14 Маусым 16:16

Әйеліне зорлық-зомбылық жасады деп күдікке ілінген шенеуніктер НЕГЕ бірден қызметінен босатылады?

Зорлық-зомбылық
Фото: ғаламтордан

Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң 16 маусым күні күшіне енеді.

Құжат Президенттің тапсырмасымен әзірленген. Заң зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты жүйені енгізеді және жазаны қатаңдату арқылы зорлық-зомбылыққа жол бермеу өағидатын қалыптастырады.

Атышулы Бишімбаевтың соты мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты заң қабылданғаннан кейін, мемлекеттік қызметтегі шенеунік күйеулерінен зорлық-зомбылық көрдім деген әйел адамдардың видеолары шыға бастады. Аталмыш видеолардан кейін күдікке ілінген шенеуніктер тексеріссіз бірден қызметінен босатылып жатыр. 

Аталмыш мәселеге қатысты ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары  Ренат Зулхаиров NEGE тілшісі жолдаған сұрақтарға Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында жауап берді. 

Ренат Зулхаиров
Фото: ОКҚ

«Құқық қорғау органдарына зорлық-зомбылыққа қатысты келіп түсетін арыз-шағымдар өткен жылдармен салыстырғанда азайған. Зорлық-зомбылық жайлы хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, мән-жайды анықтайды. Айыпталушының кінәлі немесе кінәсіз екенін сот шешеді. Шенеуніктің қызметінен кетуіне қатысты пікір білдіретін болсақ, мұндай шешімді жұмыс берушісі шығарады», - деді Ренат Зулхаиров. 

ІІМ әкімшілік полиция комиетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, жәбірленушілердің зорлық-зомбылықты жасырмай хабарласуы жиілеген. 

«Біз талқылап жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері соңғы 5 жылдыққа дейін латентті сипатта болып келді. Яғни, жәбірленушілер ол туралы полицияға хабарласуға, өзгелерден көмек сұрауға ұялып, жасырып келді. Қазіргі таңда мемлекеттің, сонымен қатар мүдделі органдардың бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесінде бұл салада үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістерге де байланысты өткен жылдың 1 шілдесінен бастап біз отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды арыздану сипатынан анықтау сипатына көшірдік. Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап бізге жәбірленушінің арызы керек емес. Кез келген бейнекамералардың, куәгердің немесе көршілердің, сонымен қатар ақпарат құралдарында жарияланған кез келген айғақтарға байланысты бізде бірден әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушыларға қатысты шаралар қолданылады. Қазіргі таңда нөлдік төзімділік қағидаты жүзеге асып жатыр. Жәбірленушілер өздерінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы айтудан ұялмай, жасырмай бізге хабарласуы жиіледі. Бірақ бізде осы мәселеге қатысты арыз-шағымдар өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға азайды. Жәбірленушілердің дер кезінде хабарласуының арқасында ауыр салдарлар азайып, қазіргі таңда жақсы нәтижелер болып жатыр. Ал мемлекеттік қызмет атқарып жүрген шенеуніктердің осы мәселеге қатысты жұмыстан босатылуына жұмыс беруші жауапты. Ал, құқық бұзушылық жасаған адам міндетті түрде жауапкершілікке тартылады», - дейді аға инспектор.