Айдос Сарым: Қазақстанда халифат құрылып кете жаздады

Бүгін Мәжілістің ішінен құрылған «Жаңа Қазақстан» тобына байланысты «Men media» кросс-медиа платформасында баспасөз конференциясы өтті. Ұлттық баспасөз клубымен бірлесіп ұйымдастырған жиынға Айдос Сарым, Берік Дүйсенбинов, Ғазиз Құлахметов және Наталья Дементьева қатысты.
Nege.kz тілшісі спикерлерге «Жаңа Қазақстан» тобы қырық құрау болған Ата заңды жаңалай ма?», – деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа топтың белсенді мүшесі Айдос Сарым жауап берді.
– Соңғы қабылданған Ата заң 116 рет өзгерген екен. Осындай қырық құрау Ата заңмен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін бе? Мәселен президент сайлауына қатысу үшін 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек. Мұндай заң есі дұрыс ешбір мемлекетте жоқ...
– Сіздің айтып отырған мәселе Конституцияға емес, Сайлау туралы заңға байланысты сұрақ. Менің ойымша, алдағы уақытта Конституцияға өзгеріс енейін деп отыр. Әртүрлі топтар тарапынан Конституцияны жаңалау немесе 1993 жылғы Ата заңды қайтару туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Шындап келсек, 1993 жылғы басты құжат қазіргі Конституциядан да жаман еді. Аталған Ата заңды жақтап жүргендердің көпшілігі оны оқымаған да.
Біз қазір топ болып, алдарыңызға неге шығып отырмыз? Наурыз айында жарияланатын саяси реформада жаңа Конституцияға байланысты әртүрлі ұсыныстар айтылады. Біз соның белсенді субъектісі болуымыз керек. Мысалы мен адам ретінде осы үдерістердің бақылаушысы емес, ішінде болғым келеді. Менің де «Еліміз қалай даму керек?» деген сұраққа өз ойым бар. Сөзсіз, контитуциялық өзгеріс болатыны анық. Бірақ оның ішінде не болады, ол болашақта не береді? Еліміздің басқару жүйесін мүлдем әлсіретіп, құлатып жібермей ме деген секілді көптеген сұрақтар бар.
– Сіздер «Тәуелсіздіктен айрылып қаламыз» деген сөзді жиі айтасыздар. Отыз жыл Назарбаевты мақтап та келдіңіздер. Халық болмашы митингке шығып реформа талап етсе немесе «Нұр Отан» партиясын сынап, оны таратып жіберу керек десе, «Тағы да Азаттықтан айрылып қаламыз» дейсіздер. Тәуелсіздік деген осындай жағдайлардың әсерінен айрылып қалатын нәрсе ме? Бұл манипуляция емес пе?
– Осындай жағдайда антиутопиялық нәрсені елестетіп көрейікші. Жарайды алты күн үкімет құлады делік. Қазақстанға басқа елдер әскерін кіргізіп немесе оңтүстікте халифат құрылып, жарияланып кететін де қауіп болды ғой. Мына бейбіт митингіні алабөтен ниеттегі күштер пайдаланып кеткеніне біз кінәлі емеспіз. Ондай да қауіп болды. Ел, мемлекет болғаннан кейін қауіпсіздік комитеті мен армия құрылады.
Үшінші мәселе бар. Менің ойымша, біз елдің күрделілігін де ескеруіміз керек. Оны да көрдік. Жүйенің әлсірегені соншама, халық алдына шығатын немесе шыға алмайтын шенеуніктер, тіпті жұмысын тастап кеткен полицияны да көрдік. Сатқындық жасаған опасыз қауіпсіздік қызметкерлерін де көріп отырмыз.
Қауіп жоқ демейік. Мен ешбір әріптесімді алалағым келмейді. Бәріміз де елдің патриотымыз. Түсінігіміз әртүрлі болуы мүмкін. Мен либералдау болуым мүмкін, басқа біреу консерваторлау болуы мүмкін. Бірақ мәселе онда емес. Барлығымыздың көксегеніміз елдің мәселесі ғой.
Қазір елді бұзбай, елдің бағытын дұрыс жолға бұратын тарихи мүмкіндік туындап отыр. Бұл артық сөз немесе пафос емес. Меніңше, осы жағдайды бейбіт жолмен шешуіміз керек.
Бес революциядан өткен Франция мен Англияның тарихын бәріміз жақсы білеміз ғой. Оның артықшылығы мен кемшілігін француздардың өзі біле жатар. Англия соған қарап бет түзеп, өзгерді. Азия елдері мен Америкада да осындай жағдай болды. Біздер тарихымыздағы ең күрделі сынақтан өттік. Енді осыдан дұрыс сабақ алып, елдегі дұрыс сот, дұрыс саяси жүйе, дұрыс саяси бәсекелестік қалыптастырып, қауіп-қатерлерден арылсақ деген ниетпен отырмыз. Шынын айтайық болған жағдайдың бәрі мойындалып отыр. Бүгін ең қиын жағдай оппозициялық баспасөзге туындап отыр. Өйткені олар айтатын әңгімені бізде, сізде айтып отырсыз, – деді А.Сарым.