25 Қыркүйек 15:27

«Армия – әлсіз тәрбие алған балалар үшін стресс» – Бақытбек Смағұл әскердегі өлім-жітімнің себебін айтты

Әскердегі әлімжеттік
Фото: NEGE

Соңғы күндері әскери салада қатарынан бірнеше өлім тіркелді. Мұның себеп-салдарын анықтауға, мәселенің түпкі астарына үңілуге неге асықпаймыз? NEGE тілшісі көптің көкейінде жүрген сауалды Қазақстан ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлға қойған еді. 

– Соңғы кезде әскери саладағы әлімжеттік мәселесі өршіп, өлім-жітім көбейіп кетті. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болса, кейінгі төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, әлде жазатайым оқиға ма?

– Қазір еліміздің қарулы күштерін жаппай жамандаған ақпараттар көбейіп кетті. Оған себеп жоқ емес. Десек те, әлеуметтік желіде әскер тақырыбы белсенді түрде талқыланып, армияның айналасында халық үшін жағымсыз ахуал қалыптасып жатыр. Әскердің «дәмін татып көрмеген» сарапшылар да, айтқыштар да көбейді. Бұл тақырыпта пікір айту үшін кем дегенде сол салада қызмет етіп, бәрін іштен білу керек. Былай қарағанда, өмірі пұшпағы қанамаған әйелдің он екі бала тапқан анаға толғақ туралы лекция оқығаны сияқты ғой.

Әлімжеттік пен суицид – жиі талқыланатын тақырып. Кейбіреулер дамыған елдердің армиясымен салыстырып, статистика келтіреді. Ал кейбір ақпарат құралдары мен блогерлер тек жағымсыз жаңалықты таратады. Өкінішке қарай, бұл жарияланымдардың авторы бұл мәселенің әскери салаға қайдан келгенін және оның түп-тамыры қайда жатқаны мен себеп-салдарын түсінуге талпыныс жасамайды. Бәрі отбасы, мектеп, жалпы қоғамдағы тәрбие мәселесіне келіп тіреледі. Ата-ана да баласының тәрбиесін әлеуметтік желіге жүктеп қойды. Ал мұнда әскер туралы тек қана негатив айтылады.

Бізде құндылық өзгеріп кетті. Патриоттық тәрбиемен ешкім айналыспайды. Армиясыз ешбір мемлекет болмайды. Жан-жақтағы болып жатқан жағдайды көріп, біліп отырмыз. Кеңестік заманда да арнайы дайындық кезінде өлім-жітім болатын. Армия – санаторий не балабақша емес қой. Ертеңгі күні елдің шекарасын сеніп тапсыратын азаматтар тәрбие алатын жер. Мұнда тәртіп қатал. Қазіргі балалар – ерке. Еркелікті жер көтергенмен, ел көтере алмайды. Армия – әлсіз тәрбие алған балалар үшін стресс. Армия – жас жігітті азамат етіп қалыптастырады.

Мен де қинала-қинала, оқиғаларға илана-илана өзімше тексеру жүргіздім. Мұның ішінде әлімжеттіктен басқа әскери жол апаты, отбасында дағдарыс боп, өліп кетіп жатқандар да бар. Болмаса, құмар ойынның шырмауына түсіп, өзін өлімге итермелегендер де жетеді. Бір өлімнің мән-жайы тексеріліп, айыпты анықталып, оның командирін жазаласа, тазаланады. Ал егер жабулы қазан жабулы күйде қалса, бұл тоқтамайды. Тағы бір мәселе – «әскерге барғандардың бәрін жаппай ұрып өлтіріп жатыр» дегеннен аулақ болу керек. Әр нәрсенің ауырған жерін өз уақытында емдеу қажет. Қалай болғанда да қиын жағдайда тұрмыз. Бұл жауапкершілікті жеңілдетпейді.

Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскерге көшеден ұстап, күштеп әкетуге қалай қарайсыз?

