«Ассамблея – ағаш ат». Ұйымның жұмысына Тоқаев қандай өзгеріс енгізді?
Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезекті жиыны өтті. Қоғамда бұл ұйымға деген сыни көзқарас бар екені ешкімге де жасырын емес. Қазақстанның ұлт саясатындағы «эксклюзивті тәжірибесі мен халықаралық алаңдағы мақтанышы» саналатын Ассамблея басшылығын жақында қолға алған «президент Тоқаевтың бұл орган жұмысына нендей жаңалық енгізеді екен?» деген сауал да қоғамда жоқ емес.
Меніңше, Назарбаев негізін қалаған саясаттың бірізділігін сақтаймын деп уәде берген Тоқаев қайткенмен де әр салаға өзіндік жаңалық енгізбесе, тағы болмайды. Онсыз ілгерілеу жоқ.
Кешегі Ассамблея жиынында сондай ниеттің алғашқы нышандары да пайда болған сияқты. Мәселен, этносаралық қақтығыстар туралы тақырыпта жаңаша, соны ұстанымдар айтыла бастады.
Тоқаев: «Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, этностардың бір жерде шоғырланып өмір сүруі олардың әлеуметтік-мәдени оқшаулануына (изоляция) алып келеді. Мұның өзі этносаралық шиеленіске, тіпті қақтығыстардың өршуіне әкеп соғатын этникалық анклавтардың, мәдени тілдік кедергілердің тууына себеп болады», – деп мәлімдеді.
Президенттің сөзінше, еліміздің елді мекендері мен қалаларында пайда болған жабық түрдегі этникалық аудандар мен кварталдардың түзілуінің теріс тенденциясын жою үшін жүйелік іс-шаралар қажет. Оның ойынша, кейбір аумақтарда этностық топтар өкілдері қазақстандық болмыстан қашықтауы секілді ішкі миграциялық феномен байқалады.
Бұл – бұрын-соңды билік аузынан шығып көрмеген жаңаша пайым.
Бұрын біз Ассамблеяны «ел ішінде боп жақтан этносаралық қақтығыстардың түп себебі мен салдары туралы ашық айтпайды, достық туралы жалпылама сөздерді айтып, құтылады не өткір тақырыптар мен шиеленісті оқиғалар туралы жұмған аузын ашуға жарамайды» деп сын тезіне алатын едік.
Ассамблеядан төраға ауысқан сәт.
Президенттің мына мәлімдемесінен кейін, ондай сын біршама толастайтын да болар. Әйтеуір, бәрін уақыт көрсетеді. Жасыратын несі бар, кей жағдайда президент аузынан шыққан жақсы сөздер жарты жолда қалып, жүзеге аса қоймай, арты сиырқұйымшақтанып жатады.
Оның үстіне президент мұндай мәселелер туралы үнсіз қалуға болмайды деп айтып қалды. «Ұлттық мәселе жайында өткір сөйлесем, ол ортақ достығымызға, елі ішіндегі этносаралық тұрақтылыққа нұқсанын келтіруі мүмкін» деп ашық әңгімеден басына ала қашатын шенділер мен саясатерлерге берілген мықты сигнал осы болса керек!
Осындай пікір алмасуда бізге екі нәрсе жетпей жатады.
Біріншісі – білімділік пен біліктілік, адамзат тарихы мен халықаралық тәжірибеге орынды жүгіну, интеллект пен мәдениет секілді ұлттың абыройын арттырар қасиеттер мен үрдістер. Көп жағдайда етқызулыққа салынып кетіп, тым жақсы бастамалар мен идеяларды құртып аламыз.
Екінші мәселе бұдан да өткірлеу. Соңғы кезде бізде – қоғам мен билікте – бір теріс тенденция орнығып алды. Яғни, ұлт саясатына қатысты пікір айтып, қазақтың мүддесін қорғасаң (тіпті бір қақтығыс тұсында қазақ азаматын қолдасаң), міндетті түрде шектен шыққан, басқа ұлтты жек көретін, шовинист деңгейіндегі ұлтшыл боп шыға келесің! Меніңше, мұның бәрі – кешегі КСРО кезіндегі «пролетарлық интернационализм» рецидиві, сол кездегі жалтақшылдық пен жалпақшешейліктің сарқыншағы. Өзге ұлтты сыйла, құрметте, бірақ өз ұлтыңның мүддесін қорғауда табанды да тегеурінді бол! Ассамблеяда және онда тыс жерде осы ойды ашық, ешкімнің намысына тимей, ешкімді тұқыртпай не кемсітпей, айтатын кез келді деп ойлаймын!
Жиында соңғы кезде ресейлік күштер ушықтырып бара жатқан тіл мәселесі де қозғалды.
Тоқаев: «Ол үшін мемлекеттік тілді де, ұлттық тілді де, орыс тілін де білу керек. Жалпы, біздің балаларымыз әртүрлі тілдерді қаншалықты көп білсе, соғұрлым олар үшін жақсы болады. Оларды тек бір тілмен шектеудің қажеті жоқ. Осылайша, әрекет ете отырып, біз олардың болашақ дамуы мен интеграциясын іс жүзінде шектейміз, ақыр соңында оларды жарқын болашаққа деген перспективадан айырамыз».
Сөз жоқ, өркениет әлеміне интеграциялану да, ол үшін шет тілдерін, соның ішінде, Толстой мен Достоевскийдің тілін де білу керек.
Бірақ, біздің жағдайда екі нәрсе маңызды.
Біріншіден – басқа тілді үйрету қазақ тілінің есебінен болмауы тиіс. Және де алғашқы сыныптан басқа тілдерді сәбидің қалыптасып үлгермеген ой-санасына тықпалау қаншалықты орынды?
Екіншіден, президент секілді тұлғаның әр сөзі тасқа жазылып қалмақ. Сондықтан да тілдер туралы айтқанда орыс тілін ерекшелетпей, әлемдік басқа тілдермен қатар атаса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, көршінің тіліне өзгеше мән беріп, шамадан тыс атай беру сол жақтағы ура-патриоттар мен өз ішіміздегі ескі совет жүйесін аңсаушылардың қолтығына су бүркіген секілді қабылданбақ.
Осындайда өз басшылары, Тоқаевтың трендін қолдап, осы күнге дейін үнсіз, геосаяси әліптің артын бағып отырған біраз белгілі «ассамблеялықтар» «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген принципті ұстанып, жақсы пікір айтса болар еді ғой. Ондай ниет әзірше жоқ.
Президент жиында басқа да өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Оның заманауи тенденциялардан біршама хабардар екені де көрініп қалды. Мәселен, әлеуметтік желілерге қатысты ойлары қызық-ақ.
Нұр-Сұлтандағы митингі, 2019 жыл. Фото: АР
Бірақ өз басым митингілер туралы пікірімен келісе алмаймын.
Президент тағы былай деді: «Біз бейбіт жиын туралы жақсы заң шығардық, кім не айтса да, бұл демократия жолында өте маңызды қадам. Ешкім бейбіт жиынға кедергі болмайды. Бәрі жазылған, ресми рұқсат алудың да керегі жоқ. Тек ескерту арқылы жиын өткізу қажет. Кей тұрғынымыз заң бұзуға болады деп ойлайды. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілетінін ескертемін».
Ал егер де митинг туралы ескерткен азаматтарға ылғи да рұқсат берілмесе, не істемек керек?
Әрине, заң қалыбы мен талаптарынан аутқып, радикалды қадамарға баратындар да баршылық. Бірақ оппозицияның бәрі ондай емес!
Шындығын мойындайық: митингті ескерту беру арқылы өткізу принципі әзірше жұмыс істеп тұрған жоқ! Президент соны білуі керек!
Этносаралық қақтығыстар туралы айтқанда, президент: «...мұндай қақтығыстар арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Біз дәл осындай арандатушылармен күресеміз және оған аяушылық болмайды».
Дұрыс-ақ!
Бірақ, сол арандатушылар деп қазақ ұлтының, қазақ тілінің мүддесін қорғаушылар ғана болып жүрмесін деген күдік те жоқ емес...