АЭС-тің жыры: Ресей тізеге басып отырған жоқ па?

Бүгін Алматыда «Қазақстандағы АЭС құрылысының экономикалық аспектілері. Энергия қауіпсіздігі мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Мұнда жиналған экономист сарапшының көпшілігі елімізде АЭС салу мәселесін тездетіп шешу керектігін баса айтты.
Алайда, әзірге нақты жобаның қаңқасы ғана бар. Реактор жеткізушісі қай мемлекет болатыны да белгісіз. «Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін қарастыру» туралы баяндама жасаған «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, еліміздегі алғашқы атам электр станциясы 2035 жылға қарай пайда болуы мүмкін.
«Дайындық жұмыстарының кезеңі шамамен бес жыл болады. Бұл уақытта ТЭН мен ЖСҚ әзірленеді. АЭС құрылысының негізгі кезеңі алты жылдай болады. Жобаны іске асыру мерзімі шешім қабылданған күннен бастап шамамен 10-11 жылды алады.
Бүгінде әлем бойынша 441 атом электр станциясы жұмыс істейді. АЭС 32 елде бар, олардың ішінде АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көш бастап тұр. Алдағы уақытта алғашқы АЭС Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркияда пайда болады. Бұл тізімге Қазақстан да қосылуы мүмкін», – деді ол.
Мамандар алғашқы энергоблокты энергия нысанын салу үшін белгілі бір дайындығы бар Балқаш ЖЭС жобасының алаңын таңдап отыр. Қазір мұнда жабдықталған жұмысшылар кенті тұрғызылып, ауыз су дайындайтын өнеркәсіптік қондырғы салынған.
Бұдан бөлек, алаңды тегістеу жұмыстары жүргізіліп, негізгі жабдық пен су жинағыш үшін іргетасы аяқталмаған шұңқыр қазылып қойған. Дәлірегінде, 110/10 кВ ашық тарату құрылғысы салынып, оған құрылыс алаңын электрмен жабдықтау үшін 10 трансформаторлық қосалқы станция жүргізіліпті. Соған қарағанда, дайындық жұмысы басталып та кеткен. Тек Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан 6 вендордан түскен техникалық-коммерциялық ұсынысты қарап, бір тоқтамға келу ғана қалған сияқты.
Марат Дұлқайыров, ҚР инженер-энергетиктер одағының директоры:
Кеңестік кезеңнен келе жатқан құралдар апатты жағдайда тұр
– Бұл мәселені 1998 жылдан бері айтып келемін. Ендігі елімізде АЭС салынып жатуы керек еді. Одан бері тек сөз жүзінде ғана айтып келеміз. Әсіресе, еліміздің оңтүстігі энергия тапшылығын сезініп отыр. Кеңестік кезеңнен келе жатқан құралдар апатты жағдайда тұр. Олар әрі кетсе, он жыл ғана жұмыс істейді. Сосын оған ешқандай жөндеу жұмысы да көмектесе алмайды. Мына келіссөздер енді қанша жылға созылуы мүмкін? Бос әңгімені қысқартып, тезірек құрылысты бастау қажет.
Қазақстанда энергияның 70 пайызы көмір арқылы қамтамасыз етіліп тұр. «Париж келісіміне» сәйкес, екі жылдан кейін трансшекаралық көмір салығы енгізіледі. Сосын біздің экономика бәсекеге қабілетсіз болып шыға келеді. Ал бізде газ жоқ. Айналып келгенде, АЭС салу – ең ұтымды шешім. Және оны еліміздің солтүстік, батыс, оңтүстік өңіріне де салу қажет. Себебі, біздің облыстардың арақашықтығы алыс.
Алмас Чукин, экономист:
Бір ғана АЭС Қазақстанның энергия тапшылығын шешпейді
– АЭС жұмысын қандай энергия көздері алмастыра алады десек, су, күн, жел, көмірді айтамыз. Сәйкесінше, көмір бойынша ескі станцияларды модернизациялаудан өткізуге болады. Ал жаңасын салуға енді кеш. Сондықтан қайсысы тиімді, соны ескеру қажет. Алайда, жобаның экономикалық жағын ойлау керек. АЭС салу өте қымбатқа соғады. Одан кейін электр қуаты да айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Өз басым мұны қолдасам да, АЭС Қазақстанның энергия тапшылығын түбегейлі шешпейді. Бұл тек алғашқы қадамы болуы мүмкін. Бәлкім, біреуін салған соң, екіншісі, үшіншісі салынатын шығар. Бірақ дәл қазір басты шешім емес.
Ал газға келсек, бізде өз газымызды өндіру үшін 5-6 жыл керек. Оған дейін Түркіменстан, Өзбекстаннан импорттауға болар еді. Меніңше, АЭС-тен гөрі газ электр станциясы тез салынады. Әрі кетсе, 2-3 жыл. Екінші, көмір станцияларын модернизауиялаудан өткізу қажет. Көмір қоры 20-30 жылға жетеді. Әзірге жаңа энергетиканы дамытқанша, сол ескіге де қолдау көрсету керек.
Әлемде АЭС салатын 5 мемлекет бар. Таңдау мүмкіндігі көп емес. АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония, Ресей. Маған АЭС-ті кім салатыны емес, ақшаны кім төлейтіні қызық. 13-15 млрд АҚШ доллары оңай ақша емес. Егер мұны мемлекет қолға алса, бұл өте қымбатқа түседі.
15 млрд доллар деген – Ұлттық қордың төрттен бірі. Ал бізде бұдан да өткір мәселе көп. Бәлкім, мемлекетаралық несие арқылы салу керек пе, білмеймін. Мысалы, Франция салатын болса, жеңілдікпен несиеге салып, кейін есептессе. Алайда, қалтаңнан 15 млрд долларды шығарып беріп, жобаға инвестиция құя салу миға сыймайды. Оның үстіне жоба 12 жылдан кейін, яғни 2035 жылы ғана пайдалануға беріледі. Сондықтан қаржылық жағын шешіп алу керек.
Алмаз Әбілдаев, PhD, «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры:
Қазір энергия көзінің 70 пайызын көмірден алып отырмыз
– АЭС-тің жұмыс істеу өтілі 80 жыл деп есептеледі. 20-25 жыл қарыздардан құтылсақ, қалған 50 жыл өзімізге жұмыс істейді. Сондықтан үшінші, төртінші буындағы АЭС салыну керек деп санаймын. Тіпті, екі энергоблок қана емес, энергия тапшылығы басым өңірлерге де салынуы қажет. Уран экспорттау жағынан алдыңғы қатарда бола тұрып, өзінің АЭС-ін салмау логикаға қайшы. Мұны ауқымды түрде ойлау керек. Егер Беларусь, Өзбекстан мемлекетінің әдісін таңдасақ, яғни тікелей қаржыландыруды мемлекет мойнына алса, ең ұтымды шешім сол болар еді. Сонда бәрі ашық, шынайы түрде жүзеге асады. Ал оның бағасы қанша тұратыны он бес жылдан кейінгі әңгіме.
Қазір қай елдің рекаторын таңдаймыз, қай мемлекет салатыны талқыланып жатыр. Жапония реакторын таңдасақ, атом станциясын салу 25 млрд АҚШ доллары тұрады. Бұл кезде энергия құны да соғұрлым қымбат болады. Егер Ресей салса, оның құрылысына 12-14 млрд доллар кетсе, бағасы да сәйкесінше арзан. Тағы бір мәселе, сол мемлекеттер 50 жылдан кейін АЭС-тан бас тартуы мүмкін бе, жоқ па, сол кезде ядролық отынды кім дайындайды, мұны да ескеру керек.
Ашығын айтсақ, Жапония 44 млрд долларға, Франция 42 млрд, Ресей 25 млрд долларға салып береміз деді. Бірақ оның шешімін нақты билік айтады. Негізі, мемлекет өзі кепілдігін алып, қаржыны төлеуі керек. Оған еліміздің мүмкіндігі бар. Бұл мәселені талқылап жүргенімізге бір жарым жыл кетті. Ал жобаның өзі 2023 жылы ғана бітеді.
Кеңестік кезеңнен келе жатқан дүниелер ескіріп жатыр. Алдағы уақытта жарық жиі сөнетін болады. Ал бізді жел, күн энергиясы құтқара алмайды. Қазір энергия көзінің 70 пайызын көмірден алып отырмыз. Бір айта кетерлігі, бұл балама көзін де дамытуымыз керек. Бір жаңа ТЭЦ салуға әрі кетсе үш жыл кетеді. Бір емес, бірнеше балама көздің артығы жоқ.
Түйін: Сонымен, бүгін бұл мәселе Алматыдағы талқылаудан бөлек, елордада да сөз болды. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасы Балқаш маңына салынуы мүмкін деді.
«Стансаның қуаты шамамен 2,4 ГВт болады. Оны орнату аумағына келсек, Балқаш таңдалатын шығар. Өйткені, бұл аумақ баяғы кеңес заманынан бері жіті зерттелген. Дегенмен, нақты құрылыс аумағы мен технологиялары жөнінде бір тоқтамға келген жоқпыз», – деді Болат Ақшолақов.
Айта кетейік, 13 мамырда Энергетика министрі АЭС құрылысы бойынша зерттеу жыл соңына дейін жалғасатынын айтқан еді. Сондай-ақ, Қазақстанға АЭС салуы мүмкін 4 мемлекет белгілі болды. Бірақ мамандар пікірінің астарына үңілсек, «Баға жағынан да, басқа жағынан да бізге Ресей ғана қолайлы» деген тоқтам бар сияқты.