– Бұл мәселеге қатысты депутат кезімде де пікір білдіргем. Отанды сылдыр сөзбен емес, мөлдір сезіммен, жүрек көзімен қорғайтын сарбаздарды мектеп тәрбиесінен бастап дайындау керек. Оған аса көңіл бөлмей келе жатқанымыз өкінішті. Сол сияқты баланы көшеден күштеп әкету де дұрыс емес. Жағдайды осыған дейін жеткізгені өкінішті. Бірақ қайбір жетіскеннен мұндай әрекетке барып жүр дейсің. Әскери комитеттегілер көшеден ұстап әкетпес үшін шақырған кезде барып, бір жауабын айту керек шығар. Тіпті, олардың құзыреті жүрмеген соң, дәрменсіздіктен айыппұл салуды қолға алу керектігін де айтып отыр. Жігіт моралдық-психологиялық тұрғыдан борышын өтеуге дайын болуы керек. Бірақ мектеп, қоғам «Әскерге бармау керек!» деп құлақтарына құйып жатқан жоқ па?! Тіпті, «Бір жылыңды зая кетіресің бе?» деп ақыл-кеңес беретіндер көп.

Бізде депутат, әкім, министр неге дабыл көтеріп, үндеу жасамайды? Өйткені, олардың баласы әскерге бармайды. «Байдың баласы бармасын, кедейдің баласы барсын» деген дұрыс емес. Ал маған көбінесе қарапайым отбасының ата-анасы келіп: «Аға, баламды әскерден алып қалуға көмектесіңізші», – дейді. «Жоқ, болмайды, балаңды әскерге бүгін жібер!» деймін. Ат жалын тартқан азаматтың міндеті емес пе? Баланы еркіне жіберу керек аз уақыт. Сөйлесіп отырып, сол балаларды армияға баруға көндірдім. Кейін «генерал боламын» деп академияға түскендері бар. Міне, оларға дұрыс түсіндіру керек. Бірде жетім бала: «Мен – жетіммін. Ата-анасы жоқ адамды әскерге алмайды екен ғой. Менің отаным – анам емес пе?!», – деді. Сөйтіп, министрге кіріп, ол жігітті де әскер қатарына алғыздым. Алты ай ішінде «күрең беретті» қорғап шықты.

Кім сау баласын жіберіп, табытын құшақтап қалғысы келеді дейсіз? Содан кейін ата-ана да баласын әскерге беруге жүрексініп қалмай ма?

– Әскерге шабытпен аттандырған азаматының табытпен оралуын адам басына бермесін. Бұл – өте қиын жағдай. Жақында ғана Қорғаныс министрлігінде басқосу болып, Қазақстандағы ардагерлер кеңесі жиналды. Сонда біраз сын айтылды. «Әскер саласының имиджін қалай көтере аламыз? Бұған қауқарымыз жете ме? Өмір көрген азамат ретінде қандай үлес қоса аламыз?» деген сұрақтарға жауап іздеген болдық.

Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ әскері неге келді? Өйткені, ҰҚК опасыздық жасады, әскер қауқарсыз болды. Қазір енді өз дайындығымыз мықты болу керек. Жігіттер моралдық-психологиялық тұрғыдан өте әлсіз. Әртүрлі ауыртпалыққа төтеп бере алмайды. Мұның бәрін әскерге дейін отбасы, мектеп, жоғары оқу орнында сіңіру керек. Тіпті, мұны осы саланың ардагерлері де айта бермейді.

