Аккредитация дауы. Депутаттар ұсынысын негіздей алмады
Аккредитация алмаған шетелдік БАҚ өкілдеріне елімізде жұмыс істеуге тыйым салуды ұсынған депутаттар пікір білдірді.
Бүгін Парламент Мәжілісінің кезекті отырысына келген депутаттар Никита Шаталов пен Анас Баққожаевтан журналистер түсініктеме беруді сұраған еді, олар бұл ұсыныстың «Азаттық» радиосына қатысы жоқ екенін айтты. Дегенмен мәжілісмендер өз сөздерінде «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді» деп нақты қандай шетелдік БАҚ-ты меңзегендерін түсіндіріп бере алмады.
Депутат Никита Шаталов 2015 жылы ресейлік «Медуза» басылымының Өскемен жайлы жазған мақаласын мысалға келтірді де, басқа уәж таппады. Содан бұл заң жүзеге асуы міндетті емес екенін айтты.
– «Азаттықты» жабайық немесе басқа шетелдік басылымды жабайық демейміз. Бізде өзіміздің ақпараттық кеңістігімізді түрлі жағдайлардан қорғау мәселесі бар. Ақпараттық соғыс жүріп жатыр ма? Жүріп жатыр. Пропогандалық үгіт-насихат бар ма? Бар. СІМ нон-гратаға жататын адамдардың тізімін жасап жатқанын ашық айта бастады. Осы ретте ақпараттық кеңістікте жұмыс істеп, белгілі бір сүзгі қоймау да дұрыс емес. Ол норма міндетті түрде жұмыс істейді деген сөз емес. Ол профилактикалық мазмұнда болуы мүмкін, – дейді Н.Шаталов
Никита Шаталов Қазақстандағы шетелдік ақпарат құралдары қандай ақпарат таратып отыр және олардың ішінде қайсысы ұлттық қауіпсіздікке қайшы екенін анықтайтын сараптама жүргізбегенін мойындады.
Ал Анас Баққожаев әркімге негіздеме көрсетуге міндетті емес екенін айтты.
– Бұл заң кеңінен талқыланғаннан кейін, мен мұның әртүрлі тұстарын терең зерттедім. Сондықтан да Конституцияның 61-бабына сәйкес бізде кез келген жеке және заңды тұлғаларға шектеулердің бәрі заңмен ғана жасалуы тиіс. Ал шетелдік БАҚ-қа аккредитация туралы СІМ 2016 жылы бекіткен ережесінде ғана бар, демек, заңды түрде ол жоқ. Неге Констиуцияның нормасын орындамасқа? Оны неге заңның деңгейіне көтермеске деген сауалды қойып, ұсынысты беріп отырмын. Бірақ бұл ережеден заңға ғана көшіп жатыр, оның ешқандай қатайған, күрделенген жағы жоқ... Мен өзімнің мандатымды пайдаланып, ұсынысымды енгіздім. Жұмысшы топта ашық талқыланды. Алдағы уақытта оны комитет қарастырады. Комитеттен кейін пленарлық отырыс болады. Егер ол басқа депутаттардан қолдау таппаса, менің ұсынысым өтпейді, – дейді депутат А.Баққожаев.
«Азаттық радиосының» тілшісі Сәния Тойкен Анас Баққожаевтан «Азаттық» тілшілерінің аккредитация ала алмауына қатысты депутаттық сауал жолдай ма деп сұрап еді, ол Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдап, мәселенің арнық-қанығын анықтап, «өз тарапымнан көмегімді беремін» деді.
Айта кетейік, өткен аптада Медиақауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте «Масс медиа туралы» заңға толықтырулар енгізу мәселесі талқыланған болатын. Онда Мәжіліс депутаттары Никита Шаталов пен Анас Баққожаев аккредитация алмаған шетелдік БАҚ өкілдеріне елімізде жұмыс істеуге тыйым салуды ұсынды. Мұны көпшілік «Азаттық» радиосына бағытталған деп түсінді. Себебі жыл басында СІМ «Азаттық радиосының» 36 журналисіне аккредитация бермейтінін хабарлаған. Бұл қоғамда наразылық тудырып, мұны «сөз бостандығын шектеу» деп түсінгендер болды және әлеуметтік желілерде «Мен Азаттықпын» деген хэштегпен жазбалар жарияланды.
30 қаңтарда «Азаттық» радиосы СІМ үстінен сотқа арыз түсірді. Арызда «Азаттық» тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитацияларын созбаған министрлік шешімін басылым заңсыз деп табу және күшін жоюды сұраған.