5 Тамыз 12:38
...

«Аузыңды ашсаң, 1 млн теңге...» – Қазақстанда тіс емдету НЕГЕ қымбат?

Стамотология
Фото: Коллаж NEGE

Адамның көркі мен сұлулығының әрі денсаулығының кепілі тіс. Тістің адамға қаншалықты қажет екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. «Тісі ауырған мен іші ауырғаннан жағдай сұрамайды» деген бар. Алайда тіс ауырғанның қандай болатынын басынан өткендер біледі. Ал енді оны емдетудің машақаты тіптен бөлек.

Тіс ауруларының түрлері көп. Кейде аурулар уақыт өте келе өздігінен жазылып кетсе, кейбіреуі түнде ұйықтатпай, күндіз ыстық шәй мен суық су ішкізбей, әбден жүйкеңді тоздырады. Осындай кезде, стоматолог мамандарға жүгінгеннен басқа ешқандай амал қалмайды.

Қазақстанда тіс емдеудің бағасы қандай?

Соңғы кездері Қазақстанда тіс емдетудің бағасы күрт өсіп кетті. Бұрындары да арзан болған жоқ еді, ем-шара қазір қалтаңыздан кем дегенде 500 мыңнан 1 миллионға жуық ақшаны сыпырып алады.

Қарапайым мысал, Достық көшесінің бойындағы тіс емханаларының бірінде төрт тіске имплантация мен протез үшін баға 990 мың теңгеден басталса, ең жақсы сападағы импланттарды салдыру үшін төрт тіске 2 млн 645 мың теңге төлейсіз. 

Осы процестен бөлек, брекет салдыру, винири қойдыру, тіс жұлдыру процедураларының бағалары өршіп тұр. Ауырған тісті не емдету керек, не жұлдыру қажет. Ал баға әлгіндегідей. Сонда қарапайым халық жиған-тергеніне бала-шағасын асырай ма, әлде тісінің еміне жұмсай ма?

Өзбекстанда қазақтар не істеп жүр?

Шарықтаған бағадан әбден шаршаған жұрт, бүгінгі күні Өзбекстанға барып, тісін емдетіп келетін болған. Өзбекстанда ем-шара қабылдап жатқан қазақтардың саны күн санап артпаса, кеміп жатқан жоқ. Егер жыл басталғаннан бері, өзбек еліне медицина туризмі бойынша 7 мыңға жуық қазақстандық барса, оның жартысынан көбі тіс емдеткен. Бір тіс дәрігерінің өзі аптасына оннан аса қазақстандықты қабылдайды екен.

Өзбекстан
Фото: ғаламтордан

Ең қызығы, көрші елдегі баға 3 мың теңгеден басталады. Орташа есеппен жақсы сапада бір тісті емдетуге 7 мың теңге кетеді. Тісін емдетіп келгендердің айтуынша, 100 мың теңгеге толық ем алған. Біздегі бағамен салыстырсаңыз, арасы жер мен көктей екенін байқауға болады.

Жағдайды түсіндіріп берген отандасымыз Аққүміс Алдабергенова Өзбекстанда тіс емдету арзан әрі сапалы екенін айтады. «Ақтаудағы стоматологиялардың бағасынан Өзбекстандағы баға бірнеше есе төмен, соған қарамастан емнің сапасы да жақсы екен», – дейді.

Тик ток әлеуметтік желісінде вирус болып тараған бейнероликтің авторы Сания: «Енді не істейміз, Астанада тісімізді емдетуге бір миллион сұрады. Ал Ташкентте күйеуіміз екеуміз 87 мыңға емдеттік», – деп жазып, видеоролик жүктеген.

@saniyagoy #ташкентстоматология #рекомендации ♬ оригинальный звук - Atameken Business (Телеканал)

800 мың қаралым жинаған бұл видеоның астында пікір білдірушілер: «Иә, осыдан он жыл бұрын тіс жасатқанмын Өзбекстанда, сапасы керемет, әлі тұр» десе, енді бірі: «Қазақстанда тіс емдету қымбат болса да, сапасы мен қолданылатын препараттар әлдеқайда жақсырақ», – деді.

Гүлсара Дүйсенбаева деген отандасымыз өзбек тіс дәрігерлері тісіне имплантациядан бөлек, емдеудің бірнеше нұсқасын ұсынғанын, ал біздің дәрігерлер «тек имплантация қойдырудан басқа амал жоқ» дегенін айтыпты.

