Ассамблеяның XXXII сессиясындағы тапсырмалар пысықталды

Тұрақтылық пен бірліктің модуліне айналған Қазақстан халқы ассамблеясы туралы түрлі пікір айтылады. Алайда, еліміздегі қаншама ұлт пен ұлыс өкілдерін бір тудың астына жинаған инстиуттың бүгінге дейін атқарған қызметі аз емес. Жыл сайын өткізіліп тұратын Ассамблеяның сессиясы да осы тұтастықты мызғымас етуге күш салуда.
«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атпен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында сөз сөйлеген президен Қ.Тоқаев соңғы кезде саяси жүйеде айтарлықтай өзгеріс болып, мемлекеттік құрылымда жаңашылдық жүзеге асқанын жеткізді. Президенттің пікірінше, осы уақыт ішінде ассамблея да демократиялық үлгі қалыптастыруда, жалпыұлттық тұтастық пен бірлікті арттыру барысында үлкен рөлге ие болды.
Жалпыұлттық бірегейлік дегеніміз не? Бұл бір аспан, бір тудың астындағы миллиондаған адамның ортақ мақсаты. Осы тұрғыда президент Қ.Тоқаев: «Қазақстан паспорты – бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған құндылықтарды бейнелейді. Ал көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі», – деген еді.
Шын мәнінде, халықаралық ірі додалар мен спорттық сайыстарда көк туымыз көкте желбіреп, биіктеген сайын бойымызды елге, жерге, Отанға деген мақтаныш сезімі ерекше кернейді. Спортшы, ғалым, білім мен өнердегі жастар, кәсіпкер болсын, оның ұлты, шыққан тегі маңызды емес. Оның әрқайсысын шетелде қазақ деп таниды, біледі. Сондықтан өнерде, білімде, спортта шекара жоқ. Солай болып келді де.
Ал Қазақстан халқын біріктіретін ортақ идея мен құндылықтар қандай? Еліміздегі әрбір этнос өкілі – Қазақстандағы жалпыұлттық бірегейлікті сақтауға үлес қосып келеді. Әрқайсысы Қазақстан деген үлкен отбасының бір мүшесі.
Ассамблея жиынында сөйлеген пікірінде президент Қ.Тоқаев елімізде этносаясат түйткіліне жан-жақты байыппен қарау керектігін бекер тілге тиек еткен жоқ. «Табысты мемлекет болудың негізгі кепілі – бірлік пен татулық. Этносаясатта да аймақ пен жаһанда болып жатқан жайттар ескерілуі тиіс. Мұны да заман талабына сай толықтырып, ұдайы жетілдіріп отырған азбал. Этносаралық саясатқа біржақты қарауға болмайды» деген президент.
Жақында Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Amanat» партиясы Астанадағы Достық үйінде президент Қ.Тоқаевтың Ассамблеяның XXXII сессиясында жүктеген тапсырмаларды орындау мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен «Amanat» саяси партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев меморандумның басты мақсаты жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту екеніне тоқталды.
Айталық, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов: «Президент Ассамблеяның еліміздің саяси жаңғыруында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуде барлық этнос өкілдерінің қатысуын атап өткен-ді. Бүгінде ұйымның еліміздің түкпір-түкпіріндегі қоғамдық құрылымдары мен этномәдени бірлестіктері қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша жұмыс істеп, ақпараттық жұмыстарды атқарып келеді. Соның нәтижесінде ҚХА-ның өз жұмыс істеу форматы қалыптасты. Соған қарамастан алдағы уақытта жаңашылдықты енгізуге күш саламыз», – деп түйіндеді пікірін.
Ал «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев еліміздің демократиялық тұрғыдан даму жолында – тәуелсіздікті қамтамасыз етіп, халық бірлігін арттыру міндеті тұрғанына екпін түсірді. «ҚХА – азаматтық институт ретінде саяси-қоғамдық күшті біртұтас ететін ұйым. Осы үдеріс бойынша алдағы жылдарға бағытталған жоспар да айқын. Тұтастық пен қоғамдық келісім – ұлттық бірлікті нығайтады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту де – күн тәртібіндегі мәселе. Жастарды адамгершілікке тәрбиелеу мен әлеуметтік тұрғыдан қолдау, отбасылық құндылықты дәріптеу де негізгі жұмыс. Сондықтан да біз осы жоспарды ту етіп, ілгері дамудың оң жолына түсіп келеміз», – деді өз пікірінде.
Осылайша, Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері президенттің XXXII сессиядағы тапсырмалары аясында атқарылып жатқан жұмыстың бір парасын түсіндіріп өтті. Айта кету керек, ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ассамблеяның республикалық және аймақтық этномәдени бірлестік төрағалары, қоғамдық құрылым мүшелері, сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдіктерінің жанындағы «Қоғамдық келісім» басшыларымен онлайн жиналыс өткізіп, әрқайсысының есебін тыңдады. Бая-аяғы 400-ден астам адам қатысқан жиында мемлекеттік саясатты жүргізу барысында этносаралық қарым-қатынасты нығайту, ел бірлігін сақтау сөз болды.
Манас Ташыбеков, «Мурас» қырғыз этномәдени орталығының төрағасы:
Қазақстандағы барлық этнос өкілдеріне жағдай жасалған
– Ресми емес дерек көздерінде, Қазақстанда тұратын қырғыздың саны 30 мыңнан асып кетеді. Көбінесе олар оңтүстік өңірде қоныстанған. Сан жағынан соның ішінде Жамбыл облысы мен Алматы қаласында көп. Шын мәнінде, Қазақстандағы барлық этнос өкілдеріне жағдай жасалған. Тілі, мәдениеті, салт-дәстүрін дамытуда кедергі жоқ. Бұған ассамблеяның тигізер қолдауы көп. Әсіресе, 1996 жылы ашылған «Мурас» этномәдени орталығындағы 200-ден астам мүше президент жүктеген тапсырманы жүзеге асыруға атсалысып келеді. Біз әртүрлі шараларға қатысып, ұлттар достығын насихаттауға үлес қосамыз. Оның үстіне қазақ пен қырғыз ежелден бауырлас халық.