Аман Мәмбетәлиев: Әскерді НАТО үлгісіне ауыстыруымыз керек
Кремль Батысты тағы да жаңа қаруымен қорқытты. Бұл «Авангард» деп аталады. Ресейде оны «Путиннің жеңілмейтін қаруы» деп атады. Ресейлік әскерилердің айтуынша, дыбыстан 27 есе жылдам ұшады екен және ешқандай әуе қорғанысы тосқауыл бола алмайтын көрінеді. Ұшу қашықтығы 6000 шақырымнан асып жығылады. Ядролық немесе қарапайым оқтұмсықтарды орнатуға болады. Солтүстік мұзды мұхит арқылы АҚШ-қа дейін жетеді деседі.
Ресейдің осы жойқын қаруы, әскери қуаты және Қазақстан әскерінің бүгінгі ахуалы жайында қазақстандық сарапшы Аман МӘМБЕТӘЛИЕВ NEGE-ге сұхбат берді.
– Бұл Ресейдің кезекті үгіт-насихаты ма, әлде Путиннің шын мәнін де әлемде баламасы жоқ қаруы бар ма?
– Ресейдің әскери технологиясының мүмкіндіктері бар. Әлі толық ашылмаған да шығар. Бірақ «Путиннің жаңа қаруын» үгіт-насихат ретінде ғана қабылдаймын. Бұл – өз ішіне арналған ақпарат. Өйткені, бұдан бірнеше жыл бұрын 9 мамырда әлемде баламасы жоқ деп «Армада» танкін көрсеткен. «Бәрі автоматты түрде оқталады, оқ ату жүйесі бар» деп көп дәріптеген еді. Бірақ бұл соғыста осы танкті көргеніміз жоқ.
Ол техниканың бары рас. Санкция салынған соң, бөлшектері табылмай жатқан шығар. Немесе өте қымбатқа түсетін жоба болар. Әйтеуір, оны майданда кеңінен қолданатындай мүмкіндігі жоқ.
– Украинадағы соғыс – НАТО мен Ресейдің қаруы сыналып жатқан майдан. Екі тараптың қаруы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүр. Бірі мақтап, екіншісі жоққа шығарып дегендей. Сарапшы ретінде кімнің қаруы мықты екенін айтып бере аласыз ба?
– Өз басым Украинада НАТО мен Ресейдің арасындағы соғыс болып жатыр деген пікірмен келіспеймін. Себебі, НАТО Украинаға тек қана қорғанатын қару беріп жатыр.
Соғыс басталған кездері алғаш болып Украинаға қару берген Шығыс Еуропа елдері еді. «Варшава шарты» атты әскери блокқа мүше болған елдердің – Польша, Чехия және Словакия секілді мемлекеттер кеңестік дәуірден қалған ескі-құсқы қаруларды тегін берген-ді. Бұл қарулар – 70-80-жылғы техникалар.
Украинаның соғыстағы жеңісі – барлау мәліметтерінің жемісі. Соғыс басталмай жатып, үш-төрт ай бұрын АҚШ пен Ұлыбританияның барлау қызметі Ресейдің Украинаға соғыс ашатынын айтты.
Елшіліктерін Украинаның батысындағы қалаларға ауыстыра бастады. Яғни, батыс елдері барлау қызметінің мықты екенін дәлелдеді. Қателеспеді. Украинаның сәтті қадамдары барлаудың, дрондардың, артиллерияның арқасы. Әуе қорғанысы жүйесін Украина енді алмақ.
Сондықтан кімнің қаруы үстем екенін нақты айту қиын. Бір анығы – Ресей қолданып жатқан қару ескі. АҚШ-тың Украинаға берген Himars-тары да ескі әрі қорғанысқа арналған. 1980-жылдары шыққан қару.
Фото: Reuters
– Сонда, Ресейдің қаруы НАТО қаруымен салыстыруға келмейді ме?
– Жалпы, бұлай салыстыруға қарсымын. Өйткені, мүлде бөлек нәрселер. НАТО-ның форматы өте жоғары. Әрине, бірінші орында АҚШ тұр. Германияның, Ұлыбритания және Францияның да стандарттары және заманауи технологиялары бар. Көп ілгері дамып кеткен. Түркияның да дрондары мықты.
Бұлардың бір-бірімен байланысы жақсы. Жиі жаттығу өткізіп тұрады. Аймақтары да бөлініп қойған. Еуропаның Шығысын, Балтық жағалауы және Скандинавия елдерінің ауыспалы қорғаныс жүйесі бар.
Ал Ресейдің технологиясы 1990 жылдары жүйелі дағдарысқа ұшырады. Рас, 2000-жылдары қайта құрылымдалып, біршама реформалар жасалды. Соңғы жанжалдарға қарағанда, жүйелі дағдарыстың түбегейлі шешімі табылмағанына көзіміз жетіп отыр.
Интернеттегі бейнежазбаларға қарасақ, мобилизацияланған орыс әскерлерінің киімдері, жатын орындары, қарулары нашар. Көнерген. Ортақ стандарттары да жоқ. Мәселен, ЧВК «Вагнердің» әскерінің амунициясы бөлек. Ал Рамзан Қадыровтың әскерінің киімдері, эпикировкасы мүлде басқа. Қарапайым Ресей сарбаздарының жағдайын бұлармен мүлде салыстыруға келмейді.
Фото: ғаламтордан
– Қазақстан қару-жарақты Ресейден сатып алып жүр. Украинадағы соғыс заманауи ұрыстардың кескін-келбетін анықтап берді. Қару-жарақты тек бір елден алғанымыз қаншалықты дұрыс? Сарапшылардың дені Украинадағы соғыс Қазақстан әскерін, әскери техникасын қайта жарақтауды талап етеді дегенді айтады. Келісесіз бе?
– Бұл өте қиын сұрақ. Батысқа бет бұру керек екенін біз де жақсы түсініп отырмыз. Заманауи технология соларда. Көп жанжалдарда батыстық үлгілердің артықшылығы көрініп отыр. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери формацияның жоғалуы қажет екеніне көзіміз жетті. Миллиондаған әскер, солдат керек емес. Қолдарына ескі винтовка беріп, жүгіртудің мәні қалмаған.
Бірақ қару сатып алу да оңай дүние емес екенін түсінуіміз керек. Бұл – тек қана технология ғана емес, сананы да, стандарттарды да, казарманы да өзгерту қажет деген сөз.
Біздің қаруларымыз, оқтарымыздың бәрі кеңестік стандарттарға негізделген. Біз мұны ауыстырсақ, мамандарды түгел қайта дайындауымыз керек болады. Стандарттарды өзгерту керек. 200 мыңдай әскердің, полицияның, күзет пен шекарашылардың қолындағы қаруларын да ауыстыруымыз қажет. Кадет корпустарындағы мұғалімдерді алмастыруға тура келеді. Бұл – өте үлкен үдеріс. Демек, бұл бір күннің шаруасы емес. Сондықтан әскери жүйені өзгертпей, Ресейден басқа жақтан қару ала алмайтынымызды да түсінуіміз керек.
Мысалы, біз АҚШ-тан, Германиядан немесе Франциядан жаңа артиллериялық қару алдық дейік. Олардың түйісетін жерлері, оқтары мүлде басқаша. Оған жаңа қоспа керек болады. Бұл – үлкен мәселе. Бұл сұраққа біздің қорғаныс министрлігінің мамандары жауап беруі керек деп ойлаймын.
Меніңше, НАТО-ның үлгілеріне ауысқан дұрыс шығар. Өйткені, қазір дүниежүзі соған ауысып отыр. Өркениет факторы. Бұған қорғаныс министрінің, генералдардың саяси-ерік жігері керек деп ойлаймын.
Фото: Sputnik
– Ресейдің дрондарды Ираннан алып жатқаны Ресейдің заманауи соғысқа дайын емес екенін көрсете ме?
– Иә, мен де осы ойдамын. Жалпы, Ресей ғана емес, көп мелекеттер заманауи соғысқа дайын емес. Оның ішінде біздің мемлекет те бар. Себебі, инструкторлар, кадет корпустары, жоғары офицерлерді дайындайтын жүйенің өзі Ресей үлгісінен алынған. Соғыс жүргізудің жаңа, модерн көзқарасы жоқ.
Ресейдің Иран дрондарын алу себебі мынада: Қазір дрон дербес формация рөліне ие болды. Артиллерия, авиция секілді. Ресейдің өзі жасап шығарған дрондар тым сапасыз. Алысқа ұша алмайды. Ұрыста пайдасы да шамалы болып шықты. Ал Иран дрондары Сирияда және Сауд Арабиясына қарсы Йемендегі соғыстарда жақсы жағынан көзге түсті. «Шахид» дрондары Сауд Арабиясының әуе қорғанысы жүйелерін бұзып өтіп, мұнай зауыттарын жарып жіберді. Сол кезде Сауд Арабиясында Patriot әуе қорғанысы жүйесі болды. Демек, АҚШ-тың сапалы деген жүйесі де қорған бола алмады. Сондықтан Ресей Ираннан сатып алып жатыр. Соғыстың басында Ресей Украинаны зымырандармен бомбаласа, соңғы кезде дрондармен жиі шабуылдап жатыр. Себебі, дрон арзандау.
– Бізде шығарылатын болды деген түрік дрондарының артықшылығы мен осал тұстары қайсы? Басқа дрондармен салыстырғанда...
– Қазақстан – бұл дрондарды шығаруға рұқсат алған жалғыз мемлекет. Жұрт мұны үлкен зауыт деп ойлайды. Шындығында олай емес. Қателеспесем, онда аз ғана персонал болады. Жартысы – Түркия, жартысы – Қазақстанның адамдары. Бірақ бұл – өте құпия ақпарат. Қорғаныс министрлігінен сұрағанымызда, қашан, қай жерде салынатыны, бұған қанша ақша кететіні жайында ақпарат бермеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!