14 Сәуір 18:21
...

Айтары бар ArtKöshe – Тәуелсіз театр бүгінгі жүйенің келеңсіз көрінісін боямасыз бейнелейді

Театр
Фото: ғаламтордан

ArtKöshe тәуелсіз-заманауи театры ашылғанына аз уақыт болса да көрермен жүрегінен орын ала білді. Өнерде тек дәстүрлі сахнада емес, әр түрлі локацияда перфоманс жасауға болатынын дәлелдеп жүрген өнер ұжымы жаңашылдыққа жаны құмар келушілерін түрлі туындылармен қуантып келеді. 

NEGE тілшісі жұрт аузында жүрген өнер ошағына барып, шығармашылық ұжымның жұмысымен арнайы танысып қайтты.

Айта кетейік, театр алшылғалы көп ұзамай «Алқа» жобасын қолға алған еді. Ол театр өнері мен әлеуметтік ғылым саласындағы сарапшыларды бір арнаға тоғыстырды. Бұл бастама драматургия және режиссура курсымен ұштасты. Нәтижесінде, драматургия бойынша іріктелген бес қатысушы өз пьесасын жазып шықса, режиссураның түлектері сол пьесаларды сахналады. Осының нәтижесінде ұйымдастырылған премьера-фестивальде үнсіздікпен сигналдар билеген әлемде өмір сүретін үш кейіпкер жайлы – «Сөз», қоғамдағы гендерлік рөлді қайта қарастыратын – «Ескерткіш», тылсым әлемнен тыныштық іздейтін – «Үнсіз», үйде отырған әйелдің өмірі мен күйзелісін бейнелейтін – «Қабырға қалқасында», квазимемлекеттік жүйедегі абсурд ережелерді айшықтайтын – «404» қойылымы сахналанды. Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік шыққан қойылым авторлары биылғы жылы Берлинде өтетін Theatertreffen фестиваліне жолдама алды.

Сондай-ақ тәуелсіз лабаротория аясындағы драматургия курсымен тыныстаған түрлі сала мамандары сахнада түрлі образға еніп, актер болудағы арманына қадам басты.

Біз табан тіргене күні мемлекеттік жүйедегі абсурд ережелер мен бюрократияның адам болмысына қалай әсер ететінін сөз ететін «404» қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Димаш Зиядиннің болмысы бөлек драматургиясын қойған режиссер – Лаура Мақан.

Қойылымға келген әрбір көрермен кейіпкерлер бейнесінен өзін көре біледі. Себебі бүгінгі жүйеде жұмысқа тұрудың машақаты, ал қызметке орналасқаннан кейін белгілі бір рамкадан шықпай жүру кімге болса да таныс жағдай. Бұған қызыл дипломмен келген қыздан көк диплом талап етіп, әрі циркте оқыған білімі болумен қатар, фамилясының дауыссыз дыбыстан басталғанын талап етіп, бауырсақ пісіре алатын-алмайтынына қарай жұмысқа қабылдайтын түсініксіз талаптар дәлел. Ал тіпті «құжатыңыздан ванильдің иісі шығып тұратын болсын» деген басшылық тілегі бүгінгі жүйедегі келеңсіз жағдайлардан хабар береді. Дегенмен, күлкі тудыратын бұл ережелерді қазығы күшті кейіпкердің «дұрыс құжаттарыңыздан, дұрыс адамыңыз болғаны пайдалырақ. Өмір сондай» дегені оңай «ақтап» алады.

Қойылым
Фото: ғаламтордан

Қойылымда құқығы тапталған әйел мен өмірдің мәнін мансаптан тапқан азаматтың бір күнде жұмыстан қуылуы маманға деген құрметтің қалмағанын айна қатесіз суреттейді. Ал «араларыңызда кім көзін бұрын, кім кеш ашты – жүйе бәрін біледі» деп жеткірінген мекеме басшысының сөзі мен қарекеті бүркеуде жатқан біраз сырды ақтара түседі.

Жұмысқа келген қыздың «Жасм 32-де, шетелде білім алдым. Бірнеше қызыл дипломым бар. Жақында елге келіп үлкен корпорацияға жұмысқа тұруға келгенде, білесіңдер ме маған қандай шарт қойды? «Төсек!» деген. Егерде бұл компанияда жұмыс істегіңіз келсе, өз рөліңді ойдағыдай сомдап шық» деді», – деп талап қойғаны кадр мен жезөкшелікті алмастырып жіберген кей басшылардың бейнесін айқындай түседі.

Ал жұмыс пен үйдің арасында бала-шаға қамымен шапқылап жүрген әйелдің тең дәрежеде жұмыс істейтін азаматтан анағұрлым аз жалақы алуы, кеткен жеріне қонақ, келген жерінде жейтіні таяқ бола жүріп, әйел болудың сансыз ережесі мен стандарттарына сай келу жолындағы ащы запыраны қазақ әйелінің бүгінгі бейнесінен сыр шертеді.

Иә, «404» драматургиялық туындысында көрермен көңілін күпті еткен тұстар да жоқ емес. Мәселен, ресепшн жігіттің ерініне далап жағуы оның жұмыстан шеттеуіне алып келеді. Бұл бір қараған көзге өзге бағыттағы ер мен әйелдің таңдауын қоғамға тықпалаудың бір ұшығындай көрінді. Мұның сырын театрдың негізін қалаушы Әннес Бағдаттан сұрағанымызда ол: «Бізде иерархия жоқ. Ал кейіпкер бір ғана адам емес, бірнеше синтезден құралады. Сондықтан спектакльде көрініс берген образға нақты түсінік беруге келмейді. Көркем шығарма автордың қолынан шыққаннан кейін ол оқырманға тиесілі. Әркім әрқалай түсінеді. Бұл психонализбен байланысты», – деп қайырды.

Режиссер
Ә.Бағдат. Фото: ғаламтордан

Күдік пен үмітті ұштастырған қойылым соңында қатысушылар «Бәріміз бұл жүйеден бас тартсақ ше?!» деп көрерменге екіұшты ой тастайды.

Тәуелсіз театрдың бір ерекшелігі әр қойылым сайын ол спек-талқыға түседі екен. Мәселен, арнайы шақырылған спикер көрерменге туындының көлеңкелі тұстарын түсіндірумен қатар көкейде туындаған сұрақтарға жауап береді. Бұл жолы жас саясаттанушы Арман Әмір авторитарлық жүйе мен демократиялық жүйенің ара-жігін ажыратып берді. Ал микрофон алған жастар жағы жүйенің жылдар бойы қалыптасқан қағидасы жайлы орамды ойларын ортаға салды.

Арткөше
Фото: NEGE

ArtKöshe репертуары мұнымен бітпейді. Мәселен, қаржы пирамидасының құрығына түсіп, алаяқтарға алданған жандардың оқиғасынан хабар беретін «Сен», Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбына арналған «Жақтаудағы гүл» – көрермен талқысынан түспей келе жатқан қойылымдар.

«Тәуелсіз театр жүйеден, өнерде жылдар бойы қалыптасқан конондардан тәуелсіз. Біз бюджеттен ақша алмаймыз, белгілі бір тәуелсіз гранттар мен конкурстарға қатысамыз. Болмаса, билет сатып өз-өзімізді асырап келеміз. Сондықтан ұжымды ұстап тұрған күш – атақ-абырой мен тәжірибесі болса да, үлкен идея жолында аз гонорарға жұмыс істеп жатқан шығармашылық топ қана» , – деп театр басшысы қойылымға қатысқан актерлерге алғыс білдірді.