«Bek Air билеттің қаражатын да қайтарған жоқ!» – Ұшақ апатынан тірі қалған жолаушы сұхбат берді
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыда Bek Air ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапқаны есте. Ұшақ бетон қабырғаға соғылып, екіге бөлініп кеткен. NEGE тілшісі сол апаттан аман қалған жолаушы Бекзат Жанболатқызымен сөйлесті.
– Бекзат, бұл күнді еске алу қиын екенін білеміз, дегенмен де оқиға қалай болғанын айтып берші.
– Одан бері алты жылға жуық уақыт өтсе де, «27 желтоқсан – екінші туған күнің» дегенді әлі күнге дейін естіп келемін, бірақ мұнымен келіспеймін. Бұл күн мен үшін – өмірімді екіге бөлген, ажалмен бетпе-бет келген ең қорқынышты күн.
Ұшақта 14-қатарда отырдым. Бастапқыда билет алған кезде орынды белгілеп беретін арнайы жүйе 8-қатардан орын берген еді. Ұшуға бірнеше сағат қалғанда онлайн тіркеуден өтіп, басқа орынды таңдадым, өйткені ешкімге кедергі жасамағанды ұнатам. Кейін білдім, 8-қатарда отырғандардың арасында өлгендер бар екен...
Ұшақ көтеріле берді де, кенеттен жарық сөніп қалды. Төбеден маскалар түсе бастады. Сол кезде бүкіл өмірім көз алдымнан өтті, көзімді тарс жұмып алдым. Қатты соққыдан ұшақ дәл менің алдымнан екіге бөлініп қалды. Көзімді ашқанда аппақ қар мен ұшақтың қираған бөліктерін көрдім. Біздің қатарда терезенің жанында отырған бір адам өліп жатты. Мынандай апаттан тірі қалғаныма таң қалдым, бәрі өң мен түстің арасындағыдай болды.
– Апаттан кейінгі жағдай есіңізде ме?
– Жерге табаным тигенде-ақ аяғым сынғанын және омыртқам қатты зақымданғанын түсіндім. Апат болған жерде құтқарушылар көп болды. Құтқарушылардың бірі мені көтеріп алғаны, қамқорлық танытып, жақын маңдағы үйлердің біріне апарғаны есімде. Мен өзімді мықты адаммын деп есептейтінмін, бірақ денемді ауырсынғанда өзімді тозаққа түскендей сезіндім.
Апаттан кейін бір жарым айдан соң қорқынышты түстер көре бастадым, үнемі әлденеге алаңдап жүрдім, жылдамдықтан қорқу пайда болды. Қираған ұшақтың иісі де мұрнымнан кетпеді.
Отбасым мен достарым эмоционалды күйзелісті жеңуге көмектесті. Олардың қолдауы мен қамқорлығы мені құтқарып қалды десем де болады. Ақтөбе, Алматы ауруханаларында ота жасатып, ұзақ уақыт бойы емделдім.
Бұл апат менің өміріме де, денсаулығыма да мәңгілік із қалдырды. Бұл оқиғаны өмір бойы ұмыта алмайтыным анық, ал денсаулығыма зардабы қатты болды. Бел омыртқаларымның қанаты сынған, мойын омыртқалар да сынып, оны біріктіру үшін темір бекіткіш орнатылды. Сол аяғымның ортан жілігі жабық түрде сынған. Үш жыл ішінде көп ота жасаттым. Ауыр жарақаттардың салдары әлі мазалайды.
– Қорқынышты қалай жеңдіңіз? Қайтадан ұшаққа міну ауыр болған жоқ па?
– Денсаулығыма байланысты ұзақ жолға шыдамайтындықтан алты айдан соң қайтадан ұшаққа мінуге тура келді. Бұл мен үшін өте қиын шешім болды, бірақ әпкем бірге ұшуға көндірді.
Ұшуға бір күн қалғанда өзімді жайсыз сезіне бастадым. Қатты қорыққандықтан іс-әрекетіме есеп бере алмадым. Ең қиын сәт ұшу және қону кезінде болды. Әпкемнің қолына жабысып, дірілдеп жылай бастадым. Ол мені барынша мені тыныштандыруға тырысып, фильм қосып, ойымды басқа нәрсеге аударып отырды.
Ұшақтың дөңгелектері жерге тиген кезде ғана тыныштала бастадым, бірақ көз жасым тоқтамады. Мен әлі күнге дейін жалғыз ұшудан қорқамын.
– Апаттан кейін жеке өміріңізде өзгерістер болды ма?
– Жеке өмірімде өзгерістер болды. Әр сәтті бағалай бастадым. Аман-есен жүрген әрбір сәт нағыз ғажайыпқа айналады. Одан бөлек өз болашағыма, баламның тәрбиесіне көбірек көңіл бөле бастадым. Өлімнен қорқу маған өмірді бағалауды үйретті, мына әлемге басқаша қарауға мәжбүр етеді.
– Әуе компаниясы сізге қолдау көрсетті ме?
– Мемлекет бізге бір реттік төлем төледі, бастапқыдағы емнің бәрі тегін болды. Ал әуе компаниясы туралы айтудың өзі бекер. Кешірім сұрау, көмек қолын созу былай тұрсын, олар тіпті әуе билеті үшін төленген қаражатты да қайтарған жоқ. Апаттан кейін бірнеше жыл өтсе де, бұл жауапсыз әуе компаниясының иелері неге әлі жазаланбағаны маған түсініксіз. Көкейімізде сұрақ көп, бірақ бұл сұрақтарға мен әлі күнге дейін нақты жауап ала алған жоқпын.
Автор: Зере НАРБЕКОВА.