Өзбек тіс дәрігері Мухлиса Дадабаева былай дейді: «Қазақтар он жыл бұрын көп келетін. Кейін біршама азайып қалған, ал қазір қайтадан көбейді. Ақтау, Ақтөбе, бізге жақын маңдағы облыстардан жиі келеді. Біз бес күн ішінде жедел қызмет көрсетуге тырысамыз. Мен өзім Қазақстандағы қалаларда жұмыс барысымен бірнеше рет болғанмын. Қазақстандағы стоматологиялық қызмет жақсы дамыған. Қазақстандықтардың бізге жиі келетіні бағаға байланысты болса керек», – дейді.

Ал стоматолог Илғорбек Имамалиев: «Біз басқа елдердің тәжірбиесі мен жұмысын бақылап отырамыз. Жұмысымыздың сапасы жағынан еш мемлекеттен кем түспейміз. Бізде баға төмен, 10 адамнан 100 сом пайда көргеннен, 20 адамнан 50 сомнан пайда тапқан артығырақ», – деп клиника бағаларының арзан болу себебін түсіндірді.

Қазақстандық дәрігерлер не дейді?

Қазақстанда 570 мемлекеттік және 1165 жеке меншік стоматологиялық клиника бар. Олардың кейбірімен байланысқа шығып көрдік. Клиникалардың көпшілігі жоғары бағаның себебін түсіндіруден бас тартты, түсіндіруге тырысқандары тек «елімізде қолданылатын препараттардың барлығы шетелден келетінін, бағасы сол себепті қымбат екенін» айтты.

«Өзбек дәрігерлері де дәрі-дәрмекті біз сияқты Германия, Жапония, Кореядан алдырады, бірақ неге қызмет көрсету арзан?» деген төте сұрағымыз жауапсыз қалды...

Қазақстанда тіс дәрігерлерін дайындау жиырмасыншы ғасырдың 50-жылдарынан басталған. Осы саланың дамуы мен әрі қарай жылжуына біраз күш жігер мен еңбек жұмсалған. Себебі тіс емдеу өз алдына бөлек білікті білім мен мол тәжірбиені талап етеді.

Қазақстан
Фото: khabar.kz

Қазақстанда, тек қызмет көрсету бағасы ғана емес, тіс дәрігерінің оқуы да қымбаттап кеткен. Жыл сайын бұл мамандыққа бар-жоғы бес-ақ грант бөлінсе, ал ақылы оқу үшін студент биылдан бастап С.Асфендияров атындағы оқу орнына 2 млн 100 мың теңге төлейді. Ал мамандықты игеруге бес жыл уақыт пен 10 млн теңгеден астам қаржы кетеді.

Стоматология мамандығын тек Асфендияров университетінде ғана емес, басқа да жоғары оқу орындарында оқуға болады.

1. Алматы мемлекеттік медицина университеті (Алматы)

2. Қарағанды мемлекеттік медицина университеті (Қарағанды). Ординатураны қоса алғанда, стоматология бойынша бағдарламаларды ұсынатын университет.

3. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина университеті (Петропавл) «Стоматология» мамандығы бойынша білім алуға және ординатурада оқуды жалғастыруға болатын университет.

4. Ақтөбе өңірлік мемлекеттік медицина университеті (Ақтөбе)

5. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті (Орал)

Сонымен қатар, жаңадан жақында Қазақ ұлттық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «стоматология» мамандығы бойыншы білім беретін факультет ашылды.

                                                                    Түйін

Тіс – көп қаржы мен күтімді талап ететін күрделі дене мүшесі. Егер «басқа елге барып тісімді емдетемін» десеңіз, жол шығыны мен тіс емделіп болғанша жататын орныңыз бен тамаққа кететін ақшаңызды қоса есептеп барған жөн.

Денсаулық сақтау министрлігі стоматологиялық процедуралардың бағасына көңіл аударғаны жөн болар еді. Еліміздегі орташа жалақы мөлшері 350 мың 542 десек, оның өзін бәрі ала бермейді. Ал тісі ауырып стомотология жағалаған жұрт аузын ашса болды миллиондарды санап беріп жатыр. Қарапайым халыққа обал емес пе?

Ең дұрысы – ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу. Оның жолы – тіске уақтылы күтім жасау. Сонда ақша да қалтаңызда қалады, жүйкеңіз де тыныш болады.

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ, Ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.