Бала үшін ата-ана басты «құбыжыққа» айналады – Оқушылардың телефонындағы ойын өлімге итермелей ме?
Жаңа оқу жылы бастала салысымен мектеп оқушыларының арасында суицид жасау дерегі жиіледі. Алматы қаласының өзінде соңғы екі аптада көпқабатты үйдің терезесінен, шатырынан 7 жасөспірім секіріп кеткен. Бұған қатысты дабыл қағылып, еліміздің барлық мектептерінде балалардың қауіпсіздігіне арналған шаралар қолға алынды. Көпқабатты үйлердің шатыры тексеріліп, жабылатын болды.
Ата-аналар мен қоғам белсенділері балалар арасындағы суицидке әлдебір ойынның қатысы бар екенін алға тартады. Олар кез келген бала қолындағы гаджетіне оп-оңай жүктеп, ойнап жүрген ойынның арты қайғылы жағдаймен аяқталып жатыр деген ойда. Тіпті әлеуметтік желілердің өзінде баланы қауіпті қадамдарға итермелейтін ойындар пайда болған.
Баланың психикасына әсер етіп жатыр деген ойынның бірі – SchoolBoy Runaway. Ресейлік ойынның атауын ағылшын тілінен тікелей аударғанда «оқушының қашуы» дегенді білдіреді. Аты айтып тұрғандай, ойын жасөспірімдерді үйден, ата-анасынан қашуға үгіттейді. Ал сабақ оқып, әке-шешенің тілін алуды дұрыс емес деп түсіндіреді. SchoolBoy Runaway – Linked Squad ұсынған жаңа ойын. Оның іске қосылғанына екі айдың жүзі болған. Анықталғандай, оны iOS және Android платформаларында оңай жүктеп алуға болады. Сонымен қатар, ойын барысында телеграм мессенджеріне және YouTube каналына тікелей сілтеме көрсетілген. Демек, Қазақстандағы кез келген бала оңай жүктеп алып, ойнап жүр деген сөз.
Ойынның бас кейіпкері – Андрей есімді оқушы. Сюжетке сәйкес оның мектептегі үлгерімі төмен, тәртібі нашар. Сол үшін де ата-анасы оны үйге қамап, сабақ оқуға мәжбүрлейді. Ал Андрейдің ата-анасының қыспағынан қашып шығуына көмек қажет. Ең сорақысы, бұл ойындағы жағымсыз кейіпкерлер – баланың ата-анасы. Ойынды жүктеп алған жеткіншек түрлі тапсырмаларды орындап, Андрейдің ата-анасының көзіне түспей, шатырдан секіріп немесе басқа да жолдармен үйден қашып шығуына жәрдемдеседі. Оның негізгі – шарты үйді барлап, қашып кетуге болатын жоспар құру. Ол үшін түрлі әркеттерге баруға тура келеді. Бұл ойынды ойнап отырған балада ұрлық жасауға болады деген ой қалыптасады. Өйткені ойынның сюжеті бойынша бала әкесін алдап, көліктің кілтін ұрлап алуы керек.
Егер Андрей қашып құтыла алмаса және ата-анасына ұсталса, жазаланады. Мысалы, үйді айнала жүгіреді немесе есіктің алдын сыпырып, еденді тазалауы мүмкін. Сонымен қатар үй тапсырмасын орындап, сабақ оқуға мәжбүрлейді. Егер ол ата-анасына осылайша үш рет ұсталса, ойын аяқталады. Сосын барлығын қайтадан бастау керек болады. Әрине, бұл барлық ойынды басынан аяғына дейін мінсіз аяқтағысы келетін ойыншылардың түрлі қулықпен жеңіске жетуіне шабыттандырады.
Бұл ойынға қатысты психологтар да алаңдаушылық танытып отыр. Олар «баланың санасы улануда» деп дабыл қағады. Өйткені ойын сюжетінің өзі бала мен ата-ананың қарым-қатынасын алшақтатуға негізделген. Ойындағы Андрейдің өзі қалағандай өмір сүруіне ата-анасы кедергі. Оқушылар ойын кейіпкері Андрей сияқты ата-анасын жек көре бастайды. Олардың «сабағыңды жақсы оқы», «тәртіпті бол» деген талабын дұрыс емес деп қабылдайды. Ойынмен ойы қалыптасқан бала үшін шынайы өмірде де ата-ана басты «құбыжыққа» айналады.
Психологтар ойын сюжетінен тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін көрген. Сонымен қатар ойындағы Андрейдің әкесі мен шешесінің образы психологтарды алаңдатып отыр. Өйткені, анасы үнемі ештеңеге көңілі толмайтын, күні бойы ас үйден қолы босамайтын долы әйелдің бейнесінде көрсетілген. Ал әкесі уақытын футбол көруге арнап, диванда жатып алып сыра ішіп, аузына келгенді айтатын кейіпкер ретінде сипатталған. Бұл, әрине, баланың психологиясына әсер етпей қоймайды. Санасы енді ғана жетіліп келе жатқан жасөспірім бұл ойын арқылы өтірік айтуды, ұрлық жасауды, үйден қашу үшін айла-шарғы ұйымдастыруды дұрыс деп санай бастайды.
Психологтар ойындағы кейбір әрекеттерді қатаң сынға алған. Мысалы, ойынның ережесі бойынша тапсырмаларды орындау барысында әкесіне дәрі беріп ұйықтатуға болатын шарттар бар. Ойын арқылы осы әрекетті көрген бала өмірде де солай істеуі мүмкін. Мұндай әрекетке бармайды деуге ешқандай кепілдік жоқ. Өйткені бала көргенін істейді.
Ойындағы керағар тәрбиенің тағы бір көрінісі – тілазар Андрейдің әкесімен әлеуметтік желіде хат алмасуы. Үйден қашу үшін түрлі әрекетке баратын бала, әкесінің назарын аударту үшін оған қыз болып хат жазып, танысуды ұсынады. Хаттың мәтінінде интимді сұрақтар кездеседі. Мұның өзі психиканың бұзылуына себеп. Сонымен қатар педофилияны насихаттаудың анық көрінісі. Қалыпты отбасыда әке мен бала арасында қалжыңмен болсын мұндай әңгіменің өрбуі дұрыс емес.
Осылай түрлі құйтыртқы әрекеттерді жасау арқылы бала үйінен қашып, өзінің ойындағы бостандыққа шығады. Бұл – ойынның тек бірінші кезеңі ғана. Одан кейінгі кезеңдері бұдан да қорқынышты.
Бұл ойындағы басты кейіпкер Андрейдің прототипіне қатысты қызықты деректер айтылады. Ойынның сюжеті 2015 жылы Ресейдің Губаха қаласында тұратын Андрей деген баланың үйінен қашып кетіп, өзен жағасынан өлі денесі табылған оқиға негізделген-мыс. Алайда ойынның авторлары бұл болжамға қатысты пікір білдірмеген. Олар бұл деректерді растамаған және жоққа да шығармаған.
Ал Қазақстанда бұл ойын жайлы балабақшадағы балалар да білетін болып шықты. Ал мұғалімдердің айтуынша, бұл ойынды 7-сыныптан жоғары балалардың ойнап жүргені анықталған.
«Ата-аналардан осы ойын жайлы естіп қалдым. Кейін өзім зерттеп көріп, ойынның мағынасынан шошып кеттім. Балам бірінші сыныпта оқиды. Кейін баламнан осы ойын жайлы сұрап едім, ол білетін болып шықты. Бірақ ол телефонға жүктеп, ойнамаған. Алайда түрлі блогерлердің YouTube каналынан ойын жайлы видеолар көрген екен», – дейді алматылық ата-ана.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне байланысты мәселе көтеріп, ата-аналарға үндеу жасады.
«Соңғы күндері балаларымыздың өз-өзіне қол жұмсау фактілері қоғамның қатты алаңдаушылығын тудыруда. Бұл жантүршігерлік қайғылы жағдайлар ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Айдың-күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан өрендерімізден айырылдық.
Ал енді осы қылмыстарды іске асыруға жағдай туғызып отырған әлеуметтік желілер мен мессенджерлер екенін ашық ақпарат көздерінен оқудамыз. Оны жалтақтамай айту қажет деп санаймын.Олар санасы әлі қатпаған жеткіншектеріміздің психикасына теріс әсер ететін құралға айналды. Ең сорақысы сол, бұл ойындар мен квесттер психологиялық тұрғыдан айтқанға көндіру дағдыларын қолдана отырып, кәсіби түрде жасалуда. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің дамуы және гаджеттердің кең таралуымен мұндай ойындар елімізде жаппай сипатқа ие болып отыр. Бірде-бір отбасы бұдан өзін сақтандыра алмайды.
Мемлекет тарапынан заң деңгейінде буллинг, өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеу сияқты әрекеттерге қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бірақ қазіргі жағдай мұның жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан, әрбір ата-ана осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, балаларымен көбірек сөйлесулері керек. Жауапты министрлік мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмыс алгоритмдерін өзгертуі тиіс. Олар балалардың мінез-құлқындағы және жүріс-тұрысындағы белгілерді уақтылы анықтауда тиімді құрал болуы керек.Бірақ, ең бастысы, мұны мен ұстаз ретінде, ана ретінде, депутат ретінде айтамын – мемлекет пен қоғам әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілерінен таралып жатқан ақпаратқа бақылауды күшейтуін талап етуі керек деп санаймын. Таралып жатқан заңсыз, зиянды, бүлдіршіндердің санасын улайтын жүктемелерге бақылауды оқыс күшейтуді қатаң талап ету керек», – деді мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Балаңыздың осындай ойын ойнап жүргенін білсеңіз не істеу керек?
Психологтардың айтуынша, бірден байбалам салып, балаға дауыс көтеру орынсыз. Мұндай жағдайда ақылмен шешім қабылдап, баламен ақырын сөйлесу қажет. Баланың сеніміне кіре отырып, оны ойыннан алшақтатуға болады.
Оқу-ағарту министрлігі де баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше ереже ұсынды.
1. Балаңызға жаңа телефон алып берген кезде телефонға бірге құпиясөз орнатыңыз, геолокация және іздеу функцияларын қосыңыз.
2. Баланың смартфонындағы ата-ана бақылауы қызметін қолданып, балаңыздың онлайн белсенділігін, жүрген жолын бақылаңыз, сондай-ақ жағымсыз контенттерді шектеңіз.
3. Жасөспіріммен оның онлайн өмірі жайлы әңгімелесіңіз. Оның қандай сайттарға кіретінін, қандай ойындар ойнайтынын, кіммен қандай платформаларда сөйлесетінін біліңіз.
4. Балаңызға цифрлық сауаттылықты және цифрлық тәртіпті үйретіңіз. Желідегі сексуалдық алымсақтық пен кибербуллинг қаупі туралы айтып беріңіз.
5. Балалардың көруіне тыйым салынған және жағымсыз контент туралы, оларды неліктен көруге болмайтынын айтып беріңіз.
Ал сіз, құрметті оқырман, балаңыздың бос уақытында немен айналысатынын, әлеуметтік желіден не үйреніп жүргенін білесіз бе?