24 Желтоқсан 16:12
...

Ата өсиеті: «Тамыр» еріктілері өз оқиғаларымен бөлісті

Фото:

Бос кезінде тегін қызмет етіп жүргендердің арасында: «Шаруалардың құрылысы 1861 жылы күшін жойса да, оны бізге айтуды ұмытып кеткен», - деген әзіл әлі бар.

Әзіл болса да, астарында терең ой жатыр. Шынымен, ересек адамдарды бос кезінде тегін қызмет етуге үндейтін қандай күш? Біз бұл сұрақтың жауабын «Тамыр» мектебінің еріктілерінен сұхбат алу барысында анықтауға тырыстық. 

Марина, 26 жаста: сақтандыру қызметінің қаржы сарапшысы.

«Тамыр» парақшасынан волонтерлерді шақырған хабарландыруды көргенімде, көп болса, 5-ақ секунд ойланған шығармын. Бірден сілтемені басып, өтініш толтырдым. Сөйтіп, бәрі басталып кетті.

Әр хикаяның бастауы бар. Ал менің хикаям бұдан біраз уақыт бұрын басталған. Атам альпинист еді. Кішкентай күнімнен бастап мені өзімен бірге алып жүретін. Атаммен көп саяхаттадым. Сол кісінің арқасында табиғатқа деген махаббатым да өзгеше болды. 

Атамның: «Тау өзіне құрмет қылғанды ұнатады, жан-тәнімен іңкәр болғандарды ғана сүйеді», - деген жиі қайталайтын қанатты сөзі жадымда жатталып қалыпты. Сол себепті, саяхат кезінде адамдардың жағымсыз әрекетін көргенде, жаным ауырып жүрді. Иә, адамдардың бойынан – табиғатқа, тауға деген махаббат түгілі, қарапайым құрметтің өзі байқалмайтын сәттерді жиі ұшыратып қаласың.

Сірә, бұл жайт, осының бәрін сырттан бақылап қойып жүре бермей, тау мәдениетінің қалыптасуына өз үлесімді қосуға итермелеген шығар? Қалай болғанда да, талпынып көргеннің артығы жоқ қой.

Өтінішті толтырған кезде, еріктілер жұмысының қай бағыты қызықтыратынын көрсетуім керек болды. Мен өзім үшін жақын тақырып – «қоқыс жинауды» атап көрсеттім. Бірақ, қазір «Тамыр» мектебі бағыттаған жұмыстың барлығымен айналысып жүрмін.

Өз басым табиғатымнан ашық, жұрттың бәрімен тез араласып кететін адамдардың санатынан емеспін. Бірақ лагерьге келгенімде, ондағы адамдармен таныс болмасам да, бәрімен етене жақын араласып кеттім. Себебі, олардың бәрі – есімін үлкен әріппен жазуға лайық жандар!  Бәрі бір-біріне мүлде ұқсамайды, сөйте тұра, әрқайсысы маған жақын адамдай болып кетті.

Әдетте, жақын достар бала кезде немесе университет қабырғасында табылады деп жатады. Мен соңғы бірнеше айдың ішінде, осы жерден өзіме шын достар таптым. Руханият, құндылық, мүддесі ортақ достарымды жолықтырдым. Бастаған әңгімемізді бір саяхатта айтып тауыса алмай жатамыз. Осының өзі Құдайдың берген сыйы емес пе?

Оқу барысы (біз табиғат аясында саяхаттаудың қарапайым ережелері бойынша курстан өтіп, сертификат алу үшін емтихан тапсырып жаттық) демалыстай болды. Бұл ісімді жұрттың бәрі түсіне қоймас, бірақ жан дүниемнің қалауы осы.

Ақиқатын айтайын, күндердің күні, жұмысымнан түбегейлі кетіп, осы жобамен алаңсыз айналыссам деймін.

Волонтёрлік маған шынайы қуаныш сезімін сыйлады. Мен енді ғана өзім үшін аса маңызды, жаныма жақын істі таптым. Табиғатты қорғаумен айналысып, өзім де өсіп, көтеріліп келемін.  Және осының арқасында  — жаңа таныстар тауып, жаңа әсерге бөленіп, үлкен де игі істің бөлшегі болудың ғанибетін сезіндім.

