28 Мамыр 17:08
...

Бақытгүл Кішібаева: Ұстаздың міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беру

Қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы колледж
Фото: жеке мұрағаттан

Алматы облысында мектептерден бөлек кәсіптік-техникалық колледждердің бәсі басым.

  Осы бағытта қоғамға қажетті мамандар даярлауда тәжірибесі бар Алматы облысының Қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі көш басында. NEGE тілшісі колледж директоры Бақытгүл Кішібаеваны әңгімеге тартты.

  – Бақытгүл Тұмарханқызы, колледждің бүгіні мен болашағы туралы айтып берсеңіз...

  – Алматы облысында 22 мемлекеттік колледж бар. Соның ішінде Қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі 1978 жылы ашылған. Оқу орнында 6 мамандық иелері даярланады. Олар Тамақтануды ұйымдастыру, Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, Шаштараз өнері, Туризм мен мейрамханалық қызмет көрсету мамандығы, сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап бұл қатарға Сән және дизаин мамандығы қосылмақшы. Бүгінде колледжде 850 студент білім алады. 9 сыныптан кейін түскендер 2 жыл 10 ай, ал 11 сыныптан кейінгілер 10 ай оқиды. Барлығы еліміздің әр өңіріндегі елді мекендерден келіп, мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен. Стипендия алады, бір уақыт ыстық тамақ беріледі, жатақханамен қамтамасыз етілген.

Колледжде көбінесе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары оқиды. Яғни, жалғызбасты ана тәрбиелеген, жетім балалар, көпбалалы отбасы балалары. Оқу орнында дуалды оқу – 100 пайыз, теория – 40 пайыз, тәжірибе – 60 пайыз. Колледж өзі дайындайтын мамандықтары бойынша 100-ге тарта әлеуметтік серіктестермен бірлесіп жұмыс істейді. Бізде білім алып, тәмамдаған студенттердің 90 пайызы жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Бақытгүл Кішібаева
жеке мұрағаттан

Колледжде 78 оқытушы жұмыс істейді. Біздегі оқытушылық құрам да осал емес. Магистрлік-академиялық дәрежесі бар жоғары санатты педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы және модератор біліктілігі жоғары мамандарға әрдайым есік ашық. Ұжымның 60 пайызы – жас мамандар. Оларды үйретуге тәлімгерлер бөлініп, тез бейімделіп кетуіне әкімшілік тарапынан жағдай жасалған.

Тіпті, бізді республика көлеміндегі колледж деуге болады. Өйткені, Оқу-ағарту министрлігі және тікелей колледждерге жетекшілік ететін «Talap» акционерлік қоғамымен республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан шараларға қатысамыз. Биыл Тамақтануды ұйымдастыру мамандығы бойынша 3 курс студенті Нұрсұлтан Толымбек республикалық WorldSkills чемпионатынан бірінші орын алып, Алматы облысының туын желбіретті. Енді Қазақстан атынан халықаралық байқауларда ел намысын қорғайды.

Колледждің жолға қойған басты тетігі – шетелдік оқу орындарымен байланыс орнату екен. Екі жақты оң келісімге әкелетін жұмыс та жеңіл емес шығар.

Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі соңғы жылдары бірнеше шетелдік білім беру ұйымдарымен өзара тиімді ынтымақтастық орнатты. Түркия, Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Қытай елдерінің жоғары оқу орындарымен және кәсіптік білім беру орталықтарымен меморандумдарға қол қойылды. Халықаралық әріптестік орнатқан ынтымақтастығымыздың басты мақсаты – білім сапасын арттыру, халықаралық стандарттарға сәйкес кадрлар даярлау және студенттер мен оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру.

Мәселен, Түркия елінің Анталия қаласындағы Мехмед Зеки Балджы атындағы лицей мұғалімдері мен студенттері бізге келсе, біздің ұстаздар мен студенттер сол жаққа барып, тәжірибе алмасып, түрлі шеберлік сыныбы мен семинарларға қатысуды үрдіске айналдырған.

2024 жылы оқу жылында Париж қаласындағы Де Пари халықаралық аккредиттеу орталығынан Тамақтануды ұйымдастыру мен Тігін өндірісі мен киім үлгілеу мамандығы бойынша аккредитациядан өттік. Сол Париждегі екі колледжбен халықаралық меморандумға отырдық. Колледж халықаралық әріптестік бағыты бойынша бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, бірлескен шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер мен кәсіби байқаулар, бейне-конференциялар, семинарлар және вебинарлар, кәсіпорын базаларына бару және танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды.

Бақытгүл Кішібаева
жеке мұрағаттан

Кемер қаласында, Гойнук провинциясында орналасқан 5 жұлдызды қонақ үйлерде білім алушылар тағылымдамадан өтіп және өндірістік оқыту шеберлері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп келді. 2023 жылы Оңтүстік Корея республикасының «RENEW» жауапкершілігі шектеулі серіктестік компаниясымен де келісімшартқа отырды. Соның нәтижесінде Кореядан келген әріптестер «Шаштараз өнері» мамандығы бойынша білім алушылар мен колледж мұғалімдеріне Шаш пен бас терісіне күтім жасаумен
«Бас терісіне пилинг жасау» процедурасын орындау техникасы бойынша шеберлік сыныптар көрсетті.

2025 жылдың 14 мамыр күні Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі мен Қытай Халық Республикасы, Шанхай қаласындағы Цзянцяо Университетіне қарасты Intermark халықаралық дизайн колледжі деканы, доктор Ким Хёнсок атынан Өз құзыреті мен өкілеттігі шеңберінде, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға негіз қалыптастыру мақсатында бірлескен әрі келісілген әрекеттерді жүзеге асыру, жоғары білікті кадрларды даярлау, тәжірибе мен білім алмасу, жұмысшы мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыру салаларында ынтымақтастық орнату үшін меморандумға қол қойылды.

Колледж директоры ретінде өзім және орынбасарым арнайы тағылымнамадан өтіп, халықаралық деңгейдегі сертификат алдық. Осы оқу жылында Тамақтануды ұйымдастыру мамандығы бойынша бір оқытушы студентімен бірге тағылымнамадан өтіп, Еуропа тағамдарының түрлері мен жасалу жолын үйреніп, тәжірбие алмасып келді. Ал халықаралық аккредиттеу бойынша он шақты оқытушы Франция мемлекетіндегі Де Пари халықаралық аккредиттеу орталығының арнайы сертификатына ие болды. Сәтін салса, жылдың соңына таман сән үлгісі бойынша Парижде дефиле өтеді. Сол көрмеде Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығы бойынша бір студентіміз тәлімгерімен бірге қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауды мақсат етіп, қатысуды жоспарлап отыр.

Бақытгүл Кішібаева
жеке мұрағаттан

– 2025 жылға «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп айдар тағылды. Осы бағытта атқарылған жобалар жөнінде айтып берсеңіз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаннан кейін техникалық және кәсіптік білім беру ошақтарында үлкен серпіліс болды. Нәтижесінде Алматы облысы Білім басқармасының ұйымдастыруымен алғашқы халықаралық «Тайқазан-2025» байқауы өткізілді. Соған Тамақтануды ұйымдастыру және тігін өндірісі мамандығы бойынша бойынша студенттеріміз бақ сынап, орын алды. Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының қолынан марапат пен кубокқа ие болды.

– Колледж облыстағы мектептермен тығыз қарым-қатынас орнатқан ба?

Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының орта білім беру ұйымдарымен бірлескен арнайы пилоттық жобасы бар. Яғни, мектептің 10-11 сынып оқушыларының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қосымша оқып, арнайы мамандық алу мәселесін көтердік. Жаңа оқу жылынан бастап Алматы облысындағы Көкөзек ауылында орналасқан мектеппен келісімшартқа отырып, 10-11 сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта колледжде келіп кәсіптік білім алатын болды. Олар жыл аяғында, яғни 11 сынып бітірген сәтте мектептің аттестатымен бірге колледждің де дипломын алып шығады. Бұл бастама Алматы облыстық Білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызының қолдауымен жүзеге асырылайын деп отыр.

Бақытгүл Тұмарханқызы
жеке мұрағаттан

– Соңғы жылдары «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мұғалімдердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жақсарып, мәртебесі биіктей бастады. Соған сәйкес оларға қойылатын талап та жоғары. Бұл тұрғыда не айтасыз?

Ұстазды жұмысқа алу Enbek.kz жұмыспен қамту порталы арқылы жүзеге асады. Кез келген жұмыс іздеген маман осы порталдың көмегіне жүгінеді және сол арқылы қабылданады. Мәселен, колледжге қажетті маман іздесек, сол порталдағы ұсыныстарды қараймыз, соның негізінде жұмысқа шақырамыз. Педагог мәртебесі жоғары деңгейде жолға қойылып келеді.

Бұрын мұғалімдерді сайлау науқаны кезінде қосымша жұмысқа тартып, одан қалса сенбілікке шығаратын еді. Бүгінде «Педагог мәртебесі» туралы заңынан кейін қосымша жұмысқа жегу деген мәселе жойылды. Әкімшілік тарапынан ешқандай қысым жасалмайды, қосымша жүктеме артылмайды. Ұстаздың міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Олар лауазымдық қызметіне сай өздеріне тиесілі белгіленген жұмысты ғана атқарады.

Жалақысын уақытылы алады, жылына бір мәрте еңбек демалысына шығады. Яғни, әр мұғалім «Педагог мәртебесі» туралы заңда көрсетілген міндет пен талап бойынша ғана жұмыс істейді. Егер еңбек тәртібі бұзылған жағдайда арнайы әдеп комиссиясы арқылы бірлесіп, шешеміз. Осы уақытқа дейін ондай жағдай тіркелген жоқ.

Бізде жөндеу жұмысына немесе материалдық техникалық базаға ақша жинамау туралы арнайы бұйрық бар. Оқытушы құрамнан да, студенттерден де ешқандай ақша жиналмайды. Алматы облысы әкімі мен облыстық білім басқармасы тарапынан әркез қолдау бар. Материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етіп, жаңартып береді. Егер қажеттілік болса, сұраныс береміз. Соның негізінде қаржы береді. Мемлекеттік сатып алу сайтына қойып, керекті құрал-жабдықтарды аламыз.