27 Тамыз 15:31

Ресейде тыйым салынған 1XBet НЕГЕ Қазақстанда жұмыс істеп жатыр?

Фото:

1XBet букмекерлік кеңсесінің жұмысына көп елдер тыйым салған. Әсіресе, көрші Ресей 1XBet қызметін мүлдем бұғаттап тастаған. Ал бізде ше? 

«Барселона» футбол клубына демеушілік ететін букмекерлік кеңсенің Ресейде бұғатталуына жаңа заң жобасы себеп болған. Заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін барлық букмекерлік кеңселер лицензия алуға міндеттелген.

1XBet букмекерлік ойынның жарнамасы жер жарады. Кеңсенің қызметін танымал блогерлер өз парақшасында барынша жарнамалап жатыр. Мысалы, 2019 жылдың бірінші тоқсанын есепке алатын болсақ, 1XBet видео жарнамаға тапсырыс беретін үздік үштіктің қатарында болған. Бұл ұйымның жарнамасы бізде де күшті. Телеарна, радио, әлеуметтік желілердің түңлігін желпілдетіп тұр.

Букмекерлік кеңсе спортқа (теннис, хоккей, футбол, регби, баскетбол, бейсбол, үстел теннисі және т.б.) онлайн бәс тігуді қабылдайды. Оның арнайы сайтына тіркелуде белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, бәс тігу 21 жастан асқандарға ғана қолжетімді.

1XBet-ке Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Германия, Бельгия, Франция, Италия, Португалия, Испания, Грекия, Аустрия және т.б. сынды алпауыт мемлекеттерде тыйым салынған. Аталған елдерде 1XBet букмекерлік кеңсесінің қызметін пайдалануға болмайды.

2020 жылы Ресейде букмекерлік кеңсенің ұйымдастырушыларының үстінен «Құмар ойындарды заңсыз ұйымдастыру» бабы бойынша іс қозғалған. 1XBet онлайн-букмекерін ұйымдастыру ісі бойынша Роман Семохин, Дмитрий Казорин және Сергей Каршков күдікке ілінген. 

Р.Семохин, Д.Казорин және С.Каршков.

2014–2019 жылдары Брянск қаласының осы үш тұрғыны, тергеу мәліметтері бойынша, «1XBet ақпараттық ресурсында құмар ойындарын ұйымдастыруға және өткізуге арналған» бағдарламалық жасақтама жасап, сайтқа техникалық қолдау көрсетіп келген. Тергеу комитетінің бағалауы бойынша 5 жыл ішінде құмар ойындарды заңсыз ұйымдастырудан Семиохин, Казарин және Каршковтың кірісі 63 миллиард рубльден асқан. Үшеуінде де Ресей мен Кипр азаматтығы бар. Олар шетелде жасырынып жүргендіктен, халықаралық іздеуде. 

Ресейде 1XBet қызметінде букмекерлік кеңсеге міндетті Федералдық салық қызметінің лицензиясы жоқ. Сондықтан оның қызметі Ресей Федерациясында заңсыз болып есептеледі. Сонымен қатар, букмекерлік кеңсе Кюрасаода тіркелген. Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, букмекерлік ойынға рұқсат беру үшін компания Ресейде тіркелуі керек.

Ресей өз Заңнамаларын негізге алып, 1XBet-ке тыйым салғанын жоғарыда айттық. Ал бізде қалай? Белгілісі – 1XBet Қазақстанда заңды түрде тіркелген. Яғни оның жұмысына ешқандай шектеу жоқ.

Nege.kz порталы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне ресми сауал жолдаған. Сауалымызға төмендегідей жауап келді: 

«Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңының  9-бабына сәйкес құмар ойындар саласындағы қызмет лицензия негізінде жүзеге асырылады. Комитеттің 2020 жылдың 25 желтоқсанында «1XBet букмекерлік компаниясы» ЖШС-не букмекерлік кеңсе қызметімен айналысуға берген №20019314 лицензиясы жарамды».

Ресейде тыйым салынған букмекерлік кеңсенің жұмысы Қазақстанда да тоқтатылуы мүмкін бе?

«Егер ойын бизнесін ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзғаны үшін лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып немесе лицензиядан айыра отырып, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі негізінде әкімшілік жауаптылыққа, сонымен қатар, егер заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі негізінде қылмыстық жауаптылыққаа тартылатынын хабарлаймыз», – деп мәлімдеді министрлік.

Көптеген елдерде жұмысына тыйым салынған 1XBet Қазақстанда құлашын кеңге сермеп жүр. Әлде бұл бір жоғарыдағы әлдебір шендінің майшелпегі ме?

Тегтер: