«Су ішуді ұмытпаңыз»: ДСМ ораза ұстаушыларға бірқатар кеңес берді
Денсаулық сақтау министрлігі Рамазан айының отыз күн оразасын ұстауға ниет еткен жандарға маңызды кеңестер ұсынды.
Астана, NEGE. 19 ақпан күні қасиетті Рамазан айы кіреді. Осы орайда мамандар Ораза ұстау барысында денсаулық жағдайын ескеру маңызды екенін атап өтті.
«Рамазан кезінде тамақтану, ұйқы және физикалық белсенділік тәртібі өзгереді. Сондықтан энергияны сақтау және мүмкін болатын асқынулардың алдын алу үшін ағзаға әсер ететін барлық факторларды ескеру өте маңызды», – делінген ДСМ хабарламасында.
Дәрігерлер кеңесі:
- Ауызашар мен сәресі арасындағы уақытта су ішуді ұмытпаңыз. Кешкі және түнгі уақытта суды аз-аздан, бірнеше рет ішкен дұрыс;
- Ауызашар кезінде, асты баяу әрі жеке қажеттіліктерге сәйкес мөлшерде ішіңіз. Бұл асқазандағы ауырлықты және қыжылды болдырмауға көмектеседі;
- Күніңізді белсенді өткізіңіз және кешкі уақытта қозғалысты азайтпаңыз, мысалы, күнделікті серуенге шығыңыз;
- Сәресіні қалдырмаңыз. Ол күн ұзаққа энергияны сақтауға және әлсіздік пен бас айналу қаупін азайтуға көмектеседі;
- Тәтті, тұзды және майлы тағамдарды шектеңіз. Тәттілердің орнына суы көп жемістерді таңдаған дұрыс (қарбыз, қауын, маусымдық жемістер).
Рамазан – денсаулыққа көңіл бөлуге және темекіден бас тартуға алғашқы қадам жасауға тамаша уақыт. Ораза әдеттерді бақылауға көмектеседі және тоқтауға жеңілдік береді.
Мамандар ораза ұстаушыларды жоғарыда айтылған қарапайым ережелерді берік ұстануға шақырады.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы таяуда Ораза кестесі мен пітір садақа мөлшерін жариялады.
Сондай-ақ нутрициолог Арайлым Мұратқызы Рамазан айында дұрыс тамақтануға қатысты кеңестерін бөлісті.