Бақыт Беделхан: Ұйғыр ауданының атын ауыстыру екі адамның қолында тұр

Қарадала – елжірегенге емірене қарайтын қазақ даласының бар болмысын бойына жинаған қасиетті мекен. Алматы облысы, Ұйғыр ауданында орналасқан жазиралы кең дала қойнауында талай шежіренің ізі жатыр.
- Тақырыпқа орай: Ұйғыр ауданы: Баталов НЕГЕ уәдесінде тұрмайды?
Nege.kz тілшісі Қарадаланы әнге қосқан осы өңірдің тумасы, ақын Бақыт Беделханнан қасиетті мекеннің бүгінгі жай-күйі жөнінде сұхбаттасқан болатын.
«Қарадалам-ай!» әні қалай туды?
– Жақында сіздің «Қарадалам-ай!» атты әніңіз жарық көрді. Әннің шығуына не себеп болды?
– Жетісу өңірінің әр аймағы көрікті, қасиетті. Бұл өңірге талай ән арналды. Қарадала деген – тарихи атау. Қарадала – батысында Бұғыты тауы мен шығысында шекарадағы Құлжаға дейін созылып жатыр. Қарадала – «Ұлы» деген мағынаны береді. Осындай тарихи атауы бола тұра, «Қарадала» деген ән жоқ. Нұрлан Оразалиннің «Қарадала» туралы керемет циклды өлеңдері бар. Жарас Сәрсектің де өлеңдері көпшілікке таныс. Менің де толғауым бар. Бірақ ол әнге айналып, халық айтып жүретін болса, ел еңсесі көтерілер еді.
Бір жағынан Ұйғыр ауданындағы ұлтаралық қақтығыстар, түсініспеушіліктер болды. Сол кезде өз жерімізде, өз елімізде ұлтаралық мәселенің жол көрсетушісі сияқты елдің еңсесін көтеретін, қазағы мен ұйғыры қосыла айтатын ән болса екен деген ниеттен туған еді.
Міне, осындай жағдайлар бар, коронавирустың жағдайы бар дәл сол кезде ел мерейін үстем ету үшін жазылған ән. Әні де сөзі де бір-ақ күнде туды. Одан кейін оны басқа эстрада әншілеріне емес, арнайы сол топырақтың тумасы, талантты актер Әсет Есжанға ұсыныс тастадым, қолқа салдым. Сол жігіт айтып шықты.
«Ұйғыр ауданы – саяси атау»
– Ұйғыр ауданының атауын өзгерту мәселесі талай адамның көкейінде жүрген мәселе. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Ұйғыр ауданы – саяси атау. Ол тарихи атау емес. 1934 жылы қазақтың жерінде әртүрлі нәубет, ашаршылық болды. Сол кезде қазақ саны азайып, балапан басына тұрымтай тұсына кеткен кезде ұйғыр ағайындар үшін Ұйғыр ауданы деген атауды берген. Бір жылдары Панфиловқа қосылып, Панфилов ауданы болып аталды. Кейін қайтадан Ұйғыр ауданы болып бөлінді. Сол кезде қазақ санының азаюы себепкер болған шығар, әлде жоғары жақтағы саяси ұйғарымдар әсер етті ме, ол жағы түсініксіз. Бәрібір екі ұлттың арасындағы тепе-теңдік сақталуы керек. Қазақ пен ұйғыр бір ғасырдан бері құда-жекжат, ағайын-туыс, жора-жолдас болып араласып кеткен. Кейінгі кездері жастардың арасындағы түсінбеушілік іріткі салып отыр.
Қасыма біраз журналистерді ертіп, қаламгерлерді алып, Жазушылар одағының атынан аудан әкімінің аппаратымен ресми кездесуге қатыстым. Бір жарым сағаттай жиын болды. Жиында барлығы айтылды. Аудан атауын өзгерту де сөз болды. Сол кезде мен: «Ұйғыр ауданының атын өзгерту ұйғыр мен қазақтың төбелесіп, қырқысуымен шешілмейді. Оны жоғары жақтағы екі-ақ адам шешеді», – дегенмін.
Ол – мемлекеттегі бірінші және екінші адамның қолында. Себебі, бұл – геосаяси аймақ. Ол жердің ұлтаралық мәселесі бар. Өзгертем десе, баяғыда-ақ өзгерте салатын еді.
Былай қарағанда, «Қарадала» деп өзгертсе де түк те емес, ештеңесі кетпейді. Қарадала болып қалуы керек. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» дейтін бағдрламалары бар. Соның ішінде, қазақтың тарихи атауларын қайта қалпына келтіруіміз керек дейді. Енді осы жерде тарихи атауы тұр ғой. Бер жағы Бұғытыдан арғы жағы Қалжатқа дейін алып жатыр. Мына жағы тау, төменгі жағы – Іле. Ол үлкен аймақ. Соның «Ұлы дала» деген аты қалуы керек. Ұлы дала біздің Жетісу өңірінде ғана емес, еліміздің төрт аймағында да бар. Сондықтан, бұл атауды қайтаруға міндеттіміз.
– Атауын өзгертуге келгенде көп сылтау айтылып жатқан сияқты...
– Рас, көп сылтау айтылады. Ел басқарып, облыстың басшысы болғаннан кейін бір жауап беруі керек. Бірақ оны облыс шешпейді. Облыс әкімі уәде бермеді, «ұсыныс жасаймын» деді. Уәдені орындайтын адам береді. Ұсыныс жасап, өтініш айтып көретін адамдікі – уәде емес. Ауыстырам десе, айтылып жатқан сылтаулардың ешқайсысы кедергі емес деп ойлаймын.
Мен де сол жердің тумасымын. Қазақ-ұйғыр бірге өстік. Қазір Жазушылар одағындамын. Жазушылар одағында ұйғыр секциясы бар. Сол ұйғыр секциясында тек кәрілер қалды да, жастардан ешкім жоқ. «Жастардың руханиятқа бұрылуына неге әсер етпейсіздер?», – деп те айтқанбыз. Жастарды мәдениетке, әдебиетке жалпы бейбітшілікке, өнерге талпындырса, ондай шатақ шықпайтын еді.
Шындығына келгенде, тұрмыстық жағынан қазақтарға қарағанда, ұйғырлар жақсы тұрады. Себебі, олар көзін ашқаннан сауда-саттықпен айналысады, баяғыдан қанында бар. Бәрінің ауыздарынан ақ май ақпаса да, ешкімнен кем түспейтін күйлері бар. Тағы бір мәселе, ол жақтағы қазақтардың саны азайып бара жатыр. Бәрі қалаға көшуге асығады.
Қызығы мынада: ұйғыр үйін сатса, қазаққа сатпайды. Себебі, жерді алып қалу керек. Қазақ үйін сатса, екі есе бағасына екі-үш ұйғыр жабылып сатып алады. Бұл – өте қауіпті жағдай. Тепе-теңдікті ұстап тұрған қазақты ығыстыру.
Әлбетте, ол әр азаматтың өзінің құқығы. Бұл жерден саяси астар іздей алмайсың. Олардың өздерінің шешімі бар, мақсат-мұраттары бар, діттегендері бар, ұлт ретінде олардың да жоба-жоспарлары бар. Бірақ, соны біздің кейбір қазақтар түсіне бермейді. Ертең ығыстырып шығарады, одан кейін төбелескеннен не пайда?
«Парламент – пенсионерлердің де, пионерлердің де отыратын жері емес»
– «Ұлтаралық қақтығыстар болып жатқанда Ассамблея не қарап отыр?» деп шуладық. Жалпы, бізге Ассамблея керек пе?
– Ассамблеяның қажеті жоқ. Ассамблея деген тек халықтың ақшасын жеп отыр. Мына жақта дүнгендермен болған қақтығыста жағдайдың дер кезінде тамырын баспаған, тоқтатып үлгермеген, соған ат салыспаған, басу айтпаған, мәмілеге шақырмаған Ассамблея кімге керек? Депутат болу үшін бе? Онсыз да талай иісалмас депутаттар отыр. Біреуі – әртіс, біреуі – агроном, біреуі – спортшы. Жалпы, Парламентке ақындарды, әртістерді, квнщиктерді, эстрада жұлдыздарын жолатудың қажеті жоқ. Парламент сахна емес, ол кәсіби болуы керек.
Бұл сөзімнен «өнер адамдары Парламентке мүлдем бармасын» деген ой тумаса керек. Үміткер алдымен кемеліне келсін, өмірлік тәжірибе жинасын. өнер саласында мұндай азаматтар бар.
Ендігі сайлауда іріктеліп, кемеліне жеткен жас толқын келетін сияқты көрінеді. Кім біледі? Парламент – пенсионерлердің де, пионерлердің де отыратын жері емес. Шағын бизнес ашып, соны үлкейту үшін Парламентке баратындар көбейді.
«Халықты ақша емес, адам басқарса екен»
– Ұлт ретіндегі мүддемізді қалай қорғай аламыз?
– Бізде ұлттық идиология, ұлттық сана-сезім дұрыс қалыптаспаса, қиын болады. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» дегенді алаулатып-жалаулатып есеп беретін науқанға айналдырып тастадық. Оны түбегейлі түп санамызға сіңірмедік. Бұлай кете берсе, кең далада шағын ғана ұлттық рухы бар, намысы бар жастар қалады да, дені жаһандануға кетеді. Жаһандануды қабылдайды.
Жаһандану деген не? Жаһандану – бір жағынан әлем мәдениетін меңгеру, екінші жағынан жер бетіндегі ұсақ ұлттарды жою. Оның негізгі мақсаты осы. Ал біз соған жар-жарымызды айтып, өзіміз шулап бара жатырмыз. 1926 жылы Мағжан «Табалдырық» деген манифест жазды. Сол кезде: «Алашорда жеңілдік, еңсемізді түсірмейік, біз 15 одақ болып отырған Кеңес үкіметіне отарландық. Енді сол отар болып жүрген кезде, өз қасиетімізден, ұлттық ұстанымымыздан, бағытымыздан, дәстүр-салтымыздан айырылып қалмас үшін не істемек керек?», – деп жазды.
Қазір Елбасы айтып отырған «Рухани жаңғыру» 1926 жылы басталып кеткен. Оны Мағжан бастады. Ал Елбасының айтқаны – заманауи, жаһандануға арналған жаңғыру. Сол Мағжанның манифесін 90-жылдары ақталған кезде пайдаланып, неге идиологиямызды түземедік? Неге соны барлық оқулықтарға енгізбедік? Кешегі арыстарымыздың аманатын жалғауға не себепті немқұрайлы болдық? Неге?
Дағдарыста қайтып ел боламыз деп отырған кезде, бәріміз ала дорба арқалап базар жағалап кеттік. Ақша тапсақ болды, ақшамен оқуға түсуге болады, қызметке отыруға болады деген түсінік қалыптасқан ұрпақ пайда болды. Шешелері ала дорба арқалап, Түркия, Ресей, Қытайға барады. Қырылысып, төбелесіп жүріп жолда неше түрлі қиыншылық көреді. Жүйкесі жұқарып тапқан балалар 30-ға келді, ел ісіне араласа бастады. Олар анау-мынау сөзіңді көтермейді. Олардың барлығын жоққа шығаруға болмайды, бірақ сол заманда туған балалардың барлығының психикасында өзгеріс басқаша болады.
– Бізде қашан өзгеріс болады?
– Идиологиямыз бекіп, білім жүйесі әбден қалыптасқаннан кейін өзгеріс болады. Оған да әлі уақыт керек. Себебі бүгінгі 30-дағы жігіт – өткеннің сарқыты, келгеннің нәтижесі. Ол бәрібір өзінің психикалық әсерін қалдырмай қоймайды. Сыбайлас жемқорлыққа да, өз ұлтынан өзі жерінуге де, тіл саясатына қарсы шығатындар солар болады. Ал біз өз тіліміздің қасиетін, дәстүр-салтымыздың құдіретін, тарихымыздағы ашылмай жатқан ақтаңдақтарды ашып, соларды қастерлей алатын дүниеге жеткізуіміз керек.
Нәтиже болу үшін тазалау керек. Отыз жыл отқа да, суға да түстік. Енді арылып, тазарып, үлкен талпыныстар жасайтын кезеңге келдік. Баяғыда елу жылда ел жаңа дейтінбіз. Қазір 30 жылда ел жаңарады. Барлығы өте жылдам дамып жатыр. Халықты ақша емес, адам басқарса екен деп ойлаймын. Онда да Абайдың толық адамы. Абай айтқан толық адам басқарған кезде ғана ел түзеледі.