30 Желтоқсан 08:54
...

Әлеумет. «Тышқаншылаған» жыл

Фото:

Әне-міне дегенше, 2020 жыл да тарих қойнауына еніп барады. Кейбір әзіл әңгімелерде адамзат тарихындағы «ең қысқа жыл» делініп жүр. Шынында да, жұрт қаңтар, ақпаннан кейінгі айдың бәрін карантин режимімен өткізіп, жыл соңының қалай келгенін де білмей қалды. Сондықтан бұл жылды «Covid-2019 жылы» десек те, ешкім қарсы бола қоймас.

Біз Тышқан жылы әлеуметік саланың әлеуетіне әсер еткен маңызды оқиғаларға шолу жасап көрдік.

Ақпан. Министр ойланып сөйледі ме?

Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кейбір көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақының екі есеге артатынын айтты. Айтқаны дұрыс қой, бірақ оған қалай қол жеткізетінімізді естігенде... Ол былай деді: «Қазір жеті баладан ары қарай жәрдемақының мөлшері біркелкі. Сондықтан біз сегізінші және одан кейінгі балаларға да жәрдемақыны сараланған түрде төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Сонда 8 балаға 74 мың емес – 85 мың теңге, 10 балаға – 106 мың, 15 балаға – 159 мың теңгеден төленетін болады. 2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 миллиард теңге қарастырылған».

Тұтастай бір министрлікте министр Нұрымбетовке бала таптыру мен бала табудың ара жігін ажыратып, түсіндіріп беретін бір адамның табылмағаны қынжылтты. Ал жарайды, күшеніп-күшеніп 15 бала таптық дейік. 159 мың теңгемен 15 баланың қай жыртығын жамаймыз?!

Наурыз. Бекшиннің «кәрі құдасы» Ковид келді

10 наурыз күні еліміздің сол кездегі бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустың елімізге таяп қалғанын мәлімдеді. Ол: «Бұл індет ақыры бізге де келетін сияқты. Елімізде 11-16 наурыз аралығында анықталуы мүмкін» деді.

***

13 наурыз күні Алматы қаласында коронавирусты жұқтырған алғашқы адамдар анықталды. Германиядан ұшып келген Қазақстанның екі азаматы – 1974 жылғы ер адам мен 1984 жылғы әйел адамнан COVID-19 табылды.

Ж.Бекшин. Фото: Коллаж 

***

15 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай 16 наурыз сағат 8:00 бастап 15 сәуір сағат 7:00 дейін созылады деп шешілді. 19 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, адамдардың бұл қалалардан шығуы мен кіруі шектелді. Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды.

Сәуір. Төтенше жағдай ұзарған ай

6 сәуірден басталатын төртінші тоқсанда еліміздің мектептері қашықтан оқу жүйесіне көшті. Бұған дейін ұстаздың қарсы алдында отырып сабақ алған бала алғаш рет компьютер мен смартфонға үңілмек. Ал қашықтан оқытуға «Balapan» (қазақ тілінде) мен «Еларна» (орыс тілінде) телеарнасы да атсалысты. Мұнымен қоса, телеарнадағы сабақ министрлік бекіткен жоспар бойынша бірнеше білім ресурстарында (Bilimland, Daryn online) жалғасты. 

***

10 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Бұл отырыстың нәтижесінде Қазақстандағы төтенше жағдай режимі сәуір айының аяғына дейін созу туралы шешім қабылданды.

***

27 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайдың мерзімін ұзарту туралы мәлімдемесі жарияланды. Жарлыққа сәйкес, Қазақстанда 16 наурызда басталған Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылатын болды. Карантин режимін біртіндеп жеңілдету туралы шешім қабылданды. Елдегі жағдайдың тұрақтануына байланысты 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасындағы әуе қатынасы жанданатын болды.

***

Еліміз төтенше жағдай кезінде табысынан айрылғандар үшін көмек ретінде ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем тағайындады. Төтенше жағдай кезінде табысынан айрылғандар 42 500 теңгені алу үшін өтінімді egov.kz және 42500.enbek.kz сайты арқылы берді. Әлеуметтік төлем 3 млн азаматқа беріледі делінді.

Маусым. Дәрігерлердің дауға айналған үстемақысы

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимі енгізілген кезде облыс аумағында тұратын медицина қызметкерлері біраз қиындыққа тап болды. Кейбір ауруханалар мамандарын жатын орынмен қамти алмағандықтан, пәтер іздеп кетті.

ҚР Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов еліміз бойынша 30 мыңнан астам дәрігер үстемақы алатынын хабарлап, тіпті қосымша көмекті бөліп беру мақсатында облыстардағы жергілікті әкімдіктерге тиісті комиссия құру тапсырылды. Яғни, медициналық қызметкерлерге біліктілігіне, санатына сай қаржылық қолдау көрсетіледі делінген.

Шілде. Дәрі ауадан да қат болды

Биыл ҰБТ-ның енгізілгеніне – 17 жыл. Ұлттық тестілеу орталығына басшы болып келген Дидар Смағұлов «2019-2020 жылғы түлектер ҰБТ-ны қағаз түрінде тапсырады. Биыл барынша әділ өткізуге тырысамыз. 2021 жылы сынақ онлайн форматта өтеді» деген еді. Шын мәнінде, «биылғы сынақ әділ өтті» деді көпшілік. Былтыр 117 мың талапкер тапсырып, олардан 128 мың рұқсат етілмеген құрылғы табылса, биыл 122 мың талапкер қатысып, 2 жарым мың құрылғы алып кірген. 2500 баланың нәтижесі жойылды.

***

Коронавирус дерті асқынып, өлім-жітім көбейді. Алматыда мәйітхана алды ұзын-сонар кезекке айналды. Індеттің өршуіне байланысты Алматыдағы №7 және №1 клиникалық ауруханасы коронавирус және пневмониямен түскендерді емдейтін провизорлық стационарға айналды.  

***

Дәрі ауадан артық қат болғанда... Шілде айы еліміз үшін ауыр болды.   Талай танымал адамдардан қапияда айрылып қалдық. Себебі, ауруханада бос орын болмады, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек те тапшы. Ал пневмонияға қарсы антибиотиктер тіпті табылмады. 11 мың теңге тұрған «Фраксипарин» – 17 мың, 250 теңге тұрған «аскорбин қышқылының» бір ампуласын 700 теңге болды. Қайырымды жұрт әлеуметтік желі арқылы бірінен артылғанын екіншісіне беріп, көмектесті.

Дәрі таппай сенделген жұрт қынадай қырылып жатқанда СҚ-Фармацияның қоймасында қажетті дәрі толып тұрды. Гуманитарлық көмек ретінде келген дәрі-дәрмек те таратылмаған.

***

Қазақстанға коронавируспен бірге наурыз айында он бестен астам елден гуманитарлық көмек те жетті. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың дерегінше, елімізге гуманитарлық жүк ретінде 5 млн 200 мыңға жуық медициналық маска, өкпені жасанды желдететін 98 аппарат, 260 мың тест, 3000 мыңға жуық тепловизор мен термометр әкелінді.

Тамыз. Төтенше жағдай орнайды делінген болжам

Nege.kz порталы жариялаған эксклюзивті материалда мемлекет індеттің екінші, үшінші толқынына  дайындыққа көшкені айтылған. Бірінші сценарий бойынша Денсаулық сақтау министрінің болжамына сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін індет жұқтырғандар саны 2,5 млн адамға жетеді, оның ішінде 550-600 мың адам ауруханаға жатқызылады десе, екінші сценарийде «2020 жылдың аяғына дейін КВИ мен пневмония жұқтырғандардың саны 2,6 млн адамға жетеді. Жыл соңына дейін барлығы 722 мың адам ауруханаға жатады, оның ішінде жыл соңына дейін 125 мың адам бір уақытта түседі. Алайда, бүгінде бұл жағынан күшіміз 56 мың орыннан аса алмайды. Орын қорын қыркүйекте 10 мың, қазанда 24 мыңға, қарашада 41 мың орынға арттырады. Өлім-жітім де биліктің іс-әрекетіне байланысты 17 мыңның төңірегінде болады» делінді. Демек, екінші толқынға дайындық осы кезден басталды.

Қыркүйек. Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалануға рұқсат етілді

1 қыркүйек күні президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына екінші жолдауын жасады. Бұл жолдаудың көтерер жүгі де аз болмады. Жолдауда әлеуметтік сала бойынша екі мәселеге басымдық берілді. Қарапайым халықты қуантқаны да осы. Оның біріншісі – «2021 жылдан зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсауға болады» деген жаңалық.

***

Жаңа оқу жылында да қашықтан оқитынымыз әу бастан белгілі еді. Себебі, індеттің беті әлі қайтқан жоқ. Соған сәйкес, үш ай демалыста барлық жағынан дайындық пысықталуы керек. Сол кезде министрлік те, мектеп директорлары да әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларының бәрі қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі деп сендірген. Тіпті, мектеп балансындағы компьютерлер де уақытша қолдануға берілетінін айтқан. Бірақ ата-аналар берілген құралдардың сапасыздығына шағым түсірді. 

***

Әлеуметтік желіде «Қазақстан COVID-19-ға қарсы вакцинаны Ресейден сатып алады екен» деген әңгіме қызу талқыға түсті. Алайда, тамыз айының ортасында Денсаулық сақтау министрлігі «Еліміз COVID-19-ға қарсы ресейлік жаңа вакцинаны сатып алуды жоспарлап отырған жоқ. Сынақтар аяқталғанға дейін күте тұрамыз» деген. «Ең алдымен ресейлік екпені алуға ешқандай келісімшартқа қол қойылған жоқ. Неге десеңіз, екпе әлі дайын емес. Мәскеуде болған кездесу барысында алдын ала келісім жүрді. Яғни, Ресей тарапынан екпе дайындалса және ол халықаралық стандартқа сәйкес келсе, онда «Қазақстан сатып алуға дайын» деген меморандумға қол қойылды» деді министрлік.

Желтоқсан. Қазақстанда «Спутник V» екпесі шығады

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешеніне барып, Қазақстан және Ресей президенттері арасындағы уағдаластықтарды іске асыру аясында «Спутник V» вакцинасын өндіруді бастап берді. Кешен базасында кезең-кезеңімен 2 млн доза вакцина өндіріледі. «Қазақстанда өндірілген «Спутник V» мен жаппай вакцинация 2021 жылғы ақпан айында басталады. Бірінші кезекте екпе ерікті негізде медицина қызметкерлері, педагогтер, студенттер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, сондай-ақ созылмалы аурулары бар қауіптілік топтарының өкілдеріне салынады», – деді А.Мамин.

***

Зейнетақы салымындағы ақшаны қалай алудың тетігі айтылды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов: «2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мынадай сандарды келтіруге болады: 761 мыңнан астам адам мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады, олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден астам қаражат бар» деді. Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға (Отбасы банк) жүгіне алады.

***

Желтоқсанның аяғында шенеуніктердің бірқатары қазақстандық вакцина салғызғанын мәлімдеді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты әлеуметтік желіде жұрт «халықты алдады» деп айыптады. Әкімдіктің баспасөз қызметі вакцинация кезіндегі басқа да суреттерді жариялап, ақталғандай болды.

Түйін

Осылайша 2020 коронавируспен алысқан жыл болды. Жыл басында-ақ кейбір жұрт «Тышқан жылы қиын болады, тапқанымызды тышқаншылап үйге тасимыз» деп болжаған. Десе, дегендей-ақ болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жыл халыққа қиын тиді. Тышқан жылы күпті еткен көңілді «сүтті Сиыр» басады деп үміттенейік. 

Тегтер: