Қазақстанның қанша азаматы Ресейде жүр? – Елші Дәурен Абаев жауап берді
Жуырда Ресейдің Ішкі істер министрлігі «Орталық Азияның 4 миллионға жуық азаматы Ресейде жүр» деп хабарлады.
Министрліктің дерегіне сенсек, Өзбекстанның 1,792 миллионнан астам азаматы Ресейде нан-тұзын айырып жүр. Одан кейінгі орында Тәжікстан тұр – 1,231 миллионнан астам адам. Бұлардың да «шекесі қызып» жүрмегені белгілі. Бір қызығы, осы тізімде үшінші орында Қазақстан тұр екен. Ресей құзырлы органының дерегінше, 606,9 мың қазақстандық Ресейде жүр. Одан кейін Қырғызстан (262,8 мың) мен Түркіменстан (92 мың) бар.
-
Тақырыпқа орай: Жарты миллионнан астам қазақстандық Ресейде не істеп жүр?
606,9 мың қазақстандық Ресейде не істеп жүр? Ресейлік ІІМ таратқан дерек қаншалықты рас? Бұл сұрақтардың жауабын білмекке Коші-қон комитетіне сауал жолдағанбыз, бірақ комитеттегілер Сыртқы істер министрлігіне сілтеді. Ал Сыртқы істер министрлігіне жіберілген сұрақтарға Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев жауап берді.
«Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі Сіздің өтінішіңізді қарастырып, келесіні хабарлайды:
1. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің статистикалық ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың І тоқсаны бойынша, Ресей Федерациясында 260 424 ҚР азаматтары тіркелген (178 057 – есепті кезеңнің соңында көші-қон есебінде тұрған; 18 050 – есепті кезеңнің соңында уақытша тұруға жарамды рұқсаттары бар; 64 317 - есепті кезеңнің соңына жарамды тұруға ықтиярхаты бар).
2. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының саны болу елінің ресми ақпаратына сәйкес жоғарыда көрсетілді.
3. Қазақстан Республикасы азаматтары Ресей Федерациясына негізінен РФ жоғарғы оқу орындарында оқу, еңбек қызметін жүзеге асыру, тұрақты тұруға шығу, іскерлік және туристік мақсаттар бойынша келеді.
4. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің статистикалық ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың ІV тоқсаны бойынша, Ресей Федерациясында 241 148 ҚР азаматтары тіркелген (163 433 – есепті кезеңнің соңында көші-қон есебінде тұрған; 20 741 – есепті кезеңнің соңында уақытша тұруға жарамды рұқсаттары бар; 56 974 – есепті кезеңнің соңына жарамды тұруға ықтиярхаты бар).
Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп, елге қайтқан ҚР азаматтары туралы ақпарат алу үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне сұрау салу жөн деп санаймыз», – деп жауап берді Д.Абаев.
Елшіліктің берген дерегінше, биылғы жылдың І тоқсаны бойынша Ресейде заңды жүрген қазақстандықтардың нақты саны – 260 424 адам, сонда қалған 350 мыңға жуық қазақстандық Ресейде заңсыз жүр ме?
Екі күн бұрын ғана алматылық Эльмира Жаңабаева 19 жастағы ұлы Тұран Устюговтың Ресей түрмесіне түскенін айтып, дабыл қақты.
«Ана ретінде өмірімдегі ең қиын сәтте сіздерден көмек сұраймын. Менің ұлым, 19 жастағы Тұран Устюгов қиын жағдайға тап болды.
Тұран – жақсылыққа ұмтылған қайырымды бала. Садақ атумен айналысады, қаржы нарығын оқыған, мүгедек інісі Артурға көмектеседі. Бірақ оны қазір Симферопольде қамауда жатыр. Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) аса ауыр қылмыс жасады деп айыптады. Ол қылмыс жасаға жоқ...», – деп жазды Э.Жаңабаева.
Анасының жазуынша, 19 жастағы ұлы Тұран Украина үшін соғысуға кетіп бара жатқанда оны Ресейдің арнайы қызметі ұстаған.
Ресейде заңсыз жүрген 370 мыңға жуық қазақстандықтың тағдырынан біздің арнайы органдар хабардар ма? Олар немен айналысып жүр? Тұран сияқты қайсыбір тарап үшін соғысқысы келетіндер, соғысып жүргендер бар ма? Бұл сұрақтардың басы әлі ашық.