Айбар Олжай: Мухоряповтың әрекетін прокуратура тексеріп, жауабын беруі тиіс
Chocolife басшысы Рамиль Мухоряпов Қазақстанға келген ресейліктермен кездесуінде қазақ тіліне қатысты халықтың ашуына тиетін пікір білдірген. Бұл видео әлеуметтік желіге тарап, қазақстандықтар Chocolife компаниясының қызметін пайдаланбауды ұсынып, Мухоряповтан кешірім сұрауды талап етті.
Кездесуде ол орысша сұраққа қазақ тілінде саналы түрде жауап беруді ұлтшылдық пен мәдениеттің төмен деңгейі ретінде санайтынын айтқан болатын. Артынан өз сөздерін түсіндіруге тырысты.
«Адам орыс тілін расымен білмесе, жарайды. Қазақша сөйлеу — ұлтшылдықтың көрінісі, мәдениеттің белгісі емес. Достар, мен қазақ тілін құрметтеймін, Қазақстан – менің Отаным! Менің сөздерімді дұрыс түсінгендеріңізді қалаймын. Мен кез келген қысымға қарсымын», – деді. Ал кешірім сұраған видеоүндеуінде қазақ тілін үйренетінін мәлімдеді.
Оның ең алғашқы репликасына орай, журналист Айбар Олжай е-өтініш арқылы прокуратураға репликаның заңды бұзатынын-бұзбайтынын тексеру бойынша арыз түсірді.
«Алға даму, қоғамдық келісім тек қана заң үстемдік құратын мемлекеттерде ғана іске асады. Сондықтан «Жаңа Қазақстанның» түпкілікті идеясы – заң аясындағы әділетті қоғам құру. ChocoFamily басшысы Рамиль Мухоряповтың желіге тарап кеткен репликасы қоғамның ашуын туғызғаны рас. Бірақ ашу – ол эмоция. Эмоция заңмен реттелмейді.
Рамиль Мухоряпов заңды бұзды ма? Басты сұрақ осы. Оған тек қана құзырлы орган арнайы тексеруден кейін жауап бере алады. Бірақ ол үшін азаматтық қоғам құзырлы органға жүгінуі тиіс.
Осындай, тек заңдық, конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы, 1-тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін Прокуратура ресми жауабын жібереді», – деді ол.
NEGE тілшісі Chocolife басшысы Рамиль Мухоряповтың үстінен прокуратураға арыз түсірген Айбай Олжайдың пікірін сұрады.
«Кәсіпкердің сөзі Қылмыстық кодексінің 174-бабы, 1-тармағын, яғни заң нормасын бұза ма, жоқ па, соны анықтау үшін арыз бердім. Прокуратура 11 қарашаға дейін тексеріп жауабын беруі тиіс. Егер кәсіпкердің заңды бұзғаны анықталса, әрі қарай прокуратураның өзі материалдар жинап, сараптама жасап, кәсіпкерді сотқа береді. Сот тараптардың дәлелін тыңдап, шешім шығарады. Яғни, барлық іске нүктені Сот қояды.
Мұның жазасы – екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру. Прокуратура қылмыс белгілерін таппаса, ол нақты дәлелмен ресми жауап береді.
Кейбір әріптестер «сотқа берді» деп жатыр екен. Мен сотқа арыз берген жоқпын. Тек азаматтық құқымды пайдаланып, белгіленген тәртіп бойынша прокуратураға арыз түсірдім. Рамиль Мухоряповтың кешірім сұраған видеосын көрдім. Бірақ факт тіркелгендіктен, оған деген біздің заң аясындағы тиісті реакциямыз да болуы тиіс».
Түйін: Әлеуметтік желідегі қарсылықтан соң Chocolife басшысы Рамиль Мухоряпов өз парақшасында халықтан кешірім сұраған видео жүктеді. Алайда, айтып алып, артынан кешірім сұраса, неге көз жұмып қарай береміз?
Оның сөзі 174-баптағыдай әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекет пе, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау ма?
Мұның анық-қанығын прокуратура тексеріп, жауабын жалпақ жұртқа жария етуі тиіс.