Әлгінде де айттым, тілші қауымы мемлекеттік мүдде деген дүниеге мән бермейді. Бір ақпаратты бәрі желөкпе ғып таратады. Жақсы жағын көрмейді, тек жаман жағын жарыса жазып, айтады. Әскер – әркім кіріп-шығатын, ақпараты жария сала емес қой. Оның құпиясы, жүктелген тапсырмасы бар. «Құлды жіберсең еркіне, күнде тышады бөркіне» демекші, әскери сала туралы бірдеңе айтпас бұрын оның ережесі мен жарғысын білу керек. Кейбір журналистер мұның салдарынан мемлекетке қауіп төнетінін білмейді. Біліп тұрса да, ақыға жалданып жазатындары да бар. Бірақ бұл адамның өмірі болған күннің өзінде де ақшаға да, алтынға да бермейтін еліміздің қауіпсіздігі ғой. Егер бізде әскери журналистика болса, ашық пікірталаста осы салада еңбек еткен азаматтардан тығырықтан шығу жолын сұрап, неге көрсетпейді? Керісінше, әншілердің киген киімі мен ішкен-жегенін ғана көрсетуге құмар.

Әскердегі әлімжеттік
Ербаян Мұхтар. Фото: ғаламтордан

– Ербаян Мұхтар деген жігіттің жағдайы туралы хабардарсыз ба? Әскерге сап-сау аттанған баланың бүгінгі төсек тартып жатқан аянышты күйіне кім жауап береді? Анасының айтуынша, оны да көшеден алып кеткен.

– Балалардың отанға деген сүйіспеншілігін аша алмай жатырмыз ғой. Біз бірдеңе болса, Ресейдікін көшіріп аламыз. Бізге тозығы емес, озығы керек. Сарбаздарды АҚШ-тың, Түркияның, Израильдің әскери базасына жаттығуға, оқуға жіберу керек. Біз мына күйімізбен ешқашан дамымаймыз. Біздің қаруымыз да, жігіттеріміз де сыннан өтуге тиіс.

Ал мына жігіттің жағдайын арнайы мекемелер тексеруі керек. Баланың мұндай халге душар болуына не себеп? Мұның бәрін тергеу ісі анықтайды деп ойлаймын. Жалпы, жасырып-жапқаннан гөрі, мәселенің шеті неден шығып жатқанын анықтамасақ, бұл қайталана береді. Сарбаздың ауыр жағдайға түсуіне қатысы бар адамдар жазалануы керек.

– Қыркүйектің басында белсенділер мерзімді әскери қызметті алып тастауды талап етіп, арнайы петиция жариялады. Бұған не дейсіз?

– 20 жас деген кеш. 20 жаста не істейді? Мектепті бітірді ме, барсын! Мен де 18 жастағы баламды әскерге жібердім. Бұл – ақыл-ойдың қалыптасатын кезі. Жігіттік сипатты әскер береді. Отанды сүйетін азамат шыңдалу үшін әскерге баруы керек. Керісінше, 19-20 жастағы адамның сана-сезімінің бұзылмаған кезі отанға деген сүйіспеншілікті шыңдайды. Бірақ ұрып-соғатын емес, шын мәнінде әскери, саяси тәрбие берілуі тиіс. Қатаң тәртіп тек қана сарбазға ғана емес, барлығына бірдей болуы керек.

– Әскердегі әлімжеттік пен өлім-жітімнің көбеюі – министр Жақсылықовтың атына тағылған сын. Сіздіңше, министр өз міндетін дұрыс атқарып отыр ма?

– Ол жалғыз емес, оның қасында орынбасарлары бар. Оның әрқайсысы өз міндетін адал атқаруы тиіс. Әрине, таяқтың бір ұшы министрге тиетіні анық. Осы салаға сын айтатындар әскери саланың қай түрі қай құзырлы мекемеге бағынышты екенін біле бермейді. Ұлттық ұлан ба, ҰҚК ме, бәрі Қорғаныс министрлігіне жабыла кетеді. Шын мәнінде, шекара – ҰҚК-нің бір бөлігі. Ұлттық Ұлан – Ішкі істер министрлігіне қарайды. Ал әскер – Қорғаныс министрлігінің құзыретіне кіреді.