Иә, бұл істің де өз қиындығы бар. Құлаққа біртүрлі естілетін шығар, бірақ мен табиғатты қызғанамын. Осы жаққа келіп, керегін алғаннан соң, табиғаттағы мәселеге басын ауыртпайтындардан қызғанамын. Кейбір адамдардың әрекеті ашуыма тиеді. Сондықтан, бойымдағы бар күшім мен сабырымды жинап, барлығын тәпіштеп түсіндіруге тырысамын.

Мен сияқты келешекке үмітпен қарайтындарды ешкім тоқтата алмайтын шығар? Біз секілді "бір шөкім" топ (тамырлықтарды айтамын) ахуалды оңалтып, адамдардың санасын дұрыс бағытқа өзгерте алады деп ойлаймын. Сол кезде атам айтқандай, барлығы тауға құрметпен қарайтын болады.

Әлішер, 32 жаста: кәсіпкер.

Тау мені бұрыннан өзіне тартады. Бәлкім, Алматыда дүниеге келгенімнен шығар? Павлодарда қанша жыл тұрсам да, тауға деген құштарлығым азаймады. 

Шарын шатқалына бару – бұрыннан келе жатқан арманым еді. Осыдан үш жыл бұрын, Алматыға көшіп келгендегі қолға алған бірінші тірлігім осы болды. Сәрсенбі күні қалаға келдім, жұма күні Шарында жүрдім.

Кейін бірнеше мәрте Медеуге бардым. Бірақ саяхатқа жүйелі түрде шыға қоймадым. Себебі, бірге шығатын адамдарды таппадым. Ал жалғыз өзім барудан тартындым. Тауда қауіп көп екенін білгендіктен, жалғыз баруды жөн көрмедім.

Бір нәрсені жан-тәніңмен қалаған кезде, мәселенің барлығы біртіндеп шешіле бастайды екен. Тез тіл табысқыш адаммын. Сол себепті ақпарат алып, мәлімет жинау маған аса қиын бола қойған жоқ. Сөйтіп, көп ұзамай «Горельникке» барып жүрген бір үлкен топтың арасынан бірақ шықтым. Сол азаматтармен бірге біраз тауды араладым. Тауды сағынып қалғаным сонша, жеке челленджімді жүзеге асырып  –«Горельникке» 60 күн бойы, әр таң сайын көтерілдім. Бірақ, уақыт өте келе, бұдан гөрі үлкенірек, биігірек, өзгерек нәрсені қалайтынымды түсіндім. Ал бұл үшін ілім-білім қажет, осының бәрін көрсететін, түсіндіретін, бәрінің басын қосатын кісі керек болды.

Шамамен осы кезде, инстаграмдағы Тамырдың парақшасына тап болдым. Осындай мектептің бар екенін оқыдым. Менің іздеп жүргенім де осы еді ғой.  Ұстаз болса, шәкірт сақадай сай, дайын тұрады. Волонтёрлер туралы бір пост мені тамырлықтардың қатарына апарып қосты.

Өзім, волонтёрлік пен қайырымдылық – әр адамның бойында бар керемет қабілет деп ойлаймын. Ол үшін ерекше бір зат ойлап табудың қажеті жоқ. Бар жоғы, өз ісіңді сүйіп істесең болғаны. 

"Тамыр" мектебінен алып жатқан жаңа білім – мен үшін өте құнды. Барлығын мұқият тексеремін, жетпейтін жабдықтарды сатып аламын, сынақтан өткіземін. Осылайша, тәлімгерлеріміздің әр сөзінің ақиқатына көз жеткіземін. Мен өсіп келемін. Бұл бір ойындағы кейіпкердің жетістікке жеткенін көрсетеді.

Бұл қызметіме ештеңе төлемейтіндіктен, маңызы жоқ, уақ тірлік деп санаған емеспін. Керісінше, өзімді бағы жанған, таңдаулы жан деп санаймын. Өйткені, ерікті болуға өтініш білдірген алты жүз адамның ішінен қабылданған жиырма адамның бірімін ғой. Мен қазір тауда жүрген туристердің бәрі бірдей біле бермейтін нәрсені меңгеріп жатырмын. Соның арқасында, тауды өзге қырынан қабылдай бастадым.

Әр еріктінің бойында: мейірім, адамдармен тіл табыса білу, әзіл-қалжыңға қабылетті болу сияқты үш қасиет болуы тиіс деп санаймын. Әйтпесе, бұл ұлы іспен айналысу қиынға соғады.

Тегтер: