31 Қазан 16:15

«Комбат»

Журналистер одағының төрағасы
Фото: «SPUTNIK-Казахстан»

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, қоғам қайраткері Сейтқазы Матаев бүгін 70 жасқа толды.

Сейтқазы Матаевтың өмірбаянын тәпіштеп тізіп шығудың аса қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз, өйткені оны қолына қалам ұстағандардың бәрі таниды, құрметтейді. Дегенмен де Секеңнің Тәуелсіз Қазақстан тарихында Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы болғанын, атақты Ұлттық баспасөз клубын басқарғанын және «аузымен құс тістеген» ҚазТАГ – Қазақ телеграф агенттігінің алғашқы құрылтайшыларының бірі екенін айту ләзім.

2000-жылдардың басында, біздің буын журналистикаға енді келген кезде Қазақстанда саясаттың қазаны бұрқ-сарқ қайнап жататын. Биліктегі кейбір ірі тұлғалар оппозиция қатарына қосылып, түрлі саяси күштер Сейтқазы Матаев басқаратын Ұлттық баспасөз клубында күнде жиын өткізетін еді. Бір сөзбен айтқанда, сол кезде саяси процестер қызу жүріп жатты. Қазіргідей әлеуметтік желі жоқ елең-алаң кезде Ұлттық баспасөз клубы Секеңнің қайраткерлігі мен батырлығы, демократтығы арқасында оппозицияның мінбері бола білген екен. 

Сейтқазы Матаев Ұлттық баспасөз клубында зал толы журналистер алдында оппозицияның кезекті жиынын өзі ашып, спикерлерді таныстырып жатқанда «Апыр-ай, оппозицияға қорықпай сөз берген неткен батыр адам! Зияны тимес пе екен?» дейтін едік іштей. Кейін өзінен естідік қой, осындай әрбір жиыннан соң міндетті түрде ҰҚК-нің «арнайы қонағы» болатынын...

ҚазТАГ
Фото: ғаламтордан

2016 жылы Ескі Қазақстанның сұмпайылары білек сыбана кірісіп, әкелі-балалы Сейтқазы мен Әсет Матаевтарды қосақтап қойып жазықсыз соттағанда журналистер қауымы қорған бола алмағанымызға әлі күнге күйінемін. Қорғағаныңыз не, балағынан тістегендер де болды ғой. Бірақ «Аққа құдай жақ» деген, Қаңтар оқиғасынан кейін Матаевтар толық ақталып шықты. Ал оларды жазықсыз соттатқандар мен соттағандар жазасын алған жоқ әлі.

Биыл Сейтқазы Бейсенғазыұы 70 жасқа толса, келесі айда NEGE ақпараттық-сараптамалық порталына 5 жыл толады! Кеше ғана өзіңіз бата беріп, тұсауын кескен порталмен бүгін билік санасатын болған, Секе!

NEGE.KZ
Фото: NEGE

Белгілі журналист, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Сейтқазы Матаевты «Батя», «Комбат» дейді. Десе дегендей-ақ, Ерекеңнің әкесінің аты – Сейтқазы, «Батя» дейтіні содан. Ал «Комбат» деген – командир батальона дегені. Қазақстан журналистерін шартты түрде батальон деп есептесек, Сейтқазы Матаев – нағыз Комбат!

Мерейтойыңыз құтты болсын, Комбат!

Ерік РАХЫМ.