31 Мамыр 14:36
...

Алматыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті

Фото:

Бүгін, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақ даласына үлкен шығын алып келген нәубеттің зардабы орасан зор болғанын саналы ұрпақ жақсы біледі. Жазықсыз опат болған оғландарды еске алу әрбір қазақтың парызы. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы Алматы қаласында Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы, бұрынғы НКВД ғимараты алдындағы саябақта орналасқан ескерткіштің алдында өтті. Еңселі ескерткіш дәл осы қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың құрметіне қойылған болатын. Жиналған халық нөсерлі жаңбыр астында ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. 

Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының туыстары, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. 

Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы. Қазақ еліне депортацияланған шешен ұлтының өкілі Ахмет Мурадов қиын-қыстау кезеңді еске алды. 

Ахмет Мурадов

«Бүгін біз қаланың ортасында тұрмыз. Дәл осы жерде жазықсыз жандарды ату жазасына кесті. Сол жазықсыз жандардың жан айқайын естітпеу үшін тракторлардың маторын қосып, аяусыз өлтіріп жатты. Осы жерде КГБ, НКДБ-ның ғимараты тұрды. Оны айтудың өзі ауыр. Тәуелсіз алған жылдарда әділеттілік орнатуға қадам жасалды. Кінәсіз адамдар ақталды. 31 мамырды – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Бүгін бүкіл Қазақстан алаңдарға жиналып, бейіт басына барып құран оқытып жатыр. Сол кездегі жүйе халықтың бүтін бір элитасын жойып жіберді. Олар ғылымды, білімді, өнерді дамыту жолында аянбай еңбек еткен арыстар еді. Қарап отырсақ, он шақты жылдың ішінде Қазақстанды халықаралық деңгейде таныта алатын азаматтардан тазартып тастады.

1944 жылдың ақпан айында осы жерге шешендер мен ингуштарды алып келді. Біз 78 жыл бірге тұрып келеміз. Дініміз ортақ, өміріміміз ортақ, тарихымыз ортақ, болашағымыз да ортақ. Сол себепті осының барлығын ұмытатын болсақ, біздің болашағымыз да болмайды. Бүгін мен де достарыммен бірге осы жерге тағзым етуге келдім», – деді ҚР Ассамблея мүшесі, «Вайнах» шешен және ингуш халықтары мәдениетін дамыту қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадов.

Елімізде Сталин режимінің 11 лагері орналасты. Азап аралдарына мынадай вагондармен Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен тұтқындар тасымалданды. Ажал вагондардан азап шеккендердің көбі ауыр жолға шыдамай өліп кеткен. Мұның барлығы өткеніміз. Шараға қатысқандардың барлығы сол зұлматты жылдардың ащы шындығын күңірене еске алды. 

«Бүгін, 31 мамыр боздақтарды еске алуға осында келіп отырмыз. Біз де ақталмай қалған ұлт қаймақтары әлі де бар. 25 мың боздақ қайтыс болды деп айтылып жатыр. Негізі 70 мың боздақ қайтыс болған. Ал ол кісілердің барлығы ақталуы керек. Мысалы, Югославия, Чехия, Польша, Герцеговина олар 1991-92 жылдары азаматтарын ақтап алды, өз орындарына қойды, Ал бізде әлі ақталмай жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы жазықсыздарды ақтау процессі қайтадан басталды. Бүгінгі күннің маңыздылығы жас ұрпақ үшін ақтау процессін тезірек жіберіп, түсіндіру. Ұлт қаймақтары болған зиялыларымыз не себепті осындай халге түсті? Соны жас ұрпаққа түсіндіріп айтпаса, барлығы кеш болады. Келешек ұрпақ барлығын білуі керек», – деді «Патриот» қозғалысының мүшесі Нұрдәулет Жайнақов.

Жиналған қауым қуғын-сүргін құрбандарына Құран аяттарын бағыштап, дұға жасады. Жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау болашақ ұрпақтың қолында екенін батыра айтты. 

Атылғандардың дені қазақтың көш бастаушысы, ұлт көсемдері, Алаштың арда ұлдары еді. Еліміздің бастан кешірген зобалаң жылдарды мен қатерге толы жолдары ел есінде. 

Тегтер: