17 Қараша 16:54
...

Дамир Егізбаев: Көрші елдерге ет-сүт өнімдерін экспорттауға әлеуетіміз жеткілікті

Фото:

Адамзаттың саны артқан сайын ауыл шаруашылығының да орны ерекшелене бермек. Қазірдің өзінде сарапшылар алдағы уақытта аграрлы елдердің болашағы жарқын болатыны жайында болжам айтып жатыр. Дүниежүзінде экономикалық белсенді халықтың 46 пайызы осы салада еңбек етеді екен.

Ауыл шарашылығын өркендетуге еліміздің потенциалы зор. Жеріміз құнарлы, жайылымдық жеріміз кең. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Дамир Егізбаев осы саланың дамуы барысы жайында NEGE-ге сұқбат берді.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба қандай нәтиже берді?

– Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 732 қаулысымен бекітілді.

Ұлттық жобаның негізгі мақсаттары – еңбек өнімділігінің 2,5 есе өсуін қамтамасыз ету, өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, өнім экспортын 2 есе ұлғайту, сондай-ақ 7 ірі экожүйені қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету және 1 млн ауыл тұрғындарының табысын арттыру.

Сонымен қатар, ұлттық жоба 4 тапсырманы, 22 нәтиже көрсеткішін және 77 іс-шараны қамтиды.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан шара ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2022 жылы 9,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп (4,5 трлн теңге).

Өсімдік шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2022 жылы 5,8 трлн теңге болды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп (2,4 трлн теңге).

Мал шаруашылығы өнімінен 3,7 трлн теңге түсті. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп (2,1 трлн теңге).

2022 жылы Азық-түлік өндірісі 3,1 трлн теңге және соңғы 5 жылда 5,3% - ға өсті (2018 жылы – 2,9 трлн теңге).

Инвестицияларды тарту есебінен ауыл шаруашылығында бір жұмыспен қамтылғандарға Еңбек өнімділігі жыл сайын артып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Еңбек өнімділігі 4,6 млн теңгеге жетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 2,2 есе көп (2,1 млн теңге).

АӨК өнімінің экспорты 2022 жылы 5,6 млрд АҚШ доллары болды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 1,8 есе (3,1 млрд теңге) жоғары. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының көлемі 2,3 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл 2018 жылғы деңгейден 2,1 есе көп (1,1 млрд АҚШ).

Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығында бір жұмыспен қамтылғандарға еңбек өнімділігі 4 608,2 мың теңге болды. Бұл номиналды мәнде 2021 жылғы деңгейден 37,5%-ға артық (2021 жылы-3 350,7 мың теңге).

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 960 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасымен ұлттық жобаның көрсеткіштері мен іс-шараларын интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілді.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 22 қыркүйектегі № 828 қаулысына сәйкес, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 732 қаулысының 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күші жойылады.

– Қазақстанда мал басы көбейді. Етті экспортқа шығара бастадық. Бірақ кейбір сарапшылар шикізат емес, дайын ет өнімдерін шығару қажет екенін айтады. Министрлік осы бағытта қандай жұмыс жүргізіп жатыр?  

– Статистика деректері бойынша 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім байқалады:

ірі қара мал басы 2,9%-ға 8,9 млн-нан 9,2 млн. басқа дейін.

ұсақ мал басы 3,4%-ға 23,4 млн-нан 24,2 млн. басқа дейін.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте шұжық өнімдерін өндіру 49,3 мың тоннаға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен (9 ай) салыстырғанда 2,7%-ға артық (2022 ж. – 48 мың тонна).

Дайын және консервіленген ет және ет қосалқы өнімдерінің өндірісі 88,1 мың тонна болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен (9 ай) салыстырғанда 5%-ға артық (2022 ж. – 83,9 мың тонна).

365,8 мың тоннаға жуық сиыр еті өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық (2022 ж. 8 айы бойынша – 358,5 мың тонна). Қой етінің өндірісі – 104,3 мың тонна. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға артық (2022 ж.8 айы бойынша 101,3 мың тонна).

Меншікті қайта өңдеуді дамыту және малды жаппай әкетуді болдырмау үшін қазіргі уақытта Қазақстан аумағынан ірі қара мал және оның аналық басын әкетуге уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ тірі ірі қара мал және ұсақ малдарды ел аумағынан әкетуге сандық шектеулер (квоталар) белгіленді.

Жалпы, министрлік АӨК өнімдерінің экспорт көлемін ұлғайту үшін импорттаушы елдердің фитосанитариялық және ветеринариялық талаптарын келісу, жеткізушілердің шетелдік тізілімдеріндегі қазақстандық кәсіпорындардың тізбесін кеңейту бойынша тұрақты негізде жоспарлы жұмыс жүргізуде.  

– Қазір Украинадағы соғыстың кесірінен әлемде азық-түлік дағдарысы, әсіресе, дәнді дақылдар дағдарысы байқалады. Қазақстанның бұл мүмкіндікті пайдалануға қауқарлы ма?

– Биылғы жылдың қолайсыз ауа райының жағдайына байланысты егін көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір аз. Сонымен қатар, жиналған егіннің елеулі бөлігі сапасы жағынан төмендеу болып келеді.

Осыған қарамастан жиналған астық, былтырғы жылдардағы қорлармен бірге ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Астықтың қалған бөлігін дәстүрлі нарықтарға экспорттауға қауқарымыз бар.

Жалпы алғанда, еліміз – өңірдегі негізгі астық пен ұнның жеткізушілерінің бірі. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шикізаттық экспорттан арылып, өңделген өнім үлесін арттыру, сыртқы нарықтарға ілгерілету міндеті қойылған. Атап айтқанда, көрші елдерге ет-сүт өнімдерін, астықты тереңдете қайта өңдеу өнімдерін экспорттауға әлеуетіміз жеткілікті. Осыған орай Министрлікпен аталған бағытта тиісті шаралар жүргізілуде. 

– Соңғы кездері заңсыз жекешелендірілген ауыл шаруашылық жерлері мемлекетке қайтарылды. Бұл жерлер енді қалай пайдаланылады? Сатуға шығарыла ма, әлде басқа мақсаттарға пайдаланыла ма?Жалпы, жер қатынастары қазір қалай реттеліп жатыр?

– Жер учаскесін беру немесе жер пайдалану құқығын табыстау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.

Осыған орай, әкімдіктермен мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылық жерлер, алдымен елдімекен шегіне жақын орналасқан жайылымдар ең алдымен ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылығындағы ауыл шаруашылық жануарларын жайылымдармен қамтамасыз ету мақсатында беріліп жатыр.

Сонымен қатар, әкімдіктермен қайтарылған жерлерді ауылшаруашылық айналымына енгізу үшін, жер алып шаруашылықпен айналысуға ниет білдірген азаматтардың сұраныстарын ескере отырып сауда-саттыққа, яғни конкурсқа шығарылатын болады.  

2021 жылғы 30 маусымда жерді ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылаудың бірыңғай вертикалын құруды көздейтін жер қатынастарын дамыту мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Соның нәтижесінде жер беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды. Ал әкімдіктердің жерді беруі мен пайдалануын және жер иелері мен жер пайдаланушылардың жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар аумақтық департаменттерді құру арқылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 5 сәуірде жер қатынастары саласын жетілдіру аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды.

Аталған Заңмен, кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастары саласындағы қағазсыз қызмет көрсетуді, жер учаскелерін беруді коммуналдық қызметтермен келісу рәсімін автоматтандыру, бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жою және тағы да басқа өзгерістер енгізілді.

Бұдан бөлек, жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген «Қазақстан Ресубликасы кейбір заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қазіргі уақытта Қазақстан Республика Мәжілісі Парламентінің қарауында.

– Ауыл шаруашылығында су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Су үнемдейтін технологияларды Қазақстанға көптеп жеткізудің тетіктері жасалды ма? Бұл технологиялар қаншалықты қымбат тұрады?

– Соңғы жылдары жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстарының тапшылығы және оның жағымсыз салдары экономиканың көптеген салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында, әсіресе суармалы егіншілікте сезіліп отыр.

Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру перспективалары суды үнемдейтін суару технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты екенін атап өткен жөн, бұл суды тұтынуды азайтуға, сондай-ақ су және қоректік заттарды тікелей беру арқылы өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Су тапшылығының күшеюі жағдайында суармалы егіншіліктің тиімділігін арттырудың негізгі жолдарының бірі суды үнемдейтін суару технологияларын кеңінен қолдану болып табылады.

Осыған байланысты Министрліктің қызметі аясында су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.

Қазіргі кезде бұл қағидаларға бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Оның ішінде атап өтетін болсақ фермерлердің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 80 пайызға дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда.

Екіншіден, ҚР-да жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мәселен, «BNK Leasing» ЖШС Түркістан облысының Кентау қаласында «BNK Irrigation» брендімен жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Жобаның жалпы сомасы–  2 млрд теңге.

Бүгінгі таңда 30 жаңбырлатқыш машина шығарылды. Сонымен қатар 50 жаңбырлатқыш машинаның құрамдас бөліктері 2023 жылдың соңына дейін жеткізіледі деп күтіліп отыр. 400 метрлік бір жаңбырлатқыш машинаның орташа бағасы – 80 000 доллар.

Сондай-ақ, 2023 жылдың қазан айында «BNK Group ltd» ЖШС Жамбыл облысындағы өндірістік қызмет көрсету орталығын салды. Онда тамшылататын лента мен лайфлеттердің өндірісі, сондай-ақ сорғы станцияларын құрастыру жолға қойылады.

Бұдан өзге, израильдік «METZERPLAS» компаниясы тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр.

Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады. Мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өз Жолдауларында әрқашан су ресурстарын есепке алуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты субсидиялау механизмін жетілдіру жұмысы аясында тиісті Қағидаға бастап су бөлу нүктесінде есепке алу аспаптарының не өлшеу құралдары мен құрылғыларының болуы туралы өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар, суару әдістеріне байланысты су беру бойынша субсидияларды кезең-кезеңмен саралау бөлігінде өзгеріс енгізілді.

Яғни, енді дәстүрлі әдіспен суаратын диқандар су үнемдейтін технологияны пайдаланатындарға қарағанда субсидияларды 2 есе аз алатын болады. Бұл өзгерістер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

– Жері кең Қазақстанның аграрлық державаға айналуы мүмкін бе?

– Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені (АӨК) ірі қара мал үлкен даму әлеуетіне ие. Мемлекет тарапынан саланы қолдау бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Биылғы жылы мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 434 млрд теңге болды. Оның 200 млрд теңгесі қаржы құралдарына жұмсалады.

Импортты алмастыру және экспортты ұлғайту мақсатында Министрлік облыстардың әрбір әкімдігімен инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасын бекітті. Оның негізінде 2023-2026 жылдарға арналған жобалардың жалпы пулы қалыптастырылды. Онда 2,7 трлн сомаға 36 мыңға жуық жұмыс орнымен қамтитын, 883 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Осы жобаларды іске асыру үшін Солтүстік Қазақстан облысының сүт-тауар фермаларын қаржыландыру жөніндегі тәжірибесі жалғасатын болады және құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, етті мал шаруашылығы жобаларын, қайта өңдеу және суару кәсіпорындарын салуға таратылатын болады. Биылғы жылдың өзінде бұл мақсаттарға 100 миллиард теңге бөлінді. Бұл шамамен 65 тауарлық-сүт фермасының құрылысын қаржыландыруға және соның салдарынан сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2024 жылы осы мақсаттарға 100 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.

Экспорттық нарықтарды ашу, ветеринариялық және фитосанитариялық шектеулерді алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын ескере отырып, қазіргі уақытта АӨК-ні дамытудың 2030 жылға дейінгі қолданыстағы Тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, АӨК-ні дамыту жөніндегі міндеттерге қол жеткізу үшін қосымша ынталандыру шараларын көздеу жоспарлануда:

– ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру;

– сапалы тұқыммен қамтамасыз ету;

– ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту;

– қайта өңдеу саласын, оның ішінде жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруді дамыту.

Орта мерзімді перспективада қабылданатын және жоспарланатын шаралар АӨК өнімі өндірісінің өсуін қамтамасыз етуге, экспортты ұлғайтуға және АӨК еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: