3 Маусым 16:53
...

АЭС – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің кепілі – сарапшылар

Фото:

Қазақстанда АЭС салудың артықшылығы қандай? Еліміз атом станциясы құрылысын бастауға дайын ба? Жоғары оқу орындарында сала мамандарын дайындау ісі қалай жүріп жатыр? Бұл тұрғыда «Инженерлер-энергетиктер одағы» заңды тұлғалар бірлестігі «АЭС – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің негізі» атты тақырыпта басқосу өткізіп, мамандар пікірін ортаға салды.

Электр станцияларының 90 пайызы тозған

   Сонымен, энергетика саласындағы басты мәселе не? АЭС-тің қажеттілігі мен маңыздылығы қандай? Семинар отырысының модераторы, Инженерлер-энергетиктер одағының директоры Марат Дулкаировтың айтуынша, бұл саланың халі мүшкіл. «Болашақта салуды жоспарлап отырған АЭС жетіспейтін электр энергиясын өндіру үшін еліміздегі энергетикалық жүйеге қосылады. Кез келген желі станциясы өте қиын жағдайда, бәрі ескірген. Кейбір нысандар 90 пайызға дейін тозған», – деді сарапшы.

«Енді не істеу керек? Қазір тарифті – салаға құйылған инвестиция деп айтады. Бірақ бұл қате ұғым. Меніңше, тарифті осы салада еңбек ететін адамдардың жалақысын көбейтетіндей деңгейде көтеру керек. Оның үстіне жұмыс істейтін адамдар да қалмады. Қазақстан бойынша жалақыны кем дегенде орташа деңгейге көтеріп, жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді орнында қалдыруға тырысу қажет. Міне, тарифті осы мәселені шешу үшін көтерген жөн», – деген Марат Дулкаиров орынды мәселе көтерді.

Сарапшының пікірінше, қалған тозығы жеткен нысандарға мемлекеттің қамқорлығы керек. «Оған мақсатты түрдегі мемлекеттік инвестициялар тартылуы тиіс. Ұлттық қордан қаражат бөлінсе, ол қажетті құрылғыларға жұмсалады. Сосын қаржының діттеген жерге жетуі үшін барынша қатаң бақылауда ұстау керек. Біз жүйелі жұмыстың нәтижесінде ғана саланы тығырықтан шығара аламыз. Әрине бұл мәселе саяси шешімді қажет етеді», – деді.

Айта кету керек, әлемнің дамыған елдерінде, Азияда, тіпті Африкада АЭС бұрыннан бар. Ал Қазақстан бұл мәселені 30 жылдан бері көтеріп келе жатса да, барлық мүмкіндігі болса да, АЭС салуды созып келді. Бұл тұрғыда мәселенің астарына үңілген маман: «Қазір бізге АЭС-тің қажеттілігі туралы талқылауды тоқтату керек. Энергетикалық баланс туралы айтатын болса, былтыр 16 500 мВт тұтынылды. Ал еліміз шамамен 15 200 мВт өндірді. Демек 1300 мВт-ты Қазақстан Ресейден алды. Ал оңтүстік өңірлерде тапшылық бүгінге дейін сақталып отыр. Оңтүстік өңірдің энергияны тұтыну көлемі – 4 200 мВт. Оның 50 пайызын оңтүстіктегі генерациялар өндіреді», –  деді.

Энергетика саласының маманы жаңартылған энергия көздері де түйткілді шешпейтінін айтады. «Электр сымдарына арналған техникалық ереже құжатында ең басында электр энергиясы сенімді, үзіліссіз және сапалы болу керегі жазылған. Жаңартылатын энергия осы үш көрсеткішке де сай болмай отыр. Алайда, энергетика саласына қатысы жоқ бәзбіреулер «АЭС емес, жаңартылатын энергия көздерін салайық, АЭС-ке көп қаражат керек» деген пікірін айтып қалады. Әрине, жаңартылатын энергия көзі де қажет. Бірақ ол қосымша құрылғылар есебінен өндірілгені дұрыс. Жаңартылатын энергия атом энергиясынан да қымбат», –  деп топшылады маман.

МАГАТЭ сарапшылары еліміздің АЭС салу мүмкіндігін оң бағалады

Ал «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин  АЭС салу жобасын іске асыру кезеңдеріне тоқталды. Былтыр атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында АЭС-ты Алматы облысының Үлкен ауылында салуға ұсыныс жасалды. Станцияның қуаты – 2800 мВт. Заң бойынша атом электр станциясы орналасын жерді үкімет шешімімен бекіту керек. Ондай шешім алдымен жергілікті өкілділік органымен келісілетіні анық. Ал 2022 жылы 15 қарашада Қонаев қаласына барып, Алматы облысының мәслихат депутаттарына барлық ақпаратты жеткізіп, мақұлдаған соң Үлкен ауылында қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы шешім қабылданды. 

 

«Айта кету керек, қазіргі кезде жергілікті және шетелдік ұйымдардың тарапынан АЭС-тың орналасатын жеріне қарай сипаттама жасау бойынша баға ұсынысы түсті. Осы ұйымдардың ішінде KHNP (Корея), Assystem (Франция), Қазақстанның жобалау және энергоөнеркәсіп институты, сондай-ақ ұлттық ядролық орталық бар. Бұған дейін қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом», француздық EDF пен кореялық KHNP коммерциялық ұсыныстарын жасаған. Қазақстан үкіметі атом реакторларын сумен суыту технологияларын қарастырып жатыр. Сол себепті осы төрт компанияның ұсыныстарын қарастыруға шешім қабылданды. Бұл жерде негізгі басымдық – қауіпсіздік. Яғни, біз экономикалық тұрғыдан жақсы көрсеткішке ие заманауи үлгідегі 3 және 3+ соңғы буын реакторын қарастырып жатырмыз», – деді «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

Қазақстанға наурыз айында МАГАТЭ сарапшылары келіп, атом электр станциясын салуға қаншалықты дайын екенімізді 19 бағыт бойынша саралады. МАГАТЭ-ның тәртібіне сәйкес, бұл жұмыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі өтті. Соның қорытындысы бойынша халықаралық сарапшылар Қазақстанның дайындығына жоғары баға берген-ді.

Тимур Жантикиннің пікірінше, биыл үкіметтің АЭС-тың орналасу аймағына қатысты қаулысы шығып, технологияны жеткізетін компания анықталса, 2025 жылы техникалық-экономикалық негіздеме де дайын болады.

«Сараптаманың оң қорытындысы шықса, техникалық-экономикалық негіздеме үкіметке жіберіледі. Осы құжаттың негізінде АЭС-ты салу туралы қаулы қабылданады. Бұдан кейін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстары басталады. Ал құрылыс жұмысы 2034 жылы аяқталса, бір жылдан кейін АЭС-ты пайдалануға бере алады»,  –  деп атап көрсетті Т.Жантикин.

«АЭС бізге не үшін керек?» деген сауалға «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің жауабы мынадай.

Біріншіден, өндірісті әртараптандыру керек болды. Біздегі өндірістің көбі көмір станциясы арқылы жұмыс істейді. Болашақта көміртегі компоненттерін қолдануға салынатын салық көлемі де артады. Оның үстіне бүкіл әлем жасыл экономикаға көшуді құптап отыр. Сондықтан бұл жүйеде мүмкіндігінше көміртегінсіз энергия көздерін дамыту көзделді.

Екіншіден, Қазақстан көп жылдан бері уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында, ал уран қоры бойынша екінші орында. 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да әлемде бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан бізде көмірге қарағанда уран қоры көп. Қазір уран арзан бағамен шетелге кетіп жатыр. Мұнымен қоса Өскемен қаласында ядролық отын өндірісі  бар. Кеңестік кезеңде бұл қаладағы нысан ядролық отын таблеткаларының 80 пайызымен қамтамасыз етті. Тіпті, сол уақытта әлемдегі қуатты өндіріс ошағына айналса да, кейін тоқтап қалды.

Атап айтқанда, дәстүрлі энергия көздеріне – көмір, мұнай, газ түрінен бөлек, су электр станциясы мен жаңартылған энергия көздерін және бұған атом электр станциясын қосуға болады. Әрине, бұл факторлар ғылыми-техникалық әлеуетіміздің дамуын көрсетеді. Соның ішінде атом энергетикасы – айтарлықтай жоғары технологиялы өндіріске жатады. Соңғы кезде ядролық медицина, изотопты технология кең танымалдыққа ие. Тіпті, қазір ядролық медицина орталығы жақсы дамып келеді. Мұның бәрі атом энергиясын пайдаланумен тығыз байланысты.

Алайда, баламалы энергия көздері – аса күрделі бағыт. Бұдан алынатын қуат көзі де тұрақты емес. Генерация да үздіксіз жұмыс істей алмайды. Былайша айтқанда, күн, жел энергиясы ауа райының құбылмалығына байланысты. Мәселен, күн бұлтты болса, жел тұрмай қалса, не істейміз? Бұл кезде күн батареясы істен шығып қалады. Сондықтан энергия жинақтау қоры бірқалыпты болмайды. Бір сөзбен айтқанда, мамандар  баламалы  энергия көздері өте қымбатқа түсетінін айтуда. Ал атом станциясы базалық генерацияны толықтай қамтамасыз етеді.

АЭС: Экономика мен ғылымды дамытады

Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директоры орынбасары Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, станциялардың тозуына және энергия тұтыну көлемінің артуына байланысты тапшылық болады деген болжам бар.

Ол «Қазақстанның атом электр станциялары» зерттеу жүргізіп, алты әлемдік өндірушінің 13-тен астам технологиясын қарастырғанын, оның ішінде төрт өндіруші Қазақстанда пайдалануға ең қолайлы болып таңдалғанын атап өтті. «Әлемде жеңіл су сияқты реакторлық технологияларды өндірушілер көп емес. Қазіргі уақытта Қазақстанда атом электр станциялары жұмыс істемей тұрғандықтан, біз үшін бірінші кезеңде пайдалану тәжірибесі бар эталондық технологияларды қарастыру әлі де қолайлы болады. Біз қарастыру үшін қуаттылығы жоғары жеңіл су реакторларын таңдадық. Қазақстан технология қауіпсіздігіне назар аударады»,  – деп түйіндеді пікірін Г.Мұрсалова.

Айта кету керек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршамыз білеміз. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс» деп энергетика саласын сынға алып, мәселені тез арада шешуге тапсырма берген.

Әлемде 430-ға жуық АЭС жұмыс істеп тұр. Оңтүстік Кореяда 26, АҚШ-та 142, Жапонияда 52 атом реакторы бар. Сол сияқты Франция электр энергиясының 80 пайыздан астамын АЭС арқылы қамтамасыз етіп отыр. Соңғы кезде салынып жатқан станциялардың қауіпсіздігі өте жоғары. Қазақстан да тек қана жаңа буынды 3+ реакторын қарастыруда. Ең бастысы, болашақта АЭС арқылы экономика да, білім мен ғылым да, әлеуметтік сала да сапалы деңгейге жетеді дейді мамандар.

Тегтер: