14 Наурыз 16:32

B5+1 форумы: Соңғы екі жылда жүк тасымалдаудың 95 пайызы Ресей мен Беларуське тиесілі

Орталық Азия елдері
Фото: Nege.kz

Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ бастамашыл болған алғашқы B5+1 форумы екі күндік жұмысын бастады. 240-тан астам делегат қатысып жатқан шара Орталық Азиядағы өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуға бағытталған жан-жақты диалог құруды көздейді.

B5+1 платформасы 2023 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекет басшыларының саммитінде құрылды. Ал «B5+1» форумы Орталық Азияның бес мемлекеті және АҚШ экономикасының негізгі секторының өкілдері саналатын мемлекеттік саясаткерлерді, бизнес көшбасшыларын, сарапшылар мен инвесторларды біріктіретін алаң. 2023 жылғы қыркүйектегі C5+1 президенттік саммитінде белгіленген мақсаттарға сәйкес, аталған форум мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы диалог процесін дамыту арқылы өңірлік ынтымақтастықты жеделдету, коммуникацияны жақсарту және мейлінше қолайлы бизнес-орта құру міндетін алға қойып отыр.

Мұнда аймақтың экономикалық дамуы үшін аса маңызды бес салаға назар аударылды. Атап айтқанда, көлік және логистика; электрондық коммерция; туризм; жасыл және жаңартылатын энергетика; агробизнес. Бүгін негізінен дамушы елдердегі шағын және орта бизнесті дамыту, инвестицияға қол жеткізу арқылы экономикалық өнімді арттыру мәселесі талқыға салынды. 

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хогландтың айтуынша, мұндай басқосу Душанбе қаласында өтуі керек болған. «Бұл кездесуге Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев те шақырылғанмен, қатысқан жоқ. Орталық Азия елдері мен олардың серіктестіктері нақты халықаралық ұйым құруға қызығушылық танытуы маңызды. Ең бастысы, Орталық Азия дәлізін құру бастамасына бес мемлекет те үлесін қосты. Өңірдегі кәсіпкерлер, бизнес өкілдері әрдайым тарифті оңтайландыру жайында сөз қозғайды. Бұл уақытша мәселе болып қалмауы керек. Ресей, Қытайда да бұл ұйымның маңызы зор десек, Орталық Азия сауда палатасын құру мүмкіндігі зор. C5+1 үйлестіру кеңесі Душанбедегі саммиттен кейін дұрыс бағытта қадам жасады деуге болады. Сондықтан әр мемлекет Орталық Азия қауымдастығын ілгерілетуге өз үлесін қосуы тиіс. Бір айта кетерлігі, АҚШ үкіметі „жекеменшік сектордың мына саласына инвестиция сал“ деп айта алмайды. Біз онсыз да белгілі бір үлесті бизнесті дамытуға жұмсаймыз», – деді Ричард Хогланд.

Ричард Хогланд
Nege.kz

Ал Еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу портфелінің аға директоры Камран Бохари: «Біз Қытаймен салыстырғанда Батыс мемлекеттері басқаша әдіспен жұмыс істейді. Олар инвестицияны жеке секторға тартуға тырысады. Орталық Азия елдері инвестицияға өте мұқтаж. Климат, су тапшылығы, әлеуметтік дамуға деген қажеттілікке тек өркендеу, даму арқылы қол жеткіуге болады.

Біріншіден, әлеуметтік және саяси даму жағына көңіл бөлуіміз керек. Әлемнің әр мемлекетінде әртүрлі деңгейде интеграцияланған жүйелер бар. Соның ішінде Орталық Азия елдері бірегей саналады. Себебі, мұнда бұл жұмыс 30 жыл бұрын ғана басталып, әлемге есікті енді ашылып жатсыздар. Әр мемлекет бөлек қадам жасауы жеткіліксіз, Орталық Азия Оңтүстік Кавказ елдерімен байланысты нығайтуы керек. Инвестицияны жекеменшік секторға тартуға серпін беру қажет», – деген пікірін ортаға салды.

Орталық Азия елдері
Nege.kz

Сондай-ақ, Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының Орталық Азия бойынша бағдарламасының директоры Наргиз Касенова өз сөзінде 1990 жылдардың басындағы жағдайды еске алды. «Орталық Азия елдерінің әлеуметтік, экономикалық жағдайы ұқсас болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазір аймақтану процесі жүруде. Меніңше, Орталық Азияның бес мемлекеті Оңтүстік шығыс Азия елдерімен қарым-қатынасты дамытуды қолға алған жөн», – деді Н.Касенова.

 Ресей мен Белорусь жүк тасымалдаушылары «отандық» бизнесті дамыта ма?

Жалпы, елімізде бұған дейін де түрлі форумдар өткен. Бәрінде айдың бергі бетіндегі түйткілдер сөз болады да, нақты түйіні шешілмей қалады. Осы сөзімізге форумға қатысушы Қазақстан автотасымалдаушылар мен экспедиторлар одағының төрағасы Әсел Садықованың пікірі дәлел. Оның айтуынша, Өзбекстан шекарасында 300 жүк көлігі қаңтарылып тұрған. «Қазір 60 көлік бар. Алайда, Өзбекстанның транспорт комитеті шекарадағы мәселені шешуге келіссе де, Қазақстан қол қусырып, рұқсат бермей отыр. Тіпті, шекарада өзбек тарапының мамандары жүреді, бізден ешкім жоқ. Олар осы әрекетке таңқалды. Қазақстанның Көлік министрлігі бұл мәселеге бейжай қарайтын сияқты», – деген Әсел Садықова соңғы кезде отандық жүк тасымалдау қатарына Ресей мен Беларусь мемлекетінің жүк-көлік тасымалдаушылары қосылғанын жеткізді.

Жүк тасымалдау
ғаламтордан

«2020 жылға дейін шамамен 600-800 жүк тасымалдаушы компания болса, қазір 2 мыңнан асқан. Оның ішінде 1 мыңнан астамы – Ресей мен Беларусь елінің компаниялары. Себебі, олар Қазақстан аумағында тіркеліп, бизнесін біздің елдің атынан жүргізіп отыр. Яғни, жүк көлігі ағымы көбейсе де, біздің пайдамызға емес.

Соңғы екі жылда нарықтағы жүк көлік тасымалдаудың 95 пайызы Ресей мен Белоруське тиесілі. Ал Көлік комитетінің сөзінше, олар инвестиция құйып жатыр екен. Алайда, Қазақстанға әкеп жатқан көліктері кеденде ресімделмеген. Сондықтан негізгі басымдық отандық тасымалдаушыларға берілуі керек» деген мәселенің шетін шығарды.

Оның пікірінше, шетелде жаңа компания пайда болса, оның алғашқы үш жылда халықаралық тасымалдауда жұмыс істеуге құқығы жоқ деген ереже бар. «Қазақстанда мұндай жүйе болмағандықтан, 2020 жылдан кейін ресейлік және беларусь компаниялары қазақстандық ретінде белсенді түрде қайта тіркеле бастады. Бұл компаниялардың қожайындары санкцияларды айналып өтуге тырысып, жүк көліктерін Қазақстанда тіркеп, біздің елдің квотасы бойынша Еуропаға және кері жүк тасымалдауды жалғастыруда», – деп түсіндірді Садықова.

Жүк тасымалдаушылар
ғаламтордан

Қазақстандық жүк тасымалдаушылар бұл жағдайға нарызылық танытып жаңа компаниялар үшін халықаралық бағытта жұмыс істеуге тыйым салатын ереже енгізуді сұрап, қаншама өтініш жазған. Нәтижесінде 2023 жылдың 20 ақпанында елімізде қалыптасқан жағдайға нүкте қоятын заң күшіне енді. Алайда, «азаматтығын өзгерткен» ресейлік және беларусьтік компаниялар бәз-баяғынша жұмыс істеп жатқан көрінеді. Тағы бір мәселе – жүк тасымалдаушылар кезекте тұрған орындарды қымбат бағаға сатып алуға ұсыныс жасайды екен.  «Орын сатып алу 12 мың доллар тұрады. Сол компаниялардан орын сатып алып, тезірек өтетіндер де бар. Оның үстіне кезек ашылған сәттен бастап үш минуттың ішінде оны 1,5 мың көлікті толтырып үлгеретіндердің қандай компаниялар мен жеке тұлғалар екенін білмейміз. Соның салдарынан кезегімізді айлап күтуге мәжбүрміз», – дейді Әсел Садықова. Бұл жағдай тауарды жеткізуге ғана емес, құрылыс саласында ірі жобалардың жүзеге асуына да қауіп төндіреді, сонымен қатар бағаны көтеретінін жеткізді. 

Форумға қатысушылар «B5+1» тұжырымдамасы бес Орталық Азия елі мен АҚШ шегінен асып, бірігетін болса, онда «Үлкен Орталық Азия» біртұтас аймақ ретінде әрекет етеді дейді. Тұңғыш өткізілген форум бес мемлекетке пайдалы болса, жыл сайын өткізілмек.