– Депутат болған кезіңізде де осы мәселені айналып өтпегеніңізді білеміз. Қазір саланың қай тұсына көңіліңіз толмайды?

– «Алғашқы әскери дайындық» пәні бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, мұны оқу бағдарламасына қауіпсіздік пәні ретінде енгізу керектігін талай көтердім. Өкінішке қарай, министрлер ауысты, мектеп 12 жылдыққа көшеді деді ме, қалды ғой.

Оқулықты адам қызығатындай етіп дайындау керек. Ескі-құсқы бәрі. Мұны әскери сала емес, Оқу ағарту министрлігі шешеді. Оның ішінде сараптама жасайтын әскерилер бар ма? Қазір «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің сағатын қысқартып тастады. Тіпті, одан кей мектепте әйел адам береді. Жігіттер соған ұқсап майысқақ, болбыр болып барады. Оның үстіне көгілдір, қызтеке қайдан көбейді?

Түркияға қарасаң, тамсанасың! Офицерлерінің санасы ерек, патриоттық рухы биік. Сана-сезім өзгермей, тағдырды өзгерту мүмкін емес. Біз құлдық психологиядан, ескі жүйеден арылуымыз керек. Достықты сақта, бірақ әскери салаңды өзінше дамыт. Барлық нәрсе өз қолыңда болуы керек. Президенттің НАТО шарттарына, тұжырымдамасына, бағытына ойысып жатқаны дұрыс. Бітімгерлік миссия шараларына қатысу керек. Оған бармаса, қалай шыңдалады? Қарулы сынақтар болмай тұрмайды. Шекараны қорғау үшін қандай қару керек? Рогатка керек пе, жоқ! Қазір қару-жарақ басқа, оның бағасы қымбат тұрады. Оны үйреніп, игеру керек. Құдай бетін ары қылсын, аяқ асты соғыс тұтанса, өте қиын болады.

Қазақстан әскері
Фото: ғаламтордан

Екінші мәселе – әскери саладан қаржы аямау қажет. Маман адал болу үшін, ақша төленуі тиіс. Біздің кезімізде әскердің киімі бүтін, тамағы тоқ, жалақысы бөлек жиналатын. Жақсы жалақы төлесек, талап та жоғары болады. Ойы озық мықты мамандарды іріктей аласың. Сосын сұрыптап, нықтап, жауапкершілікке тартуға болады. Білуімше, Сарбаздарға айына 3 мың теңге береді екен. Бұл неге жетеді? Неге 30 мың болмайды? Сол сияқты мемлекет те әскерилердің жалақысын көтеріп, тіпті зейнетке шыққаннан кейін де әлеуметтік жағдайын, күйін шешіп беруі керек.

Сосын әскери сала басшыларын тендерге жолатпау керек. Көп генерал түрмеде отыр. Бәрі де өз міндетін асыра пайдаланған. Мысалы, көп елде мұның бәрін мемлекет өз құзырына алады. Генерал, командир тек қана өзіне тиісті қызметін атқарады. Сонда нәтиже болады.

– Бос уақытыңызда өсіп келе жатқан өрендерге, ат жалын тартып қалған бозбалаларға арнайы дәріс оқисыз ба?

– Әрине, оқу орындары шақырса, міндетті түрде барамын. Әскери сала құрылымдарына да шақырады. Адамның ойында ұрда-жық емес, басқа нәрсе тұруы керек. Ақыл мен ой таразыға түспей, аяқ пен қол неге қосылып кетіп жатыр? Өйткені, сана төмен болған соң соғады, тебеді. Жастарға тәрбиені тарихымызда болған шындықты мысалға келтіріп беруге не кедергі? Өз тарихымыздан неге жерінеміз? Қазақ баласы ұлы даланың рухы мықты азаматы болуы керек. Бізде қазіргідей өзінің тілін білмейтін, білсе де көңіліне ілмейтін, жетектеуге жүрмейтін командирлер болмауы тиіс.