300 млн теңгені үптеп кеткен хакерлердің қылмысы қалай ашылды?
Көктемнің алғашқы айының соңында ірі АҚ-ның есепшотынан 300 млн теңге ұрлаған интернет-қылмыскерлердің іс-әрекеті белгілі болды.
Алматылық хакерлер ресейлік сыбайластарымен бірігіп, қылмыстық топ құрған. Күдіктілер АҚ-ның интернет-ресурсында басқа адамдардың атынан 14 жалған аккаунт тіркеп, сол арқылы ұйымның ақпараттық төлем жүйесіне кірген.
Бұл туралы Nege.kz тілшісіне ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов түсініктеме берді.

– Тергеу департаменті ірі АҚ-ның 300 млн теңгесін ұрлаған қылмыстық топқа қатысты істі тексеріп жатыр. Үш күдікті анықталып, қамауға алынды. Бұл үшеуі Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Олар ресейлік хакерлермен бірігіп, АҚ-ның интернет-ресурсына тіркелген және төлем жүйесіне кіруге мүмкіндік алған.
Бұдан әрі олар транзакцияны көшіріп, сол арқылы ақшаны Қазақстан мен Ресейдің екінші деңгейдегі банктерінде ашылған карталарға және қазақстандық байланыс операторларына тіркелген абоненттік нөмірлерге жіберіп отырған.
Күдіктілер аймақтағы бөлімшелерге телефон соғып, өздерін «ІТ бөлімінің мамандарымыз» деп таныстырған. Бағдарламаны өзгертеміз деген желеумен олар заңсыз ақша аударымдарын жасаған. Оны қолма-қол ақшаға ауыстырып, биткоиндар сатып алған, – дейді С.Әділов.
Департамент басшысының айтуынша, қылмыстық істі тергеу Ресейдің құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізіліп жатыр.