Арасанбай Естенов, жазушы: «Бала – балалық пен даналықтың арасында өмір сүреді»
Балалар әдебиетіне қалам тербеу – екінің бірінің басына бұйыра бермейді. Себебі, бәзбіреулер ойлайтындай, оңай шағылатын жаңғақ емес. Бұл тақырыпта тілі жатық, ойы ұғынықты шығарма жазу шеберлікті талап етеді.
Ал халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, поэзия мен проза жанрын тең арқалап жүрген ақын әрі жазушы Арасанбай Естеновтің балалар әдебиетіне қосқан үлесі зор. NEGE тілшісі қаламгерді әңгімеге тартып, бүгінгі балалар әдебиетінің беталысы туралы сұрады.
– Арасанбай Жексенұлы, қазақ әдебиетіне, соның ішінде балалар әдебиетінің дамуына бір азаматтай атсалысқаныңызды оқырман қауым біледі. Сіздің қаламыңыздан туған әр шығарма ұлтын жанынан артық сүйетін ұрпақтың тәрбиеленіп шығуына септігін тигізгені анық. Балаларға арнап жазатын қаламгерге басты керегі не?
–Осы уақытқа дейін балалар әдебиетіне арнап жазған азды-көпті еңбегім тәрбие мәселесіне оң әсер етіп жатса, қуанамын. Арман қуып журналистика факультетіне түскенімнің де себебі сол. Еңбек жолымды Қапал аудандық «Қапал еңбектері» газетінде корректордың көмекшісі жұмысынан бастап, аудармашы, бөлім редакторы, жауапты хатшы болып, ысылдым, тәжірибе жинақтадым. Кейін «Жазушы» баспасында редактор, одан кейін аға редактор болып жұмыс істедім. 2002 жылы «Баянжүрек» баспасын ашып, қазақ әдебиетіне қажетті кітаптарды басып шығаруға атсалыстым. Ал енді алғашқы «Шырғалаң» атты повесім 1982 жылы жазылды. Бұл «Жалын» баспасынан жарық көрген «Таң нұры» атты жинаққа еніп, осы баспа өткізген жабық бәйгеже үш мәрте жүлдегері атанды. Бүгінде жарық көрген кітабымның ұзын саны 20-ға жетті. Оның он шақтысы – балаларға, қалғаны – ересектерге арналған.
Былай қарасам, 1990 жылдан бері қарай тек балалар әдебиетіне қызмет атқарып келіппін. «Поэзия мен проза – менің қос қанатым» деп мақтанып жүремін. Балаларға арнап екі жанрда да жазып келдім. Көбінесе өлеңмен жеткізуге тырыстым. Халықаралық балаларға арналған «Дарабоз» бәйгесі болды. Меценат Бауыржан Оспанов он жылдай демеушілік көрсетті. Соған автор болып та, қазылар мүшесі де болып қатыстым. Байқау жеңімпаздарының шығармасын екі тілде кітап етіп шығаруға қолұшын бердім. Қазақшасы – «Кәусар бұлақ», орысшасы – «Чистый родник» деген атпен жарық көріп, кітапханаларға тегін таратылды. Өзім балалар әдебиетіне жақын болған соң, мойныма алып, балалар талғамына сай безендіріп, баспадан он жылдай шығарып тұрдық. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар емес пе?! Сол сияқты баспагерлік, баспа ісімен де ақын-жазушы айналысу керек. Қазір жұрт баспа мен баспахананы айыра алмайды. Баспаханада бір жазушы, не әдебиетке жақын адам жоқ. Мен баспагермін әрі балалар әдебиетінің жанашырымын. «Баянжүрек» баспасының да мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге ұлттық салт-санамызды, құндылығымызды жеткізу. Бізден жарық көрген кітаптың атауы – «Біздің батыр бабалар». Бұл төрт бөлім болып шықты. Аты айтып тұрған жоқ па? Кезінде біз өз тарихымызды, бабаларымызды танып өспедік. Ал Абылайхан, Есім хан, Қасым ханды оқытқан жоқ қой. Бүгінгі ұрпақ бәрін білсін деп, әрқайсысына бір кітап арнадық. 2019 жылы жарық көрген «Көне кенттер күмбірі» кітабында Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар туралы кең мағлұмат бар. Ежелгі көне қалалар – Аспара қаласынан бастап, Баласағұн, Әулиеата, Сығанақ, Сарайшық, Іңкәрқала жайында балаларға арнап танымдық дүниелер қамтылған.
– Қайбір жылы Жазушылар одағының жыл қорытындысында балалар әдебиетіне қатысты баяндама жасағаныңызда бірқатар түйткілді айтып едіңіз. Балалар әдебиетінің бүгінгі бағыты, бет-алысы қалай?
– Иә, әдеби жыл қорытындысында баяндама жасағаным бар. Қазір балалар әдебиеті секциясын жазушы Нұрдәулет Ақыш басқарады, орынбасары – жазушы Қанат Қайым. Бүгінде денсаулығыма байланысты әрі-бері көп шыға алмаймын. Жалпы, балалар әдебиеті – өгей баланың күйін кешіп келді ғой. Шын мәнінде, қазақы тәрбиенің уызына жарымаған, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, ауыз әдебиеті жауһарларын, жыр-дастандармен сусындап өспеген бала ертеңгі күні ұлтын сүйетін азамат атануы екіталай. Сонау бесік жыры, жұмбақ, жаңылтпаштарды жаттап, аңыз әңгімелер мен ертегілерді жастанып оқыған балалардың ой-өрісі де, пайымы да өзгеше болады. Бұл – үлкен өнеге, өсиет. Сондықтан ұрпақты тәрбиелейміз десек, балалар әдебиетін кенже қалдырмай, оң көзқараспен қарау керек.
– Жас қаламгерлерден кімдерді айтар едіңіз?
– Құдайға шүкір, жастардың ұмтылысы жаман емес. Балалар мен жастардың танылуына «Балдырған», журналы мен «Ұлан» газеті айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді. Ержеңіс Әбді деген жігіт өлеңді арифметикалық есеп бойынша жазады. Өзі математика пәнінің мұғалімі. Оның бастауыш және орта мектеп оқушыларына арналған «Ержеңістің ерекше есептері» атты есептен тұратын өлеңдер жинағы жарық көрген. Сол сияқты кішкентай балақайларға арнап жазған «Саусақ әліпбиі» өлеңдер жинағы бар.
Байқауларда жүлде алып жүрген қызылордалық Қуат Адис деген ақын жігіт бар. Өлеңдерін жатық тілмен жазады. Әдина Жүсіп ертегі, әңгімелер жазады. Мұғалім Мира Сембай өлең, әңгіме, жұмбақ пен жаңылтпашқа қалам тербейді. Осы сынды бір топ жастар бар. Қазір енді көбісінің есімі аузыма түспей тұр. Біз білетін, танитын жастардың тілі – құнарлы, мәйекті, қазақтың таза тілі. Олардың шығармасынан тілді шұбарлауды байқамадым. Поэзияда ақын Мирас Асанның өлеңдері қазақтың салт-дәстүрі, атбегілік туралы жастарға беретін тәрбиесі мол. Одан бұрын «Дарабоз» халықаралық балалар бәйгесі арқылы танылған Бейбіт Сарыбай, Мейіржан Жылқыбай деген жігіттер балалар әдебиетінің өкіліне айналды бүгінде. Осы «Дарабоз» байқауы жарияланып тұрғанда оннан астам жаңа есімді ашты. Соның бәрі балалар әдебиетіне қызмет атқарып жүр.
– Демек, балалар әдебиетінің дамуына мұндай байқаудың маңызы көп дейсіз ғой. Жалпы, мемлекет бұл салаға көңіл бөліп отыр ма?
– Әрине. Ынталандыру бар жерде жазатындардың қатары көбейеді. Сосын талғам, саралау бар. Кемінде 50 шақты шығарманың ішінен іріктеліп алынады. Жалпы, балаларға арналған әдеби байқаудың көп болғаны жақсы. Шалғайда жатқан небір талантты жастар танылады. 2006 жылдары қатарынан екі жыл «Астана – Бәйтерек» атты байқау жүрді. Бұған үміткерлер балалар әдебиетінің барлық жанры бойынша шығармасын тапсыратын. Бұдан соң әлгінде айтқан «Дарабоз» халықаралық байқауы он жыл қатарынан өткізілді. Осы бәйгенің балалар әдебиетіне әкелген жаңалығы көп болды. «Балауса», «Рух» атты әдеби байқаудың да ғұмыры ұзаққа бармады. Соңғы жылдары «Алтын қалам» байқауы ғана өтіп жатыр. Бір өкініштісі, мұнда балалар әдебиеті бөлек аталымда болмаған соң, көзге көрінбей қалады. Меніңше, балалар әдебиетіне бөлек байқау жариялап, жастарды ынталандырып отыру қажет. Жазушылар одағы да бұл бағытқа көбірек көңіл бөлген жөн. Қазір балалар әдебиеті кеңесінде де айтып жүрміз. Әйтпесе, өгей бала сияқты балалар әдебиеті тасада қалып қоя беретін. Тіпті, замандас әріптестердің өзі бізді менсінбейді. Шын мәнінде, бұл кез келген қаламгер бара бермейтін әдебиеттің бір саласы. Өздері қолынан келмеген соң, солай төбеден қарайтын шығар. Балалар әдебиетінің де үлкен мектеп екенін біле тұра сөйтеді. Бірақ өте күрделі ғой. Өйткені, бала болып ойлау керек, бала болып ойнау керек. Оның көркемдігі, ойлылығы бөлек әңгіме. Көркемдігінен кейін балаға ұғынықты, жеңіл болуы тиіс. Жеңіл болғанмен, қарабайыр тіл болмау керек. «Бала – балалық пен даналықтың арасында өмір сүреді» деген әдемі сөз бар. Баланы ойланта білсең, даналық та бар. Ой сала алсақ, бала да ойлана біледі. Балалар әдебиетін – ұрпақ тәрбиесі деп қарау керек.
– Қазір балаларға арнап не жазып жүрсіз?
– Соңғы кезде Алаш арыстары туралы көп зерттеп, балаларға арнап өмірбаянын ықшамдап, жазып жүрміз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бірқатар әдебиет жарық көріп келеді. Былтыр сараптамадан өткен «Алаш – біздің атамыз» атты кітабым жақында «Дәуір» баспасынан жарық көреді. Бұған дейін «Алаштан жеткен аманат» деген атаумен бір кітабым шықты. Біз Алаш арыстары дегенде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарды ғана айтамыз ғой. Зерттей келе, олардың шәкірттерін таптық. Жалпы, Алаш арыстары елу шақты екен. Балалар олардың бәрін білуі керек.
– Әңгімеңізге рақмет!