21 Шілде 10:25
...

668 миллион теңге минуста. Тимченконың жеке бизнесі НЕГЕ шығыннан көз ашпады?

N1
Фото: Фото: Nege.kz

«Bereke bank» АҚ басқарма төрағасы Андрей Тимченконың жеке бизнесі саналатын «N1 Broker» компаниясы 2024 жылды 289 миллион теңге шығынмен аяқтаған. 2023 жылы да шығынға батқанын ескерсек, компанияның қордаланған шығын көлемі 668 миллион теңгеге жетіп қалды.

N1 Broker жариялаған аудиттелген есептілікте компанияның бизнес-моделі бойынша 2024 және 2023 жылдары шығын жинақталып, ал 2025 жылы операциялық табыстылық көрсету арқылы минустарды азайту көзделгені жазылған.

Отчет
Фото: "N1 Broker" 2024 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: SFAI

N1 Broker моделінше, биыл олар брокерлік қызметтерден түсетін комиссияны арттырып, клиенттер базасын кеңейтіп, жаңа сауда алаңдарына шығуы тиіс. Бірақ биыл табысқа шығатыны күмәнді. Жылдың басында бұл компанияның сенімді басқаруында небәрі 523 мың теңгеге бағаланатын қаржылық құралдар болған. Клиенттердің 4,5 миллион теңге қаржысын банк шоттарында ұстап отырды.

Қазақстандық тәжірибелі банкир Андрей Тимченко жеке брокерлік және микроқаржы бизнесін өзі басқарған «Альфа-банк» АҚ санкцияға ұшыраған алмағайып 2022 жылы бастаған еді. «Альфа-Банктен» кетіп, ол «N1Broker» мен «N1Credit» компанияларын құрған болатын. Бірақ компаниялары қаржы нарығында жұмыс істеуге қажет барлық рұқсат қағаздарын алып жатқан кезде Тимченконы «Бәйтерек» холдингі Bereke Bank-ті басқаруға шақырады.

N1
Фото: Nege.kz

«Береке банк» Катарлық инвесторларға сатылса да, олар Тимченконы банк басшысы ретінде лауазымында қалдырып, оған сенім артты. Сондықтан Андрей Тимченко шығынға батып жатқан бизнесін банктен түскен жеке табысы есебінен қаржыландырып отыра алады.

Тақырыпқа орай: Бәйтерегінен айрылды. Бірақ Bereke Bank үшін НЕГЕ ештеңе өзгермеуі мүмкін?

Биыл «N1 Broker» шығындарын қысқарта ала ма? Компанияның соңғы жылғы әкімшілік шығыны 360 миллион теңге шамасында болған. Комиссиялық шығысы – 98 миллион теңге.

2024 жыл брокерлерге оңай тиген жоқ. Толастамай тұрған түрлі геосаяси шиеленістер акция нарығын шайқалтып, иневсторларды үркітті. Акциядан гөрі алтынға сене бастағандар көбейді.

Биыл да бұл жағымсыз тренд жалғасуда. Сондықтан Андрей Тмченконың бизнесіне 2025 жылдың оңайға соқпайтыны анық.