16 Наурыз 17:30

«Оны кім отырғызады?»: НАЗАРБАЕВТЫ «пайғамбар» жасағандар «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДА» сайлауға түсіп жатыр

Фото:
Сайлау науқаны мәреге жақындаған сайын қызық көбейіп келеді.

Әсіресе, оңтүстік өңірде. «Ескі Қазақстанда» бірі тапанша атып, екіншісі «Назарбаевқа неге ескерткіш қоймаймыз?!» деп даурыққандар «тонын теріс айналдырып киіп», бізге «Жаңа Қазақстанды» құрып бермек.

Апта басында «Түркістандық кандидат НЕГЕ тапаншамен «ойнап» жүр?» деген мақала жарияланғанбыз. Онда билік партиясының атынан сайлауға түсіп жатқан Ақиқат АБДУЛЛАЕВТЫҢ 2014 жылы әлдебір тойда тарсылдатып тапанша атып жүрген видеосын талқыладық. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда Абдуллаевтың бұған дейін де Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болғанына, оның биыл тағы сайлауға түсіп жатқанына қарағанда, іс аяғына жетпеген сыңайлы.

Коллаж: NEGE

Түркістан облыстық прокуратурасына осы іске қатысты ресми сауал жолданды, жауап күтеміз.

Бүгінгі кейіпкеріміз де – оңтүстік өңірдің тумасы. Есім-сойы – Болатбек Нәжметдинұлы ӘЛИЕВ.

«Болатбек Нәжметдинұлы туған өлкесі – Түркістан облысының келешегі үшін алаңдайды. Қолда бар әлеуетпен Шымкент қаласын әр азаматқа жайлы етуге әбден болады деген сенімде. Ол Шымкент қаласы №7 округ, оның ішінде Еңбекші, Қаратау және әл-Фараби аудандары бойынша Мәжіліс депутаттығына сайланып жатыр», – деп жазды ол бүгін әлеуметтік желідегі парақшасына.

«Сайлауға түсіп жатыр» деп емес, «сайланып жатыр» деп жазуына қарағанда, мәселені шешіп қойған сияқты ма, қалай?..  

2013 жылы Б.Әлиевтің басы оңбай дауға қалған. Ол кезде Әлиев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары еді. Облыстық мәслихат депутаттары, құрылысшылар қауымдастығының төрағасы және өңірдің беделді азаматтары сол кездегі Премьер-министрдің, ҰҚК төрағасының, Бас прокурордың атына хат жолдап, Әлиевтің әрекетін әшкерелеген.

Фото: Әлеуметтік желіден

2001 жылы Б.Әлиевті ОҚО Сарыағаш аудандық соты «билігін асыра пайдаланды» деп және тағы да басқа қылмыстық әрекеттері үшін үш жылға соттапты. Жоғарғы сот та төменгі инстанцияның үкімін күшінде қалдырған. Алайда бұл біздің кейіпкерімізге еш кедергісін тигізбеген. Керісінше, Әлиев осыдан кейін түрлі жоғары лауазымдарды иеленді.

Он жыл бұрын жоғарыға жолданған хаттан үзінді келтірейік, онда былай дейді: «Ол өзінің облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғанын заңды деп санайды. Оның өткені туралы сөз болғанда: «Мен барлық тексеруден өттім», – дейді. Одан бөлек: «Мемлекет басшысы жемқорлық бойынша жазаға тартылғандарды ғана қызметтен қууды тапсырды, ал маған «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Мұның маған қатысы жоқ», – деп құтылғысы келеді».

Әлиев «Ескі Қазақстан» билігінің тексеруінен қалай өткенін кім білсін, ал енді «Жаңа Қазақстанның» билігі оны сайлауға қалай өткізіп жүргені тағы белгісіз.

Облыс деңгейінде өткізілген түрлі тендерлер мен құрылыс саласындағы заңсыздықтарға қатыстылығын, қарамағындағылардың істі болғанын тізген әлгі атышулы хаттан кейін Б.Әлиев қызметінен кетті. Оған «Әлиев» деген тегін алып тастап, «Нәжметдинұлы» ғана болып қалғаны да көмектеспепті.

2013 жылы мамыр айының соңында сол кездегі ОҚО әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ Президент әкімшілігінің келісімімен Б.Нәжметдинұлын қызметінен босатты.

Осы даулы оқиғадан кейін «жеміс-жидек өсіруге кетіп» тым-тырыс қалған Болатбек Нәжметдинұлы 2021 жылы қайтадан билікке араласқысы келетін дәмесі барын байқатты.

2021 жылы 25 мамырда ол әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды: «Бірнеше жыл бұрын біздің нысанға – жеміс бағымызға Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, азық-түлік қауіпсіздігі үшін істеп жатқан жұмысымызға баға берді, нарықта тиімді жұмыс атқарып жатқан үлкен жобамызды іске қосты.

Оның моральдық қолдауының арқасында тауарымызды ішкі нарыққа және шетелге экспорттап жатырмыз...

Әлеуметтік желіде біздің жұмысымыздың фотолары пайда болды. Біз мұны іске асыруды бірнеше жыл бұрын қолға алғанбыз, өткен жылы іске асыруды бастадық. Талантты мүсінші табу оңай болған жоқ. Ол – Тілеуберді БИНАШ. Ескерткіш өткен жылдың желтоқсанында дайын болуы керек еді, бірақ аса қиын шаруаны қысқа мерзімде аяқтау мүмкін болмады.

Қазір Нұрсұлтан Әбішұлының мүсіні дайын, мен Түркістан қоғамына, қала әкімі Рашид Аюповқа ескерткішті түркілердің рухани астанасына орнатуды ұсынамын.

Мүмкін бұл талқыланатын шығар, бірақ мен кәсіпкер ретінде, ауыл шаруашылығы маманы ретінде мұндай шешімді ұсынуға құқығым бар деп есептеймін. Ол бұған сөзсіз лайық, бұл – менің шешімім, осындай тұлғамыз барына мақтанамын. Батыл болайық, мырзалар!».

Көп ұзамай Б.Нәжметдинұлының арманы іске асты. 2021 жылы 3 шілдеде Түркістан облысы әкімдігінің алдына Назарбаевтың үлкен ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Кейіпкердің пенжегінің өңірі ашық, түрегеп тұр...

Фото: ғаламтордан

Елді дүрліктірген Қаңтар қырғынынан кейін Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді жинап, қатқылдау кездесу өткізгені есте. Осы жиынға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы да қатысты. «Жеміс-жидекті Өзбекстанға кіргізе алмай қалдық, кіру үшін 20 құжат дайындаймыз», – деп шағымданды ол.

Бір кездері Назарбаевты асыра мақтап жүріп ескерткіш қойғызған Б.Нәжметдинұлы Тоқаевқа НЕГЕ шағым айтты? Бас-аяғы бір жылға да толмайтын уақытта не өзгерді? Жүйе өзгерді ме, әлде кейіпкеріміздің өзі өзгерді ме?

Фото: ғаламтордан

P.S. Назарбаевтың Түркістандағы ескерткішін көрген сайын әйгілі «Джентельмены удачи» комедиясындағы мына бір диалог еске түседі:

– Отыр ма?

– Не? Кім?

– Сенің әлгі пенжек киген еркегіңді айтам.

– Сен де айтады екенсің, оны кім отырғызады? Ол ескерткіш қой!..

Тегтер: