 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 46 302 теңгеге дейін, ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 19 450 теңгеге дейін өседі.

Сонымен бірге, жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ ҚР заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 063 теңгеге дейін артпақ.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Былтыр оның көлемі – 34 302 теңге болса, 2022 жылы – 36 018 теңгеге дейін өсті. Бірінші кезекте, ең төменгі жалақының көтерілуі айлығы өте төмен жұмысшылардың табысына оң әсер етеді. Бүгінде жалақысы 60 мың теңгеден аз 1 миллион 650 мың адамның кірісі артады.

Екіншіден, жұмыс берушілер жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішіне сай қызметкерлердің басқа да санаттарының жалақысын қайта қарайды.

Айта кету керек, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті. Қазақстанда күнкөріс минимумы мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияға қарай, жыл сайын көтеріліп тұрады.

Зейнетақымен бірге зейнет жасы да өсті

2022 жылы қазақстандықтардың зейнетақысы да артады. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 19 450 теңгеге дейін ұлғаяды. 2021 жылы ол 18 524 теңгеге тең болған еді. Ең төменгі зейнетақы 46 302 теңге болады. Былтыр оның мөлшері 43 272 теңге болды.

Елімізде әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайтылып жатқаны белгілі. Осыған байланысты биылғы қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60 жас 6 ай болып белгіленді.

«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-бабына сәйкес, әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отырады. Бұл өзгерісті жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде әйелдердің зейнеткерлік жасын 63 жасқа дейін жеткізу жоспарланған. Яғни, 2021 жылы әйелдер 60 жаста зейнетке шыққан болса, биыл 1 қаңтардан бастап 60 жас 6 ай болған кезде ғана зейнетке шыға алады. 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, осыған байланысты 1961 жылдың екінші жартысында дүниеге келген әйел азаматтар 2021 жылдың соңына дейін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш берулері қажет болған. Өтініш беріп үлгермеген жағдайда тек жарты жылдан кейін, яғни биылғы шілде айынан кейін ғана зейнеттік демалысқа шыға алады. Бұл өтініш берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады.

Зейнет жасы қалай өседі:

2022 жылдың 1 қаңтарынан –  60,5 жас;

2023 жылдың 1 қаңтарынан – 61 жас;

2024 жылдың 1 қаңтарынан – 61,5 жас;

2025 жылдың 1 қаңтарынан – 62 жас;

2026 жылдың 1 қаңтарынан – 62,5 жас;

2027 жылдың 1 қаңтарынан – 63 жас.

Жалпы, Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап көтеріліп жатыр. Оған дейін ана-апаларымыз 58 жасында зейнеткерлікке шығатын.

ТМД елдері ішінде ең төменгі зейнет жасы Өзбекстанда екен. Көрші елде 25 жыл еңбек өтілі бар ерлер 60 жаста, ал әйелдер 20 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыға алады.

Зейнетке кеш шығатындар – Армения азаматтары. Бұл елде ерлер 65 жастан, ал әйелдер 63 жастан зейнетақы ала бастайды. Бірақ барлығының еңбек өтілі  25 жылдан кем болмауы қажет. Десе де, Қазақстанда кейбір азаматтарға құрметті демалысқа ерте шығу мүмкіндігі берілген.

Олар:

бес және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;

Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған қазақстандықтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.

  Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы өсті

2022 жылы кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақының мөлшері ұлғаяды.  

Қазақстанда кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы жанұяға бала санына қарай төленеді.

2022 жылы оның мөлшері:

4 балаға – 16,03 АЕК немесе 49 100 теңге;

5 балаға – 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге;

6 балаға – 24,05 АЕК немесе 73 665 теңге;

7 балаға – 28,06 АЕК немесе 85 948 теңге;

8 және одан көп баласы бар отбасыларға 32,06 АЕК немесе 98 200 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаламен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 6,4 АЕК немесе 2022 жылы 19 603 теңгеге тең болады.

МӘМС үшін аударылатын төлемдер өзгереді

Биыл 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері де өзгереді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) артуымен байланысты.

Бұдан былай:  – жұмыс беруші қызметкер үшін оның жалақы деңгейінің 3%-ын төлейді, бірақ 18 000 теңгеден аспайды – қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2%-ын, бірақ 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде төлейді – жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе 4 200 теңге төлейді.

 Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ):

–  қала тұрғындары үшін – 1 АЕК немесе 3 063 теңге;

 – ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге.

«Дербес төлеушілер ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 3 000 теңге төлейтін болады. Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдігі бар санаты үшін төлем жасайтын болады, бүгінде бұл санаттағылар 11 млн-нан асады. Бір адам үшін жарна мөлшері 3 614,2 теңгені құрайды», - деп хабарлады ӘМСҚ баспасөз қызметі.

МӘМС үшін төлемді қайдан жасауға болады?

Жарнаны:

– екінші деңгейлі банктер және олардың интернет-сервистері арқылы;

– Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы;

– «Казпочта» АҚ бөлімшелері арқылы;

– төлем қабылдау терминалдары (Qiwi, Kassa24 және т.б.) арқылы;

– медицина ұйымдарындағы төлем қабылдау терминалдары арқылы төлеуге болады. 

P.S. Осылайша Үкімет зейнетақы мен жәрдемақыға болмашы тиын-тебен қосқан болды. Бірақ әйел адамдардың зейнетке шығу жасын да өсіріп, аналардың зейнет демалысына шығу мүмкіндігін азайтып тастады. Ал әлгі қосқан тиын-тебенін инфляция өткен жылы жеп қойған... 

Тегтер: