19 Сәуір 09:09

«Алқабилердің миы атала боп кетті» – Белгілі адвокат Бишімбаевтың ісін қарап жатқан судьяны сынады

Сот
Фото: Коллаж: ғаламтордан

Атышулы «Бишімбаев ісіне» қатысты сот процесі мәресіне таяды. Қоғам тарапынан қадағалау өте күшті болғандықтан да шығар, пікір де саналуан. Біз сот процесіне қатысты «сырт көз» маманның пікірін жариялауды жалғастырамыз. 

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлнәр СҮЛЕЙМЕНОВА әлеуметтік желідегі парақшасында Бишімбаевтың сотына қатысты кемшіліктерді жазды.

«Сот отырысында алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық іс бойынша төрағалық етуші сот отырысына қатысушыларға мынадай түсінік берді: «Кеңес бөлмесінде сот пен алқабилер қылмыстық іс материалдарымен танысуға және қажет болған жағдайда заттай дәлелдемелерді зерттеуге құқылы...»

Сонда Қылмыстық кодекс қайда қалды?! Өйткені, алқабилердің сот талқылауына қатысу ерекшеліктерін қарастыратын Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларында алқабилердің іс материалдарымен, әсіресе, кеңесу бөлмесінде танысу құқығы қарастырылмаған! Бұл тағы бір «жауапкершіліктен» бас тарту ма?

Әр сот отырысында орын алған басқа да заңбұзушылықтар туралы үндемей-ақ қояйын. Кеңесу бөлмесінде судья мен алқабилердің кездесуін өткізу тәртібін реттейтін Қылмыстық кодексте анық жазылған», – деп жазды адвокат.

NEGE тілшісі адвокат Гүлнәр Сүлейменовадан сот процесіндегі кем-кетік тұстарды толыққанды түсіндіріп беруді сұрады.

Адвокат
Фото: әлеуметтік желіден

– Өзім судьяларға, прокурорларға, адвокаттарға, соның ішінде алқабилермен өтетін сот отырыстарына қатысы бар заңгерлерге семинар-тренингтер өткізіп жүрмін. Сол себептен осы сот процесін жіті қадағалап отырмын. Сот процесі тәмамдалған соң ресми түрде егжей-тегжейлі айтып берейін. Ал қазірдің өзінде көзге ұрып тұрған заңбұзушылықтар болып жатыр.

Алқабилер – қарапайым адамдар. Бірақ сот құқықтық мәселелерді алқабилердің алдында қарастырып, талқылауда. Алқабилердің басы быламық болып кетті. Меніңше, сот отырысындағылар алқабилердің сол бөлмеде отырғанын ұмытқан.

Кезінде қолданыстағы «Алқабилер туралы» заңды жасақтауға қатыстым. Сол кезде алқабилердің кәсіби судьяның қатысуынсыз бөлек отыруын қолдаған заң жобасын ұсынған едік. Жұмыс тобы бірауыздан қолдады, бірақ депутаттар бірге отыруын құптаған жобаны қабылдады.

Жалпы, классикалық модель бойынша алқабилер алқасы жеке шешім қабылдауы тиіс. Олардың бәрі заң саласының кәсіби мамандары емес. Бар болғаны сот отырысының соңында «Сол орында қылмыс болғаны дәлелденді ме? Сотталушының қылмыс жасағаны рас па, жоқ па? Оның кінәлі екені дәленденді ме?» деген сауал төңірегінде кеңесу бөлмесінде талқылап, жауап беруі тиіс. Тіпті, бөлек бөлмеде судьяның көмегімен кей мәселені бүге-шігесіне дейін талқылай алатын еді. Ал қазіргі заң бойынша бұл сұрақтарды кәсіби судьямен бірге қарастыруда, – деді Гүлнәр Сүлейменова.

Бишімбаев
Фото: kursiv.media / Аскар Ахметуллин

Сондай-ақ, адвокат осы сот процесі арқылы ел-жұртқа күлкі болғанымызды айтады.

– Бұл сот процесі онлайн түрде ашық өтіп жатқандықтан бүкіл әлем қарап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ұят! Менің Санкт-Петербургте, Мәскеуде заңгер таныстарым бар. Олар да хабарласып: «Іріктеп, таңдап алынған судья осы ма? Сендерде қылмыстық істі осылай қарай ма?», – деп сұрайды. Өте ұят жағдай!», – деп қынжылды адвокат.