23 Шілде 11:36

Ауылдағы медицинаны дамытуға ерекше назар аударылады

Емдеу
Фото: pixabay.com

Дамыған және дамушы елдер арасындағы айырмашылықтарға қарамастан, медициналық көмек алу дүниежүзі бойынша ауылдық жерлерде мәселеге айналған. Халқының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратын елдердің өзінде негізгі медициналық орталықтар қалаларда шоғырланған. Қазақстанда денсаулық сақтау саласына, әсіресе ауылдағы медицинаны дамытуға ерекше назар аударып келеді.

Ауылдық жерлерде, сондай-ақ шағын елдімекендерде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер сезіледі. Ауыл тұрғындары нашар жағдайда өмір сүреді, бұл денсаулықтың нашарлауына алып келеді. Мемлекет басшысы да өңірлердегі ахуалды басшылыққа алуды мықтап тапсырған болатын. Қазақстанда 2023-2025 жылдарға арналған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы пайда болды. Осы жылдар аралығында облыс орталықтары мен еліміздің шалғай ауылдарында 600-ден астам жаңа медициналық нысанның құрылысы бой көтермек.

Ел президентінің пәрменімен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасын іске асыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес жоба бойынша 300-ден аса медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынып, ел игілігіне беріледі. Жоба қосымша 1 миллионға жуық ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтуға жағдай жасайды.

Емделу, емхана
Фото: pixabay.com

Медициналық көмекке қолжетімділік денсаулық сақтауды ұйымдастырудың және халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың ең маңызды мәселесі болып саналады. Халықаралық және отандық тәжірибені талдау ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру сыртқы ортадан болатын тәуекелдерді, елдімекеннің ерекшеліктерін және әкімшілік реформалардың стратегиялық бағыттарын ескеретін кешенді бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс екенін көрсетеді.

Үкіметтің бүгінгі жиынындағы күн тәртібінде аталмыш мәселе қаралып, жан-жақты пысықталды. Премьер-Министр Олжас Бектенов істеліп жатқан жұмыстарды саралап шықты. ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.

Министрліктер аталмыш орындардың іргетасын қалау жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Мемлекеттік сараптама қорытындылары негізінде жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, жобалау жұмыстарын аяқтады.

Құрылысы жоспарланған 655 МСАК нысанының ішінде 22,9 миллиард теңгеге жүзден аса нысанның құрылысы аяқталды. Республика бойынша отыздан аса аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Жасыратыны жоқ, ауыл медицинасының жағдайы кенжелеп қалған. Шалғай ауылдар аурухана түгілі, кішігірім амбулаторияға зәру. Қарапайым медициналық жабдықтардың да тозығы жеткен. Алыс ауылдардың тұрғындары өздері тұрып жатқан облыс, аудан орталықтары мен қалаларға барып емделуге мәжбүр. Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет профилактикалық іс-шаралардың тиімділігінің төмендігімен, қолжетімділікте айтарлықтай шектеулермен және медициналық көмек сапасының төмендігімен сипатталады. Ауыл тұрғындары медициналық мекемелердің, дәрігерлер мен басқа да медициналық қызметкерлердің, медициналық материалдар мен құрал-жабдықтардың, дәрі-дәрмектің тапшылығын үнемі сезініп келеді. Шағын елді мекендерде, шалғай аудандарда орналасқан ауылдарда ерекше күрделі жағдай қалыптасқан.

Емделу
Фото: pixabay.com

Медициналық көмектің сапасына кадрлардың қажеттілігі, олардың саны, сапасы және дайындығы айтарлықтай әсер етеді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде сезіледі. Кадр мәселесінде де бірқатар қиындықтар бар. Ауыл-аймақтарда білікті дәрігер мамандардың тапшылығы айқын байқалады. Мемлекет денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін түрлі жолдармен шешуге тырысқанымен, әлі де көптеген медициналық ЖОО түлектері ауылда жұмыс істегісі келмейді. Жалақының аздығы, мансабының өспеуі, тиісті жағдайдың болмауы – осының барлығы ауылда жұмыс істегісі келетін мамандарды тежейді. Осылайша, елді мекен неғұрлым алыс болса, соғұрлым медициналық көмек көрсету мүмкіндігі төмендейді. Сол себепті Үкімет кадр мәселесін шешу жұмыстарын мықтап қолға алды. Осы орайда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазіргі таңда мыңнан аса медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Осы жылы алты жүзден астам маман жұмысқа орналасқан. Ауылда қызмет етуді жоспарлаған жас мамандарға барынша қолдау көрсетіледі. Дәрігерлердің беделін арттыру және ауылда тұру жағдайы қарастырылады.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына 60,3 млрд теңге бөлінген. Биыл үш жүзден аса нысанның құрылысы республикалық бюджет және Үкімет резерві есебінен жүргізіледі.

Емхана, аурухана
Фото: pixabay.com

Қажетті инфрақұрылымның жоқтығы, кадрлық ресурстың жеткіліксіздігі, амбулаториялық-емханалық пункттердің кешенді медициналық көмек көрсетуге жарамсыздығы, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі және материалдық-техникалық базаның әлсіздігі ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреп отыр.

Ауыл медицинасын дамытуда жоғарыда атап өткен келелі мәселелер кездеседі. Үкімет басшысы осы мәселелерді басшылыққа ала отырып, барлық жұмысты дәл уақытында өткізуді тапсырды. Сонымен қатар өңір әкімдеріне бірқатар тапсырма берді. Аталмыш тапсырылмалар уақытнда орындалып, сапасына да мән беруді жүктеді.

Ең тиімді медициналық көмекке қолжетімділікті жақсарту және ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыру жұмыстары жалғаса береді.